Петропавлда республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен қала басшысы Серік Мұхамедиев, депутаттар, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер және жастар қатысып, қалалық мәдениет және демалыс саябағын жинады. Қала тұрғындары да тазалық акциясынан қалыс қалмай, орталық көшелер мен үйлердің аулаларын қоқыстан тазартты.
«Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Оны таза ұстауға міндеттіміз. Әрбір өңір тұрғынын сенбіліктерге белсенді қатысып, туған өлкеміздің көркеюіне үлес қосуға шақырамын. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сенбіліктерге 23 мың адам қатысып, 10 мың көпқабатты үй мен жеке үйлердің аулалары тазартылды. 180 тарихи- мәдени ескерткіш және 200-ден аса саябақ қалпына келтірілді. 11 мың тонна қалдық полигондарға шығарылды», – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Бұл жолы жалпықалалық сенбілікке 3 мыңға жуық адам қатысты. Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері де сенбілікке белсене атсалысты. Ал қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері орталық саябақтағы Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-ғарышкер В.А.Шаталовтың ескерткіші орналасқан маңайды қоқыстан тазартты.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».