«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНА СӘНІ – СЕГІЗ СЕРІ ӘНДЕРІ

Қызылжарда 25-26 қазан күндері Сегіз сері атындағы І-ші республикалық “Гауһартас” фестивалі өтетіні өнерсүйер қауымды, соның ішінде, осы жолдардың авторын да толғандырып жүрді. Өнер тақырыбында қырық жылдан бері қалам тарта жүре, біздің өңірімізде төрт құбыламызды түгел тоғыстырған мұндай дүбірлі доданың өтпегенін жақсы білемін. Осы оқиғаның арқасында халық аспаптарының үні жүрегімізге ұялап, әндерден, әсіресе, Сегіз серінің туындыларынан құлағымыздың құрышы қанып, бір жасап қалдық.

Осы фестивальдың өңірімізде шаңырақ көтеруіне өңір басшысы Ерік Сұлтановтың ұйытқы болғанын естіген жұртшылық айрықша риза болғанын естіп, біз де қуандық.

Фестивальдың алғашқы күнінде – 25 қазанда Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасы алдымен фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерге бұйырды.

Алайда, алдымен “Ауылдың алты ауызы” бар емес пе? Олай болса, сахнаға облыстық филармонияның Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі шығып, әншіміз Нұрсұлу Ахметжанова Сегіз серінің “Гауһартас” әнімен шымылдықты ашты.

Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенованың фестивальға қатысушыларға жеткізген ақжолтай тілегінен соң Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бұрынғы дирижері, Қазақстанның халық әртісі, Алматыдан осы өнер тойына арнайы келген Алдаберген Мырзабеков пен жерлесіміз, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев тыңдаушыларды да, байқауға қатысушыларды да құттықтады. А. Мырзабеков Сегіз сері атындағы оркестрдің дирижері Қайырлы Ғафуровқа атақты күйшілердің шығармаларының партитурасын сыйлады.

Алғашқы күнгі кешті көрермендер бес ансамбльдің өнерін тамашалауға арнады. Бірінші болып сахнаға Ақмола облыстық филармониясының “Айнакөл” ансамблі көтерілді. Әсіресе, Сегіз серінің “Ақбақайын” әуелеткен Көкшетау қаласында тұратын жерлесіміз Мереке Бекмағамбетовке ұзағырақ қол соғылды.

Бір атап айтарымыз, қай ансамбль болса да, Сегіз серінің бір әнін орындамай кеткен жоқ. Осы орайда сахнаға келесі лекте шыққан Қызылорда облысы Қазалы ауданының “Қорқыт сазы” ансамблінің орындауында оның “Көкем-ай” әні асқақтады.

Жамбыл облысының “Мерке әуендері” ансамблі де құр қол келмей, өзге шығармалармен қатар, Сегіздің “Ақерке” әнін тарту етті.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан “Қаратау қазынасы” байқауға келіп, ат байлады. Жерлесіміздің “Ғайни”, “Әйкен-ай” әндері құлақ құрышымызды қандырды.

Фестивальдың екінші күні сахна оркестрлер еншісіне берілді.

Ақтөбеден Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның қазақ халық аспаптары оркестрі көшті бастап шығып, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті колледжі, Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай филармониясының қазақ және орыс халық аспаптары оркестрлері, Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы оркестрі ән-күй керуеніне ілесті. Ал қорытындысын Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық “Нарын” оркестрі түйіндеді.

Галаконцерт те көрермендер көңілінен шыққанын айтуға тиіспіз.

Сегіз серінің “Тілеуқабақ” әнін шырқаған М. Бекмағамбетов алдымен тарту жасады. Жаңақорғандық Ұлбике Батырханова “Әйкен-ай”, меркелік Сағыныш Қоянбаева “Ақерке”, қостанайлық Гүлнар Үсенова “Алқоңыр” әндерін орындағанда сүйсінбеген тыңдарман болмады. Осы күнгі кеште көрермендер қатары қалыңдап, дүркірете қол соғылды да отырды.

Біздің өз жерлестеріміз Жанат Айтбаев (халық әні “Аққурай”), Ғалымжан Нүрпейісов (“Дударай”), Кенже Ақжолова (Майраның әні) және Біржан Есжанов (“Қызыл асық”) әндерінен тұтас бір орта толар сый жасады.

Жеті домбырашының күй тартысы, Құрманғазының “Адай”, “Серпер”, “Сарыарқа”, Түркештің “Көңілашар”, Нұрғиса Тілендиевтің “Махамбет” күйлері көкейімізде көпке дейін сақталатынын айту ләзім.

Осы концертте жас дарынымыз Әсет Әбдірахманов оркестрлердің біріне жетекшілік етіп, өрен өнерін айғақтап берді.

Ал осы қорытынды қойылымда өзіміздің Дәстен Баймұқановтың “Қазағым” әнін Б. Есжанов шырқап, думанның дүбірін күшейтсе, концерттің шымылдығы Сегіз серінің “Гауһартасымен” түсірілді.

Өңір басшысының орынбасары Анархан Дүйсенова қатысушыларға ризалық лебізін жолдап, облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.

Қатысушылардың бәрі дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ақ қар көмкерген Қызылжар түні теріскейдің ызғарлы қысын танытса да, қаламыздың тұрғындарының ниеті жылы, жүрегі ыстық екенін аңғарған меймандар ризалықпен аттанып, жадыраған көңіл күйімен қоштасты.

Біз осы фестивальден Сегіз серінің Алаштың ардақтысы екеніне, оның тарих қойнауының қыртыстарында көміліп қалмағанына көзімізді жеткізіп, қазақ ән өнерінің шоқтығы биік тұлғасына тағы бір мәрте тағзым еттік.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp