
Елімізде “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Президент Жолдауында атап өтілгендей, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог.
Саяси саладағы жаңғыру ісінде мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау арқылы тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру түпкі мақсат десек, бұл орайда сайланбалы органдарға жұртшылықты белсенді түрде қатыстыра отырып, мемлекет басқару үдерісіне бір кісідей жұмылдырудың маңызы зор. Президенттің келесі жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы демократиялық қадамы – қоғамдық пікірлердің саналуандығын жете ескергендік деп білеміз.
Тарихи құжатта “орталық пен өңір” арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде келесі жылдан бастап “халық атсалысатын бюджет” жобасының маңызды кезеңі бастау алып, көкейкесті мәселені шешу үшін Үкіметке нормативтік база мен тиісті ұсыныстарды әзірлеуге тапсырма берілді. Өкінішке қарай, мәслихаттардың өңірдегі қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты екені көп жағдайда “ұмыт” қалып жатады. Осы себепті өкілетті орган пікірлерінің ескерілмейтініне “барып тұрған саяси анахронизм” деген баға берілді. Енді жергілікті мәслихаттарда қосымша мүмкіндіктер пайда болады деп сеніммен айтуға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев халық сайлаған бұл өкілетті органға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы қордаланған түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыреті берілетінін жеткізді. Бұл механизм заңнамалық тұрғыдан өз шешімін тапқаннан кейін жергілікті өзін-өзі басқару органдары болып саналатын жиындар мен жиналыстардың мәртебесі де арта түсері сөзсіз. Ең бастысы, аудандық мәслихаттар нақты шешімдер қабылдаған кезде олардың өзекті жайттар туралы ой-пікірлері мен бағалы ұсыныстары жете ескерілетін болады. “Nur Otan” партиясының екі жүзден астам өкілі жергілікті депутаттық фракциялардың мүшелігіне енген.
Мәслихаттардың міндеттеріне енді жергілікті ресурстардың оңтайлы жұмсалуын бақылау да кіреді. Мұндай мониторинг жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық бақылау мүмкіндіктерінің тиімділігін күшейте түседі. Президент атап өткендей, бұл үшін мүліктік құқықтар кеңейтіліп, ауылдық округтер бюджеттерінің кірістері ұлғайтылады. Сондай-ақ, мәслихаттардың тексеру комиссияларын заңды түрде күшейту мақсатымен Үкіметке және Есеп комитетіне заңнамаға тиісті түзетулер пакетін әзірлеу тапсырылды. Соңғы уақытта жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың ашық қызметі туралы мәселе бірнеше рет көтеріліп, нәтижесінде әкімдіктер мен Үкімет отырыстары онлайн режімде тұрақты түрде өткізіле бастаса, мұндай формат мәслихаттардың қызметіне де енгізіледі. “Мәслихаттар отырыстарының міндетті онлайн-трансляциясын енгізу қажет. Халық қалаулыларының пікірталастары, олардың қоғамдық-саяси келбеті қоғам үшін “жеті мөрдің артында құпия” болмауы тиіс”, – делінген Жолдауда. Шынында да, халық мәслихат сессияларының қалай өтетінін және онда қандай мәселелер қаралатынын күні бұрын біліп, барынша ашықтық, жариялылық секілді демократия тетіктері қалыптасар еді.
Президент мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық бар екенін сынға алды. Соның салдарынан адамдар өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға дейін жүгінуге мәжбүр. Сол үшін жергілікті жердегі басшылардың құзыреті мен жауапкершілігі арттырылады. Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институты құрылады. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалады.
Жалпы, биылғы Жолдау нақты міндеттер жүктеп қана қоймай, мәселелердің кешенді түрде жүзеге асу қағидаттарымен де ерекшеленеді.
Әсем РАХМЕТОВА,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.