«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЯХАТШЫЛАР САНЫ АРТУДА

 

Соңғы жылдары облыста ішкі туризм саласын дамыту мәселесіне басымдық берілуде. Алайда, шетелден ағылған туристің саны көңіл көншітпейді. “Солтүстік Қазақстан облысының туристік қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Витченкомен кездесіп, өңірімізге саяхатшыларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрап білген едік. 

– Биылғы жазғы туризм маусымы өз мәресіне жетті. Өңірімізге демалуға келушілер саны көңілден шыға ма?

– Ақ қайыңдар өлкесі атанған Қызылжар өңірі табиғаты шырайлы өңірлердің бірі болып табылады. Мысалы, Айыртау ауданының бір өзінде Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, неолит дәуірінің тамаша ескерткіші – ежелгі Ботай қонысы, Айғаным қонысы, қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың мұражайы және ондаған демалыс базалары бар. Осыдан екі жыл бұрын құрылған туристік қауымдастықтың мақсаты – табиғатының әсемдігімен көз тартатын Имантау – Шалқар демалыс аймағын дамытуға атсалысу.
Қолға алынған шаралардың арқасында соңғы үш жылда өңірімізге келген турис­тердің саны 39 пайызға артты. Демалушылардың думанды ор­дасына айналған, табиғаты та­мылжыған Шалқар және Имантау көлдерінің жағалауларында 38 база бар. Бұл дема­лыс орындары тәулігіне 25 мың адамды қабылдай алады. Биылғы маусым сәтті өтті деп айта аламыз. Былтыр 45 мың турист тынықса, үстіміздегі жылдың 9 айында туристік нысандар 63 мың қонаққа қызмет көрсет­ті. Қос көлдің жағалауында демалатындардың басым бөлігін ресейліктер құрады.
– Туристерді тарту мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылды?
– Бүгінгі таңда Айыртау ауданында мәдени-тарихи, емдеу-сауықтыру және спорттық туризмдер даму үстінде. Аң аулап, қармақ саламын деушілерге де жағдай жасалған. Келушілер сапалы қызмет түрін қалайды. Сондықтан тұтынушылардың талғамынан шыға білу қажет. Демалыс аймағының тартымдылығын арттыру мақсатында былтыр екі жобаға “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, Имантау көлінің жағасында “Imantau Marine Club” атты желкенді қайық клубы ашылды. Жеке кәсіпкерге ісін жүзеге асыруға 2,9 млн. теңгенің мемлекеттік гранты берілді. Ал “Тұрпан” және “Сүйін” демалыс базаларының аумақтарында автокараванинг, яғни автотұрақ ашылды. Нәтижесінде жазғы маусымда демалуға келген азаматтар өздерінің автокөліктерін осы арнайы орындарға қойып, алаңсыз тынығуға мүмкіндік алды.
Демалыс аймағының қолжетімділігін арттыру мақсатында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр 101,8 шақырым жолды күрделі жөндеуге ел бюджетінен 2,9 млрд. теңге бөлінген болатын. Ал биыл 41,6 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1,4 млрд. теңге бағытталды. Жергілікті кәсіпкерлер де бұл шаралардан қалыс қалмады. Жуырда туристік қауымдастық мамандары облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының өкілдерімен бірлесіп, Имантау – Шалқар демалыс аймағына апаратын жолдарға тексеріс жүргізді. Бұл бағытта да бірқатар кемшіліктер тіркелді.
– Биылғы жылы атқарылған жұмыстар қаншалықты жемісті болды? Жоспарланған шаралар толығымен жүзеге асырылды ма?
– Жыл соңына дейін демалыс базаларының қатары тағы 5 нысанмен толығатын болады. “Арман”, “Тихая заводь”, “Дом у озера” және ”Бастау” демалыс орындары пайдалануға берілетін болса, “Орлиная гора”, “Солнечное ВИП”, “Адель” және “Шалқар су” базалары кеңейтілмек. Алайда, нысандардың ба­сым бөлігі жұмысын жыл бойы жүргізе алмайды. Себебі, олардың тең жартысы инфрақұрылымдық же­лілерге қосылмаған. Бұл бағытта қолға алатын жұмыс әлі де көп. Демалыс орындарына электр жарығын тарту жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржатқа қол жеткізу үшін “Кәсіпкерлікті қолдау картасы – 2020” бағдарламасына қатысу үшін құжаттар әзірленуде.
Ішкі туризм саласын дамы­ту­дың 2019-2025 жылдарға ар­нал­ған бағдарламасына сәй­кес инженерлік және автокөлік инфрақұрылымдарын салу, демалыс аймағын абаттандыру, инвестор­лар­ды тарту, маркетинг, жарна­малауды жүзеге асыру көзделген.
– Әлемде тек туризмнің арқасында дамып жатқан елдер бар. Алайда, Қазақстанның, оның ішінде Қызылжар өңірінің ішкі туризмнің дамуы жиі сынға ұшырап жүр. Туристерді көптеп тарта алмауымыз жарнаманың жоқтығынан емес пе?
– Әрине, туризмді дамыту үшін жарнама қажет. Себебі, туризм – өнім. Шетелдерге көрмелерге жиі шығуымыз керек. Бұл тұрғыда біз кешенді жұмыс жүргізудеміз. Облыстағы ішкі туризмді дамытып, оның тартымдылығын арттыру мақсатында бірнеше республикалық және халықаралық туристік форумға қатысып қайттық. Атап айтқанда, Бурабайда атақты бүркітші Мәсіп Батырхановты еске алуға арналған “Қансонар – 2018” халықаралық турнирінде облысымыздың атынан киіз үй құрып, қызығушылық танытқандарға Имантау – Шалқар демалыс аймағы туралы әңгімеледік. Буклеттер таратып, фото және бейнеклиптермен бөлістік. Бұдан бөлек, Ресейдің шекаралас орналасқан облыстарында насихаттау жұмыстары жүргізілді. “Отдых! Омск – 2019” атты халықаралық туристік-көліктік форум аясында өңіріміздің туристік өнімдерін жұртшылық назарына ұсындық. Соның нәтижесінде омбылық туристерге Шалқар көлінің бойына саяхат ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, “Чайка” демалыс базасында “Ұлы даланың жеті қыры” атты алғашқы студенттер слетін өткіздік. Шараға облысымыздағы 19 колледждің студенттері белсене қатысты. Сонымен қатар “Қостанай. Туризм – 2019” атты ІІ өңірлік туристік көрмеге шақырту алдық. Мұнда да табиғаты ажарлы Имантау – Шалқар демалыс аймағын жарнамаладық. Біздің қоғамдық бірлестік осындай шараларға қатысу арқылы өңірдің ішкі туризмін дамытуға өзіндік үлесін қосуда.

Сұхбаттасқан
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp