Айыртау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Саят Молдахметовпен кездесуге “ұзынқұлақтан” естіген мына бір әңгіме жетелеген еді. Осыдан 15 жыл бұрын өрт оқиғасы кезінде айыртаулық тұрғынның іш қуысын қатты ағаштың қалың бұтағы тесіп өтіп, арқасынан бір-ақ шығыпты. Оқиға болған жерде әлгі ұзын ағашты балтамен қысқартып, көлікке салып, аудандық ауруханаға жеткізген екен. Егер білікті мамандардың көмегі болмаса, осындай оқиғадан кейін адамның тірі қалуының өзі екіталай еді. Алты сағатқа созылған ота Виктор Пагодин деген жігітке екінші рет өмір сыйлады. Бұл – Саят Ғазезұлының 38 жылғы еңбек өтілінде болған талай оқиғаның бірі ғана.
Ол – 1991 жылдан бері аудандық аурухананың бас дәрігері қызметінде. Дәрігердің өмір мектебі мен аталмыш мекеменің кешегісі мен бүгінгісі жайында Саят Молдахметовты әңгімеге тартқан едік.
– Саят Ғазизұлы, сіз аталмыш мекеменің басшылық қызметін қолға алған кез елімізді жайлаған әлеуметтік-экономикалық күйзеліс жылдарымен тұспа-тұс келеді екен. Талай қиындықты бастан өткерген боларсыздар?
– Өткен ғасырдың 90-шы жылдары кімге болсын оңайға түспегені анық. Жай әншейін дәкемақтаның өзі қат болатын. Аурудың қасында тұрып, қан беріп, одан кейін жұмысымызды әрі қарай жалғастырып, ота жасай беретін күндер аз болған жоқ. Бүгінде 50 жыл қан тапсырған “Құрметті донор” саналамын. Аурухана ғимаратының жылу жүйесі қыста қатып қалып, жұмысшылармен бірге жертөледе қонып қалатын күндер де ұмыт болған жоқ. Кейбір әріптестерім күнкөрістің қамы үшін басқа жұмыстарға ауысып жатты. Бірақ менің көңілімде ондай ой болған емес. Аспирантураға сырттай оқуға да түстім. Адам ағзасының асқазан-бауыр органдары бойынша ғылыми еңбекті бастаған едім, бірақ өкінішке қарай, оны шегіне жеткізуге мүмкіндік болмады. Бүгінде біраз қиындықтарды ұжыммен бірге еңсеріп, медицинаның даму үдерісімен бірге адымдап келеміз. Аурухана ғимараты кезең-кезеңмен күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Биыл да жөндеу жұмыстарына 46 миллион 200 мың теңге қаржы бөлініп, игерілуде. Жұмыс орындарымыз заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылуда. Мамандардың басым бөлігі – осы елдің тумалары. Жоғары санатты дәрігерлеріміздің қатары да баршылық. Аурухана ғимаратының алдындағы үлкен орам, жер телімін абаттандыру жұмыстары да қолға алынып, біраз көшеттер отырғызылды.
– Өмір белесіңіздің өзі сіздің бұл мамандыққа кездейсоқ келмегеніңізді дәлелдейтін сияқты.
– Әкем – Ұлы Отан соғысының ардагері, мүгедек болып оралған жан еді. Оның жауырынына қадалған оқтың жарықшақтары әлсін-әлсін сыр беріп, денесін қан-жоса етіп, қиналған кездерін талай көрдім. Ол кезде бала болсам да, әкеме көмегімнің тимейтіндігіне налып, өскенде дәрігер боламын деп өзіме серт берген едім. Менің мамандық таңдауыма тағы бір әсері болған адам – құдайы көршіміз Қали деген ақсақал еді. Ол кісі жақсы сынықшы болатын. Кей кездері емшінің қасына еріп, шығып кеткен, сынып кеткен сүйектерді оның қалай қалпына келтіргенін өз көзіммен көріп өстім. Зақымдалған сүйекті сипап отырып, орнына түсіретін. Сыныққа ақ қайыңның қабығынан қалып жасап, кебек тартып, өзіндік тәсілдер қолданатын. Сол кездері оның емшілік қасиеттерін ұғып алуға балалық өрем жетпеген де шығар, бірақ ол қолданған халықтық емдер тәжірибемде кездеседі. Әсіресе, адамның иығы шығып кеткен кезде сол ақсақалдың әдісін пайдаланамын. Осы екі адамның өмірі мен өнегесі мені денсаулық сақтау саласына алып келді.
– Ақ халатты абзал жандар заманның ағымына ілесіп отыруға тиіс. Ұдайы жаңарып жататын дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтар маманнан әр кез біліктілікті талап етеді. Сіз басқарып отырған мекеме біліктілік тұрғысында қандай талаптарға сүйенеді?
– Иә, бүгінде медицинаның техникалық даму қарқыны жылдам, фармацевтикаға бір жылда 500-ден аса дәрі-дәрмек қосылады. Мен өзім 38 жыл еңбек өтілімде 20-дан аса біліктілікті арттыру курстарынан өттім. Сол мақсатпен Баку, Мәскеу, Харьков, Киев, Барнаул, Ташкент сияқты қалаларда болдым. Дәрігер – үнемі ізденіс үстінде жүруге тиіс мамандық. Көп оқып, көп тоқып, ойыңды жаңартып отырмасаң, қарайып қалуың әбден мүмкін. Сондай-ақ, басшы ретінде де басқаларға біліктіліктерін көтеріп отыру талабын қоямын. Дәрігер бір мамандық бойынша ғана ағзаның кем-кетігін анықтай алмайды. Аурудың диагнозын дұрыс қою үшін жан-жақты болу керек.
Біздің мекемеде жұмыс істейтін 625 адамның ішінде 53 жоғары білімді дәрігер, 263 орта білімді қызметкер бар. Ұжымның басым бөлігі – нәзік жандар. Қол астындағылардың еңбегін бағалап отырсаң, олар да қойылған талаптарға жауапкершілікпен қарайды. Айтулы мерекелерде гүл сыйлап, туған күндерінде көңіл бөліп отырғанды әйелдер қауымы ұнатады. Бір парақ қағаз бен шын көңілден шыққан игі тілек ұжымдағы ауызбірлікті, сыйластықты нығайта түседі. Ал олардың біліктілігін, ынтасы мен жауапкершілігін арттыру тәулік бойғы жұмыстың оң нәтижелі болуын қамтамасыз етеді. Соңғы жылдардың өзінде дәрігерлеріміздің 14-і, орта медициналық қызметкерлердің 47-сі білімдерін жетілдіру курстарынан өтті. Мен мамандардың қайсысына болсын оқы, үйрен, талпын, ізден деген талаптар қоямын. Медицина саласында жүрген мамандардың жұмысы оңай емес, сондықтан бір уақыт жұмыстан босап, арнайы курстарға барған тиімді. Ондай мүмкіндіктер болса, пайдалануға тырысамыз.
Қазіргі кезде техникалық даму және оған қолжетімділік, медициналық құрал-жабдықтардың тиімділігі көптеген ауруды анықтауға зор мүмкіндік береді. Бірақ аурудың асқынып кетуіне көп жағдайда адамдардың өздері кінәлі. Денсаулығын сақтай білген адамның тәні қашанда сау. Мәселен, бүгінде медицинада жас көрсеткіштеріне қарай скрининг жасау тәсілі енгізілген. Бірақ оның нәтижесін жұрттың барлығы бірдей бағалай бермейді. Дәрігерлер тарапынан қатты өтініш болып тұрса да, құлақ аспайды. Әсіресе, өзіміздің ағайындар. Мұндай немқұрайдылық аурудың көбеюіне, асқынуына жол береді. Әйтпесе, ауданымыздағы созылмалы ауруға шалдыққандар тізімі, оларға жасалған және жасалатын медициналық көмек туралы ақпараттар менің үстелімнің үстінде жатады. Сондай-ақ, жүкті әйелдердің туу мезгілі, ағзасында босануға қандай қауіп бар екендігі туралы медициналық сараптама да күнделікті назардағы мәселе.
– Бүгінгі медицина саласында, әсіресе, өзіңіз басқаратын мекемеде өзекті болып отырған мәселелерге тоқталсаңыз.
– Аурудың кейбір түрлері жасарып барады. 80-90-шы жылдары ауданымыздағы өндіріс орнына байланысты тері мен өкпенің ісік аурулары көп болатын, бүгінде оның деңгейі біршама төмендеді. Скрининг жүргізуді қолға алғаннан бері алдын ала қолданылған ем-домнан жүрек ауруының азайғанын байқадық. Көп аурудың басы күйбең тіршіліктің салдарынан, жүйкенің тозуынан басталады. Сондықтан адамдар денсаулығын сақтай білсе деген тілегім де бар.
Ең басты мәселе – кадр тапшылығы. Осы мәселе бойынша жақында мекемеміз де, оны басқарып отырған мен де қатты сынға іліктік. Кадрдың жетіспеушілігін шешу үшін кейбір мамандарды өз қаржымызға оқытып та жатырмыз. Жастарды елге тартқымыз келеді. Соңғы жылдары жас мамандарға тұрғын үй жағынан көмек көрсету шарасы да қолға алынған. Көтермеақы беріледі. Бірақ жастарды тұрақтандыру оңай болмай отыр. 3-4 жыл істеп, қалаға кетіп қалатындар көп. Оларды да түсінуге болады. Өзіміз де жас болдық. Біздің аудан орталығында жастарға көңіл көтеретін, демалатын орын жоқтың қасы. Өмірлері бір сарынды, жұмысбастылықпен ғана өтіп жатқандықтан, қызықсыз тұрмыстан қалаға қарай қашады. Бойжеткендер отбасын құрып, кетіп жатады. Мамандығын жақсы игеріп қалған көз дәрігеріміз бар еді, тұрмысқа шығып, кетіп қалды. Ал жігіттерге елде қал, басқа жерге барып “күшік күйеу” болма деп ұялтып қоямыз (күлді – Г.Қ.). Жалпы менің ойымша, ұжымды жаңа қызметкерлермен толықтырған кезде мүмкіндігінше жергілікті жерден шыққандарды алу керек. Қанша дегенмен туған жердің топырағы кімге болсын ыстық, сондықтан олар оның проблемасын да жүрегіне жақын қабылдайды. Әсіресе, өзіміздің қара көздердің қатары көбейсе деймін. Дәрігерлерді тұрақтандыру үшін, ең бастысы, олардың еңбекақыларын өсірсе деймін, әсіресе, жас мамандардың. Бұл – барша медицина саласы үшін өзекті мәселе. Былтыр медицина мекемелері арасында өткізілген рейтинг бойынша біз 7-ші көрсеткішке түсіп қалдық. Алдыңғы жылдары 2-3-орындарда жүрген едік. Рейтинг бойынша биыл ауданда өкпе ауруының көрсеткіші жоғарылап кеткен. Оның басты себебі – біз бүгінде ауыл-ауылды аралап, жұртты айнаға түсіруді қолға алдық. Әлбетте, бұл шара өкпесінде кішкене дағы бар адамды науқастар есебіне қосқызады. Соның салдарынан тіркелгендер саны көбейді. Бұл рейтингтегі көрсеткішімізді түсіргенімен, біз ауруға шалдыға бастаған науқастарды алдын ала емдеудің мүмкіндігін арттырдық. Алдыңғы жылы нәресте өлімінің 12 оқиғасы болса, былтыр 4 бала шетінеді. Ана өлімін соңғы жылдары ұмыттық. Рейтинг кезіндегі көрсеткішке салмақ түсірген – кадр мәселесі. Бүгінде біздің ауданға төрт маман: бір окулист, бір терапевт, екі фельдшер жетіспейді. Ал материалдық-техникалық жағынан ешқандай қиындық жоқ. Бәрі бар, бәрі жеткілікті.
– Бүгінде ізіңізден еріп келе жатқан шәкірттеріңіз де бар болар?
– Иә, мен алдыңғы аға буыннан тәлім алып, дамытып, бүгінде талай қызметкердің бойына өз білгенімді сіңіруге тырыстым. Өзімнен жасы кіші әріптестерімнің талайына біліктілік, өнеге көрсеткен шығармын деп ойлаймын. Әрине, оның бағасын басқалар береді. Мен өзім екі-үш адамның қол астымда еңбек жолын бастап, мені аға әріптес санап, кейін ғылымның биік шыңына қарай өрлегенін мақтан ете аламын. Медицина ғылымдарының докторы Талғат Танашев бүгінде Астана қаласындағы травматология институтында істейді. Сондай-ақ, еліміздің бас нефрологтарының бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Думан Төребеков те біздің ауруханада еңбек етті. Владимир Чевчук сияқты бірнеше білікті дәрігер Ресейдің медицинасын дамытуға атсалысып жүр. Қазірде ұжымда білікті, білімді, медицинаға қосқан үлесі бар, әлі де еңбек сіңіретін шәкірттер көп. Құдайға тәубе, ізбасарлар бары қуантады. Бұрындары ауруханамызда жылына 1500-ға дейін ота жасалса, оның 90 пайызын өзім жасауға тура келетін. Қазір аса ауыр оталар болмаса, басқаларын шәкірттерім жасап жүр.
– Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?
– Мен кітап оқығанды ұнатамын. Сондай-ақ, көңілімді көтеріп, назарын өзіне аудартатын балаларым мен немерелерім бар. Поэзияны сүйемін, Омар Хайямның өлеңдерін жақсы көремін. Оның сөздері сүйектен өтетіндей өткір, оқыған кезде бойыңды шымырлататындай қуатты. Сондықтан оның өлеңдерінен үзінділер алып, басқалардың назарына ұсынудан жалықпаймын. Оны алдыма келген адам оқып, ғибрат алсын деймін. Кабинетке айқаймен кірген адамға (ондай жағдайлар бізде болып тұрады) Омар Хайямның өлеңін көрсеткен кезде, сабасына түсіп, айтар ойын ашусыз жеткізуге тырысады. Осындай ұлағатты, үлгі алатын тұлғалар жетерлік. Тек өмірдің мәнін, тіршіліктің сәнін, мамандықтың қасиетін, адамдықтың белгісін дұрыс түсініп, дұрыс ұстаныммен жүрсек деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
