«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҒЫНЫШЫМ СЕЙІЛМЕЙДІ

Өмірде қуаныш пен қайғының, жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның, бақ пен сордың Ай мен Күндей алмасып отыратыны заңдылық. Бірде қамығасың, бірде сағынасың, бірде жаның жабырқайды.

Бүгінде жасым жетпістен асты. Өткен өмір жолыма бұрылып қарасам, есіме көп жағдайлар түседі. Жастық шақтың адамға бір рет қана берілетін бақыт екенін түсінемін. Шындығын айтқанда, бұрын бақыт деген ұғымның астарына терең үңіле бермейтін едім. Күнделікті қат-қабат шаруамен, бала-шағаны өсірудің, қатарынан қалдырмаудың қамымен жүрдік. Олардың тәй-тәй басқанынан бастап, үлкен өмірге көш түзегендеріне қуандық. Осындай күндердің бірінде Құдай қосқан қосағымнан айрылып қалдым.
“Біреудің кісісі өлсе қаралы ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы ол.
Көзімнің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?” – деп жырлаған Абай атамыз менің жан дүниемде болып жатқан алай-дүлей шерлі, сағыныш сезімін дөп басып айтқандай. Данышпанның терең ойға толы өлеңдерінен қазір жұбаныш іздеймін. Көкірек қайғыға толғанда, көзден еріксіз жас шығады екен.
Халқымызда “Еркек үйдің иесі, әйел үйдің киесі” деген аталы сөз бар. Әлемдегі бар жақсылық ананың ақ сүті мен тілегінен бастау алатындығы белгілі. Жарым өмірден озған күннен бастап қанша жыл бірге түтін түтеткен шаңырағымыздың босап қалғанын сезіндім. Елу төрт жыл қол ұстасып, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көрген аяулы жарымнан, ұл-қызымның ардақты анасынан көз жазып қалу “базардан қайтып келе жатқан” мен сияқты қартқа оңай емес екен.
Марқұм зайыбым Ораза Кәрімқызының жаны таза, пейілі кең еді. Әкесі Кәрім Досанұлы мен анасы Рабиға да өте қарапайым жандар болатын. Қайын атам соғыстан қайтып келе жатып, Рабиға анамызбен танысып, отау құрған. Олардан екі қыз, бір ұл тарады. Менің жарым сол екі қыздың үлкені. Туыстары атын атамайтын, Ораш дейтін. Мен Орашым деп еркелеттім.
Біз бақытты өмір сүрдік. Екеуміз он бір баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірдік. Құдайға шүкір, бүгінде барлығы дін аман. Өздерінің алған білімдері бойынша елімізге еңбектерін сіңіруде. Ұл-қыздарымыз өз алдына отбасын құрып, бір-бір үйдің түтінін түтетуде. Мәуелі бәйтеректей ұрпағымызбен жайқалып, өмірдің ең тамаша тұсына аяқ басқанда сұм ажал қанатымды қайырып, өмірім қоңыр күймен өтіп жатыр.
Қазір мен кенже ұлым мен келінімнің қолында тұрамын. Ұл-қызымызды ержеткізіп, ата-әже атанған шақта аяулы жарымның өмірдің қызығын көре алмағанына өкінемін. Бала-шағаның ортасында бақытты қарттықты бірге кешу пешенемізге бұйырмады.
“Періштенің де бес міні бар” демекші, өмір болған соң тәтті жұтып, ащы түкірген де кез болды. Кейде Орашымның көзі тірісінде қадірін түсінбеген екенмін деп ойлаймын. Олай деуімнің себебі бар. Жоғарыда айтып кеткенімдей, жастық жігерімді жұмысқа арнадым. Қандай қызмет атқарсам да өсіріп отырған перзенттеріме адал ас жегізуді ойладым. Осындай күйбің тіршіліктің қамымен жанымдағы жарыма жылы сөз арнаған сәттерім, көңілін қуантқан кездерім аз болды.
“Айырылма үйіріңнен, айырылсаң үйіріңнен екі қолың кетпес бүйіріңнен” деген сөздің жаны бар. Шау тартқан шақта өмірдің бал қызығын бірге кешіп келе жатқан жардан айырылу оңай емес. Кейде шүйіркелесіп, ішкі сырыңмен бөлісуді аңсайсың. Өз алдына үй болып отырған балаларға барып, қуаныштарына ортақтасқың келеді. Немерелеріңді еркелетіп, балдай қылықтарын әңгіме етуді армандайсың.
Ол маған қарашаңырағымызды, балаларымызды аманаттап кеткендей. “Өмірден аларыңды ойлама, өмірге қалдырарыңды ойла” деген осы шығар. Немере-жиендеріме әжелерінің қандай адам болғанын, жақсы қасиеттерін үнемі айтып отырамын.
Ұл-қыздарымның да аналарына деген сағынышын айтып жеткізу мүмкін емес. Олар жандарын жаралап жүрген сағыныштарын менің жүрегіме селкеу түсірмейін деп айтқысы келмейді. Бірақ… көңіл түпкіріндегі қимастықты жасыра алмайсың.

Дегенбай МҰХАМЕТҚАЛИ,зейнеткер.
Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp