«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНА СӘНІ

Алтынгүл Сәдуова ­­­Петропавлдағы өнер колледжінде эстрадалық ән мамандығы бойынша төртінші курста білім алады. Дарынды өрен жүректі тебірентер әсем дауысымен талай сахнаның сәнін келтіріп жүр. Алтынгүлдің отбасы да өнерге біртабан жақын адамдар. Сондықтан да болар, ол мектеп қабырғасынан түрлі концерттерге қатысып, ән айта бастаған. Кейін облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығына барып, “Айналайын” ансамблінде Ботагөз Мәметовадан тәлім алған. Асқақ арманының жетегіндегі өрен біртіндеп үлкен сахналарға да шыға бастады.

Оның өнер жолында екі жылға жуық құрамында ән шырқаған “Асу” тобының алатын орны ерекше. Жұлдыз Тілеулина, Дина Жұмекеновалармен бірге құрған қыздар тобы облыстағы бірқатар концерттер мен мерекелік іс-шаралардың сәнін келтіргені сөзсіз. Талантты қыздардың репертуарын негізінен қазақ тіліндегі эстрадалық әндер құрады. Әрқашан ізденіс үстіндегі Алтынгүл топтан жеке де өнер көрсетіп, байқаулар мен фестивальдарда бағын сынап жүр.

Талантты қыздың бағындырған шыңдары жайлы да ауыз толтырып айтуға болады. 2016 жылы облыстық “Мамыр жұлдыздары” байқауында патриоттық және майдан тақырыбындағы әндерді орындап, лауреат атанды. Бұл жеңісі оны үлкен шыңдарға жетелеп, шабыттандырса керек, көп ұзамай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Талантқа толы туған өңір” жобасы бойынша өткен “Жас қанат – 2017” байқауының облыстық кезеңінде, Астана қаласында өткен балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына арналған халықаралық “Қазақстан таланттары” фестивалінде “Эстрадалық ән айту” аталымы бойынша топ жарса, Қарағанды қаласындағы ІІІ халықаралық “Ақ сұңқар” фестиваль-байқауында 19 бен 23 жас аралығындағы өрендердің арасында бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сол жолы Алтынгүлдің ұстазы Әділ Нұриахметов те жоғары кәсібилігі мен педагогикалық шеберлігі үшін дипломмен марапатталды. Өнерлі ару былтырғы жылды да табысты қорытындылады десек болады. Өйткені, жыл соңында Алматы қаласында өткен республикалық “Жастар жаққан жұлдыз” байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 500-ден астам үміткердің арасында өнері жоғары бағаланып, жүзден жүйрік атанды.

Өнер жолын сәтті бастаған Алтынгүлдің алдына қойған жоспары да көп. Алдағы уақытта шетелдерге гастрольдік сапарлармен шығуды көздеген ару колледжді тамамдаған соң білімін жоғары оқу орнында жалғастыруға ниетті.

– Қазақ, орыс, тіпті, итальян, украин, татар, өзбек, тағы басқа тілдердегі әндерді орындағанды жақсы көремін. Мәселен, Лара Фабианның репертуарындағы “Adagio”, татар тіліндегі “Татар елі”, тағы басқа әндерді жиі шырқаймын. Әннің әуені мен сөзіне баса назар аударамын. Дауыс ырғағыма сай келетін ән болса, неге орындамасқа?! – дейді Алтынгүл.

Облыстағы мәдени шаралардан тыс қалмайтын Алтынгүл қайырымдылық кештеріне де қатысады. Мәселен, “Солнечный дом” қоғамдық қоры ұйымдастырған жаңажылдық концерттік бағдарламада өнер көрсетіп, балғындарды шаттыққа бөлеуге үлес қосқанын үлкен мақтанышпен ауызға алады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp