«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Саян ТӘШЕНЕВ: “ӘКЕМ БІЗДІ ОТАНЫН СҮЙГЕН КЕҢ ЖҮРЕКПЕН ӨСІРДІ”

Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар тұлғаларының бірі Жұмабек Тәшеневтің Атамекеннің амандығы, қазақ жерінің тұтастығы жолында басын бәйгеге тігіп, мансап емес, жердің жатқа кетпеу қамын ойлаған ісі кез келген адамның қолынан келмейді. Оның өмір сүрген уақыты жалаң қолмен от ұстағандай қанқұйлы кезең болатын. Бүкіл Батыс Европаны немесе бес Францияны сыйғыза алатын жеріміздің ұланғайырлығымен мақтанатын біздің даламыздың етегі көршілес Ресейге де, Өзбекстанға да, Түрікменстанға да қырқылып берілген жоқ. Елін ойлаған ер қазақ баспасөзіне де үлкен жанашыр бола білді. Тың игеру жылдары еліміздің солтүстігіндегі бес өңірде облыстық газеттер жабылып, қазақ журналистерінің жұмыссыз қалуы да шындық еді. Қылышынан қан тамған сол тұста ол халықтың көзі мен құлағына баланған жауһарлары – “Қазақ әдебиеті”, “Социалистік Қазақстан” және басқа да басылымдарды жабылу қаупінен аман сақтап қалды.

Ер есімін елі ешқашан ұмытпақ емес. Бүгінде елордамыз Астананың қақ төрінде ардақты тұлғаның есімімен аталатын ұзын да келбетті көше бар. Оңтүстік Қазақстан облысында да қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар қайраткердің қасқайған мүсіні орын алса, саналы еңбек жолының он бес жылға жуығын қызырлы Қызылжарда өткерген біртуар жанның Петропавлдағы №20 мектепке есімі берілгені де оған көрсетілген лайықты құрмет деп білеміз. Аталмыш білім ордасына ұлы тұлғаның есімінің берілу салтанатынан кейін асылдың тұяғы, алтынның сынығы іспетті ұлы Саян Тәшеневпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.  

– Жұмабек Тәшеневтей бірегей тұлғаның ұлысыз. Кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтін бұл атақты қалай көтеріп жүрсіз?

– Иә, өзіңіз айтқандай, бұл атақты мен еш-қашан қара басымның қамына пайдаланған емеспін. Айналамдағы аралас-құралас достарым, жақындарым менің кезінде орталықтың “Қазақстанды бөліп ал да, билей бер” деген озбыр саясатына қара қылды қақ жарған әділдігімен қарсы тұрған Жұмабек Тәшеневтің ұлы екенімді білгенде үлкен құрметпен, ерекше ілтипатпен қарайтын. Ұлт тағдырын, халықтың көз жасын өз басынан жоғары қойған жанды қадірлейтіндігін асыра жеткізетін. Тағы да қайталағым келеді, алайда мен бұларды өз қажетімді өтеу үшін пайдаланған емеспін. Әкем билігінен түссе де, биігінен құламаған жан. Ол қызметтен кеткен жылдарда анам, бауырларым, оның жанындағы ет жақындары қатты қиналды. Ол өмірден өткен қысылтаяң сәттерде айналамдағы адамдардың көбі әкемнің адалдығын, ел үшін жасаған ерен еңбегін дүйім жұртқа тағы да паш етіп, іргелі істерін кеңінен жариялап, “Отаным” деп соққан жүрегінің тыныштығы үшін ескерткіш қоюымды жиі айтатын. Алайда, менің арым да, жүрегім де, жаным да оған дауаламады. Өйткені, ұлт үшін туған ұлын халқының ешқашан ұмытпай, қолдан келгенше ұлықтайтынын сездім. Және солай болды да.

– Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде Жұмабек Тәшеневті өр мінезді, турашыл адам ретінде танимыз. Отбасында, балаларының, ардақты жарының ортасында қандай адам болды?

– Бұл сауалыңызға “Әкелердің ең төресі болды” деп бір сөйлеммен жауап беріп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтуға болатын еді.

Оның отбасындағы ең қамқор, мейірбан жан екенін айғақтайтын бір мысал менен кейінгі кіші ініме қатысты оқиға болатын. Інім Болат кішкентайынан өте аурушаң, әлсіз болды. Тіпті, ақ халатты абзал жандардың оның өмірі үшін күресіп, ем-домның түрлі тәсілдерін жасағандығы көз алдымда. Оның науқасы бәріміздің қабырғамызға батты. Бірде әкемнің Болат жатқан бөлмеге бас сұғып, кереуетінің етек жағына жайғасқанын, кейін жанарына үйірілген жасты тия алмай қалғанының куәсі болдым. Қандай қиын жағдай орын алса да, табандылығымен төтеп беретін қайсар әкемнің жан ұлының ауруына еріксіз қапалануы оның жігерінің жасуы емес, әкелік мейірімінің, махаббатының асуы болатын.

– Сөзіңіз аузыңызда. Әкелік махаббат деп қалдыңыз. Сол махаббатпен өн бойларыңызға тараған тәлімнің, әке тәрбиесінің ұтымды тұстарын, әдіс-тәсілдерін, сіздердің биік мұраттарға қол жеткізулеріңізге әсер еткен жарқын істерін баяндасаңыз…

– Бала тәрбиесімен көбіне анам айналысты. Әкем бүкіл ғұмырын қызметке арнады. Оның бос уақыты аса бола бермесе де, ара-тұра кездесіп қалатын кездерін бала-шағасының ортасында өткізуге тырысатын. Бірге газет-журналдар оқитынбыз, әңгіме-дүкен құратынбыз, табиғат аясына шығып, серуендейтін едік. Әкем бізді өзін үлгі қыла отырып өсірді. Оның қандай жағдайда болсын, жасаған жарқын істері, айтқан өнегелі сөздері бізге тәрбиенің таптырмас мектебіндей еді. Ол ешқашан қол қусырып отырмады. Теледидар қараған уақыттың өзінде де, ақпараты мол, адамға қажетті-ау дейтін жаңалықтарды, деректі фильмдерді таңдап, саралап көретін. Кітапты, әсіресе, саяси-экономикалық әдебиетті көп оқитын. Ол өзінің тұтынатын жеке заттарын, сыртқы және аяқкиімдерін мұнтаздай, таза ұстайтын. Әрбір затының өз орнында, әрі ұқыпты тұрғанын жіті қадағалайтын. Таңғы сағат алтыдан шырт ұйқысынан оянып, спортпен айналысуды, жүгіруді жаны сүйді. Міне, оның отбасындағы осындай қасиеттері біздің бойымыздан да көрініс тапқан.

Он бес жасымда әкемнен: “Мен неге бастықтың баласымын? Неге еркін, жұрт қатарлы керзі етікпен жүре алмаймын?” – деп сұрадым. Сауалыма оның айтқан жауабы әлі күнге дейін менің есімде. “Егер сен өзгелерден өзгешеленгің келсе, тек ақылыңа жүгін, киіммен бөлектену ақылдының ісіне жатпайды”, – деген болатын.

Әкем көмекке мұқтаж, жәрдемге зәру адамдарға үнемі қол ұшын созып, өмірдің сынағынан сынбай өтулеріне көп қолғабыс етті. Әсіресе, жастардың болашағынан көп үміт күтіп, олардың бастамаларын қолдап, бағыт-бағдар беруді дағдыға айналдырды. Мұнан оның болашақтың тұтқасын ұстайтын жандарға артқан сенімінің ұшқынын байқауға болады.

Біздің үйіміз оқу уақытында студенттер жатақханасы тәріздес ығы-жығы болатын. Тіпті, туыстық қатынасы жоқ бола тұра, білім алуға ұмтылған өрендердің бетін қайтармай, үйде тұрғызуының, адамгершіліктің өшпес үлгісіндей. Әкемнің айсайынғы алатын жалақысы үйге қажетті тұрмыстық заттарға, тамақ шығынына, өзге де мұқтаждарға жұмсалатын. Салым ақша немесе болашақта керек болып қалады-ау деген мақсатпен қосымша табыс көзі бізде атымен болған емес. Әкем жұмыстан босағанда бізде көрпе-төсегімізден өзге еш нәрсе қалмады, өлең-төсегімізге балайтын өз пәтеріміз де, арқамызды кеңге салуға жарайтын дүние-мүлкіміз де болмады.

Әкем жарты жылдай жұмыссыз отырды. Осы уақыт аралығында кезінде дос болып көрінген кейбір адамдар сырт айналып, өздерінің ақын Сәкен Сейфуллин айтқандай, “Қолыңда жемің барда шырқ айналып, жем таусылса жалт беретін шіркін тауықтай” екендерін дәлелдеді. Сатқындықтың салқынына, әділетсіздіктің аранына тап болса да, елжандылық, отансүйгіштік сезімдерін жоғалтпаған ардақты ата-анамның бір-бірлеріне ашу үстінде айтқан сөздерін де, қабақ шытқандарын да көрген емеспіз. Міне, әкеміздің ұлы қасиеттері, өмірде қандай жағдай кездессе де, адам болып қалуды ар тұтқандығы – бізге мақтаныш.

– Әңгімеміздің ауанын текті тұлғаның тұяғы болып жүрген өзіңізге бұрсақ …

– Мен Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын инженер-электрші мамандығы бойынша бітіргенмін. Ұзақ жылдар бойы Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу орталығында қызмет атқардым. Жұмыс істей жүріп техника ғылымдарының кандидаты атағын қорғап шықтым. “Екі ұлы бар кісінің өкпе-бауыр, жалы бар” дегендей, Арман мен Мирас есімді қос қолғанатым бар. Тұңғышым заңгерлік сала бойынша Американың беделді оқу орындарының бірінде оқыған. Сонда жұмыс істейді. Көңілімнің нұрындай Мирасым да Америка Құрама Штаттарында білім алды, бүгінде Алматы қаласында тұрады.

Әкеден қолдың бес саусағындай бесеуміз. Менен кейінгі інім Саят осыдан бірнеше жыл бұрын жанды меңдеген ауыр науқастан көз жұмды. Болат болса, зейнеткер, Шымкентте тұрады. Ең кіші інім Мұрат – тарих ғылымдарының кандидаты, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет істейді. Алла есімді әпкеміз Мәскеуде тұрады. Оның жан дегенде жалғыз ұлы және одан екі немересі бар.

– Жұмабек Тәшенев Н. Хрущевтің зымиян саясатына азаматтық тұлғасымен, болмысымен қарсы тұрып, жалаң қолмен от ұстады …

– Иә… Аққа Жаратқанның да жақ болатынын өмірдің өзі дәлелдеді емес пе? Еліміздің солтүстік аймағындағы облыстардың Ресейге, оңтүстігіндегі облыстардың Өзбекстанға өтіп кетуінен аман сақталуы қашанда әділеттің жеңіп шығатынын айғақтайды. Әкем Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінде болғанда, Дінмұхамет Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы екен. Әкем мен Дінмұхамет Қонаев сол кезеңде ауыл шаруашылығы мәселесі жөнінде Мәскеуде болатын жиналысқа бірге аттанады. Егер де аталмыш мәселеге өз билігін жүргізіп, түбегейлі шешуді өзге ұлт өкіліне міндеттейтін болса, бірауыздан қарсы тұратындығын айтып, сөз байласады. Әңгіменің төркіні де солай болып, Н. Хрущевтың пікіріне қарсы шығып, ұтымды дәлелдерімен қарсы тұрады. Жүрек жұтқан жанның қаймықпай, тіксінгеніне куә болған Н. Хрущев әкеме бас салып, оны ұлтшыл деп кінәлай бастайды. Бір байламға келіп, әлгінде ғана уағдаласқан екеуі кабинеттен шыққанда әкем Дінмұхамед Қонаевқа: “Сен неге үндемедің? Тілің кесіліп қалды ма?”, – деп батыл сауалдар қояды. Әрине, мұның бәрі Н. Хрущевқа да, Д. Қонаевқа да ұнамағаны айдан анық.

Әкемнің қолында билік болған кезде ол үнемі қазақ кадрларының өсуіне, қазақ арасынан шыққан талантты жандардың, өнерпаз өрендердің өрісін кеңге жайып, қанаттануына, танылуына, оларды лауазымды қызметтерге орналастыруға баса мән берді. Олардың табыстарға жетулеріне жол ашуға тырысты. Көбіне жолдарын кес-кестеген баспана мәселесінің оңтайлы шешілуіне жәрдемдесе білді. “Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді” дегендей, бүгінгі күнге дейін кездесулерде, қонақта, басқосуларда отырғанда әкемнің қамқорлығын көріп, мейірімінің ұшқынын сезінген жандарды, олардың балалары мен немерелерін кездестіремін. Олар әкемнің көзі тірісінде, шенеуніктей шіренбей, мұқтаж жандарға қол ұшын соза білген әрекеттерін еске түсіріп, алғысын айтып жатады. Әкем өзінің туған ағасын үймен, жұмыспен жарылқамаған, олар қала шетіндегі үйде өмірлерін өткерген.

Әкем Екінші дүниежүзілік соғыста өлмес ерліктің үлгісін көрсетіп, Берлинде Рейхстагқа ту тіккен, алайда, онысы ескерілмеген батыр Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігінің шындық тұсын анықтауға тырысты. Ол кезде әкем Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы болып істейтін. Тиісті материалдармен қаруланған ол Мәскеудегі СССР Жоғарғы Советі Прези­диу­мы төрағасының орынбасары ретін­дегі бір айлық кезекшілік қызметінде Р. Қош­қарбаев жөнінде Бас штабтың архи­віндегі материалдарды көтертеді. Одан Рақымжанның кезінде Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын біледі. Сөйтеді де, оның неліктен өтпегені жайлы маршал И. Коневті шақыртып сұрайды. Өйткені, бұл адам соғыстан кейін Бас штабтың бастығы болған. Әкемнің қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады. Екеуі қатты сөзге келеді. Бұл жайсыз хабар сол кездегі СССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы К.Ворошиловқа жете­ді. Климент Ефре­мович мәселені ушықтырмас үшін өзі­нің орынбасары мен әйгілі маршалды тату­ластыруға күш салады. Сөйтіп жүргенде даудың түйіні шешілмей, назардан тыс қалады.

– Жұмабек Тәшеневтің он бес жылға жуық өмірі Қызылжарда өткен. Оның жақсылығын көріп, шарапатын сезінген кейбір адамдардың бүгінде көзі тірі.

– Әкем Қызылжарда облыстық мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде қиын жылдарға тұспа-тұс келді. Адамдар егіс алқаптарында күні-түні көз ілмей, еңбек етті. Егін ору науқаны аяқталғанда әкем қажыр-қайратын жұмсаған барлық жұмысшыларға бір-бір қапшықтан бидай алуларына рұқсат етеді. Бұл адал еңбек еткен жандарды көтермелеудің бір жолы болатын. Әкемнің бұл әрекетін әшкерелеуді көздеген бір пысықай осы жайды сыбырлап айтқан желдей орталыққа жеткізеді. Жасаған жақсылығы үшін жазған түсініктемесі бүгінге дейін сақтаулы.

– Әкеңіздің өмірінің қызық та беймәлім тұстарын айтып өтсеңіз.

– Әкемнің жасы ұлғайса да, есте сақтау қабілеті өте жақсы болатын. Ол ел өмірінде маңызы бар айтулы оқиғалар мен сандарды үнемі ұмытпай, жадында сақтап жүрді. Оның артында көптеген қолжазбалары, әсіресе, саяси-экономикалық әдебиет турасында жазылған мұралары қалды. Оның біраз бөлігін Астана қаласындағы Ұлттық мұражайға тапсырдым. Аталмыш құжаттар ардақты асқар тауымның әділ де турашыл, халық үшін етігімен су кешкен қайраткер болғандығын айтып, сайрап тұрғандай әсер береді.

Әкем қызметтен босатылғанда да жай отырмай, ғылыммен айналысты. Экономика ғылымдарының кандидаты атағын абыроймен қорғап шықты.

Зейнетке шығып, есіл еңбегінің рахатына енді кенеліп жүрген күндердің бірінде мен одан: “Әке, сіз неге Никита Хрущевқа қарсы шығып, қызметіңізден айрылдыңыз? Оның айтқанына көніп, мансабыңызды сақтап қалуға әбден болмас па еді?” – деген сауалыма, ол: “Мұны күндердің бір күнінде түсінетін боласың, балам!” – деп қысқа жауап берген болатын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp