
Өңірімізге гастрольдық сапармен келген Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахна саңлақтары қызылжарлық жастармен кездесті.
Аталмыш шара Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өтті. Республикаға танымал сахна шеберлері Лидия Кәденова, Күләш Қажығалиева, Сағат Жылгелдиев және жас әртіс Гүлбаһрам Байбосынова балалардың сұрақтарына жауап беріп, өмірлік ұстанымдары мен жетістікке жетудің жолдарымен бөлісті.
Заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің есімімен аталатын театр келесі жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтпек. Дүбірлі той қарсаңында өңірімізге ат басын тіреген алматылық сахнагерлер Ғабит Мүсіреповтің соңында қалған ұрпақтарымен сұхбаттасуды да мақсат тұтқан екен. Сондай кездесудің бірі кітапханадағы іс-шараның аясында өтті. Жиынға жазушының немере келіні Бикен Сералина мен немере қарындасы Мәнсия Махмұтова келді. Әңгіме барысында тарту-таралғыларын ұсынған олар Ғабит Мүсіреповтің фотосуреттері мен пайдаланған көзілдірігін кітапханаға табыстады. Театр саңлақтары да қонақкәделерін ұсынды. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасына театрдың тарихы жайлы кітапты табыс етті.
Саналы өмірлерін сахнаға арнаған әртістер жасөспірімдерге өмірбаяндарымен қоса, театрда бастарынан өткен қызықты жағдайларды айтып, балалардың өнерге деген қызығушылығын оятуға тырысты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күні кеше ғана Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында қойылған “Қозы көрпеш-Баян сұлу” спектаклінде Қарабайдың рөлін сомдаған Сағат Жылгелдиев көрермендерге әннен шашу шашты. Әмина Өмірзақова сынды танымал актрисалармен қызмет еткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күләш Қажығалиева болса гастрольдық сапарлар кезінде бастан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісті. Бұл әңгімеден Лидия Кәденова да шет қалған жоқ.
– Мен театрға келгенде жасым 29-да еді. Өмірімнің 40 жылы театр сахнасында өткен екен. “Қаладан келген қылжақпас” деген спектакльде Қазақстанның халық әртістері Байділда Қалтаев, Сәлима Саттарова, Әмина Өмірзақовамен ең алғашқы қадамымды жасадым. Ол кезде олар әбден ысылған, елге танылған актерлер. Сахнаға шығарда қалш-қалш дірілдеп, сөзімді ұмытып қаламын ба деп уайымдағаным әлі есімде. Жаңағы спектакльде мен ауылдан келген қыздың бейнесін сомдадым. Қалаға келіп, бір жігітке ғашық болады. Бірақ ауылдағы жігітіне күйеуге шығады. Осы спектакльмен ауылға гастрольдық сапарға бардық. Сонда кешкісін шай ішіп отырсақ, ауылдың ақсақалы теріс қарап отыр. Спектакль көңілінен шықпады ма деп ойладым. Сөйтсем, ақсақал мен сомдаған кейіпкердің ауыл жігітіне тұрмысқа шыққанын құп көрмеген екен. Кәдімгідей маған ренжіп: “Қаланың жігіті дұрысталды ғой, соған неге шықпадың?” – деп көпке дейін өкпесін тарқатпады, – деген Лидия Кәденова жиналғандарға Фариза Оңғарсынованың ана, махаббат турасында жазған өлеңдерін оқып берді.
Константин Станиславский: “Актер – халық қызметшісі” деп тегін айтпаса керекті. Оның дәлелін Лидия Кәденованың әңгімесінен-ақ байқауға болады. Өмірлік серігінен айрылып, аза тұтып жатқанда да күні бұрын жоспарланып қойған спектакльді ысыра алмай, рөлін сомдағанын айтып, ағынан жарылды. Ол спектакль “Келіндер көтерілісі” деген комедия болған екен. Жүрегі жылап тұрса да, сахнада комедиялық образды сомдап шыққан. Актрисаның өмірі жайында жазылған Петр Градовтың “Актриса” атты өлеңін оқыған тұсында көзіне жас алмаған көрермен болмаған шығар. Жиналғандарды күлдірте де, жылата да алған Лидия Кәденованың актерлік шеберлік туралы әңгімелерін тыңдап отырып, “Ревизорды” жазған Гогольдің: “Зал түгел тебіреніп, түгел жылап, жұрттың бәрінің көзінен парлатып жас ағызса, қыран-топан болып күлсе, онда театрға артқан үміттің ақталғаны. Театр дегеніміз – халыққа көптеген ізгі жайларды айтып бере алатын мінбе”, – деген сөзі есіме оралды.
Сахнагерлермен тілдескен оқушылар мен студенттер оларға сұрақтарын қойып, естелік суретке түсті. Ең бастысы кездесуге келген жастар қоғамның рухани жетілуіне көмектесетін театр өнері жайында толық мағлұмат ала алды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.