«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНА СӘНІ – БИШІЛЕР

Облыстық филармонияның жаңа маусымы ашылды. Сахна шымылдығын түру ұжым құрамындағы бишілерге бұйырды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысып, шығармашылық ұжымдарды құттықтады.

Би өнері қимыл-қозғалыс арқылы нәзіктікті, сұлулықты түсінуге жетелейді. Би әлемінің өзіндік тілі мен табиғаты ерекше.

Ұлттық құндылықтарды насихаттауға негізделген “Рухани жаңғыру” бағдарламасының негізгі идеясы өнер түрлерін дамыту болып табылатынын айтқан Мадияр Дүйсенбайұлы өңірдегі мәдениеттің дамуына тоқталып, жаңа маусымның шымылдығын ашқан облыстық филармонияның би ұжымдарына табыс тіледі.

Салтанатты шарада “Туған жер”, “Мәңгілік”, “Әдемі-ау” би ансамбльдерінің өнерпаздары мың бұрала би билеп, көрермендерді тамсандырды. Әсіресе, “Әдемі-аудың” орындауындағы корей биіне көпшілік жоғары баға берді. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстан халқы бірлігінің дәлеліндей сахна төрінде көптеген этностардың билері орындалды. Қазақ, корей, украин, өзбек, орыс, башқұрт, түрік, армян, араб, румын билері көрермендерді шабыттандырды. Қазақтың “Қара жорға” биіне де көрермен қауымның делебесі қозды.

Сахна сәніне айналған мың бұралған бишілерді баптайтын өнер майталмандары Ольга және Михаил Лахтиндер, Расима Сучкова мен Максим Танков сияқты мамандардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Жаңа маусымда көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлап, репертуар қоржынын тың туындылармен толықтыруды көздеген би ұжымдарына облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp