
Жуырда солтүстікқазақстандық жасөспірімдер Ресейдің Новосібір қаласының мэрі жүлдесін сарапқа салған халықаралық додадан жүлделі оралған болатын. Балуандардың алдағы жоспарларын білмек ниетпен спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатына ат басын бұрып, еркін күрестен аға жаттықтырушы Сағындық Бейсембаевпен жүздестік.
Жаттығу залында бізді қарсы алған жаттықтырушы құттықтауымызды жылы қабылдап, тәрбиеленушілерінің жетістіктеріне қуанышты екенін жасырмады.
– Жасөспірімдер санатында сайысқа түсіп жүрген оқушыларым бапкерлерінің, мектеп басшылығының артқан сенімін ақтады. Бұған дейін республикалық және Азия біріншіліктерінде сынға түсіп, жеңімпаз және жүлдегер атанып жүрген ұлдар 500-ден астам балуан қатысқан бәсі биік додада жасындай жарқырап, намысты қолдан бермеді, – деді Сағындық Серікұлы.
Тартысты өткен додада бапкердің тәрбиеленушілері Нұрқожа Кайпанов (66 кг.) пен Бауыржан Зейнуллиев (55 кг.) боз кілемде қарсы келгеннің жауырынын жер иіскетіп, алтыннан алқа тағынған. Болашағынан зор үміт күттірген Еркебұлан Боранғалиев (55 кг.) күміс медальға ие болды. Ал Сұлтан Биісов (66 кг.) қола медальға қол жеткізді.
Залда өзге балалармен бірге жаттығып жүрген халықаралық сайысқа қатысқан спортшылардың бірі Еркебұлан Боранғалиев өз ойымен бөлісті.
– Жетінші сыныптан бері боз кiлемнiң бар қиындығына шыдап келемiн. Спортта жетсем деген мақсатым үлкен, болашақтан күтерiм де мол. Халықаралық додада күміс алғаныммен, алтыннан дәмелімін. Қазiр кемшiн тұстарымды түзеп жатырмын. Қателiктерiңдi жеңiлген сәтте түсiне бастайсың. Әлi де жетiңкiремейтiн, жетiспейтiн тұстарым көп. Бастысы – толағай жетістіктерге қолым жетпейінше, кiлемнен кетпейтiнiм анық, – дейді жас балуан нық сеніммен.
Өз кезегінде бапкерден облысымызда еркін күрестің дамуы және шешімі табылмай жүрген кем тұстар жайын сұрадық.
– Жасырмайын, еркін күрестің тоқырап қалған кездері болды. Дегенмен, бұрынғыға қарағанда қазiр жағдай бiршама түзелді. Бұл спорт түріне біздің өңірде де ерекше көңіл бөлінуде. Петропавл қаласының өзінде үш жерде жаттығу залы бар. Аталмыш спорт түрінің қыр-сырын меңгеруге ниет білдіргендер біздің спорт мектебіміздегі, Спорт сарайындағы және ұлттық спорт түрлері мектебіндегі залдарда жаттыға алады. Еркін күресті дамыту үшін қалтқысыз қызмет атқарып, жастарды еркін күреске баулып жүрген әріптестерімнің жұмыстары нәтижелі. Оған шәкірттерінің жетістіктері дәлел бола алады.
Кемшін тұсқа тоқталар болсам, өңірімізде спорттық дәрігерлер жетіспейді. Көп жағдайда жарақат алған спортшының сырқатын ушықтырып алып жүрген кездеріміз бар. Себебі, спортшылар жарақаттан қашып құтыла алмайды. Егер денсаулығында кінәрат болса, қанша шебер деген спортшының өзі нәтиже көрсете алмайды. Жас спортшы қызуқандылықпен жарақатына мән бермеуі мүмкін. Ал ертеңгі күні ол сыр беріп, жауапты сайыс қарсаңында аяғынан шалуы ғажап емес. Сондықтан спорттық дәрігердің қызметі ауадай қажет.
– Сағындық Серікұлы, бапкерлікпен айналысқан жылдар ішінде талай ұл мен қызды жаттықтырдыңыз. Намысты қолдан бермей, үздіктер қатарынан көріне білгендерге тоқталып өтсеңіз.
– 2003 жылы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжін тамамдаған соң өзім түлеп ұшқан спорт интернатына жұмысқа орналасып, балаларды еркін күреске баулып келемін. Кейін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де дене шынықтыру және спорт мамандығын меңгердім. Он жылдың ішінде қолымнан талай ұл мен қыз өтті. Олардың арасында спортта жоғары жетістіктерге қол жеткізгендер де бар. Атап айтқанда, Салтанат Шәріпов 2007 жылы жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде 46 килограмм салмақта жеңімпаз атанса, Ташкентте өткен Азия біріншілігінде екінші болды. Сондай-ақ, Джулия Сәтімбекова (59 кг.), Гүлмира Искакова (48 кг.) және Альбина Әбілева (44 кг.) деген бойжеткендер Қазақстан, Азия және әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары әрі жүлдегерлері атанды. Оқушыларымның кейбіреулеріне сайыстарда алған жарақаттарына байланысты спорттан қол үзулеріне тура келсе, Джулия Сәтімбекова – еркін күрестен ел құрамасының мүшесі.
– Бүгінгі күні спорт интернатындағы еркін күрес залында қанша бала жаттығады?
– Егер менің қарамағымдағы екі топта 14-15 бала жаттықса, жалпы жаттығатын ұл мен қыздардың саны 40-тан астам. Олар күніне екі мәрте – таңертең бір жарым, ал кешке екі сағат жаттығады. Жаттығу тегін.
– Тәрбиеленушілеріңіздің ішінен қайсысына ерекше сенім артасыз?
– Шәкірті жүлдеге ілініп жатса, бапкерінің де еншісіне ұпай жазылады емес пе? Бірер жылдан соң байрақты жарыстарда жасындай жарқылдайды-ау деген ұл-қыздар бар. Осы орайда Ақтөбе қаласының тумасы Еркебұлан Боранғалиевті айтар едім. Жастың спорттағы қадам алысы жаман емес. Облыстық, республикалық сындарда намысты қолдан бермей жүрген спортшы. Жастығына қарамастан әдіс-тәсілдерді лезде үйреніп, бұлжытпай қолдана біледі.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Құдай қаласа, сәуір айында Петропавлда 1996-1998 жылдары туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен ел біріншілігі өтеді. Жарыс барысында еліміздің әр облысынан келетін үздік балуандар сегіз салмақ дәрежесінде бақтарын сынайтын болады. Бұл сайыс спорттық өмірімізде тың жаңалық болмақ. Себебі, соңғы жылдары біздің өңірімізде мұндай деңгейде сайыс ұйымдастырылып көрмеген. Қалалық және облыстық біріншіліктердің жөні бір бөлек. Аталмыш сайысқа Ресейде жүлдеге ие болған ұлдарды даярлап жатырмын.
Одан кейін Тайландта Азия біріншілігі, тамыз айында Парижде еркін күрестен әлем біріншілігі өтеді. Бұл жарыстарда да жастар арасында өнер көрсететін боламыз.
Осындай жарыстар өткізгеннің арқасында, біздің аймақтан да үш мәрте Олимпиада ойындарының, алты мәрте әлем біріншілігінің жеңімпазы атанған кавказдық Бувайсар Сайтиев, Атлантада қола медаль алған Мәулен Мамыров сияқты саңлақтар шығады деп үміттенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.