Әкем Бәри 1968 жылы маған хат жазыпты. Ол кезде мен Қызылжар қаласында жұмыс істеймін. Музыка мектебінде сабақ беремін және №2 қазақ интернатында домбыра ансамблінің жетекшісімін. Хатында бауырларыма көмектесу үшін елге оралып, ауылдағы онжылдық мектепке жұмысқа орналасуымды сұраған екен. Осы мәселемен облыстық білім бөліміне келсем, басшымыз Мәскеуге кетіп қалыпты. Орынбасары Маташ Рамазанов еді. Ол кісімен бұрыннан таныспын. Домбырада күй тартып, ән айтатын. Мән-жайды жеткізген соң Маташ Қамбарұлы Баян орта мектебінде ән-күй пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасу жөнінде бұйрық шығарды. Сөйтіп, мен ауылдағы мектепке жұмысқа орналастым.
Ол уақытта Баян орта мектебінің директоры Сайран Тәжин еді. Бірде басшымыздың тапсырмасы бойынша мектепке музыкалық аспаптар сатып алу үшін облыс орталығына келдім. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сейпіл Уақпаевпен жолықтым. Ол адам өте бауырмал болатын. Әрқашан жастарға ақыл-кеңесін айтып отырушы еді. Кабинетіне кірген бойда жылы қабақпен қарсы алды. Әңгіме үстінде соңғы уақытта көрінбей кетуімнің себебін сұрады. Мән-жайға қаныққаннан кейін:
– Ауылға барғаныңмен, ол жақта өспейсің. Жасың ұлғайған кезде де үлгересің. Сен Алматыға барсаң қайтеді? Онда өнер ұжымдары аз емес. Алатаудың баурайында өзіңнің орныңды табуға тиіссің, – дей келе Алматыдағы эстрада студиясына оқуға жолдама беру үшін облыстағы дарынды өнерпаздардың тізімін жасап жатқандарын айтты. Іріктеуден өткендер шығармашылықтарын шыңдап, үлкен сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алады.
Жаз мезгілі болатын әрі демалыс кезі. Сондықтан бұл ұсыныстан бас тарта алмадым. Ол кезде облыстық мәдениет басқармасы қазіргі Қазақстан Конституциясы мен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының екінші қабатында болатын. Ал Евней Букетов көшесінің бастауында облыстық радио комитеті орналасты. Онда Ермек Құсайынов, Ғазез Балғожин, Мереке Тұралин сияқты белгілі журналистер жұмыс істейтін. Радиоға соқсам, Мереке жалғыз отыр екен. Аман-саулықтан кейін Алматыға өңір өнерпаздарының әндері мен күйлерінің жазбасын жіберулері қажет екенін айтты. “Сабақты ине сәтімен” демекші, мені көріп қуанған ол бірден іске кірісіп кетті. Әнші Ғазез Мусиновтің үйінен жақсы домбыра алдырып, 17 күй жаздық. Бір радио лентасы толды. Содан кейін ауылға қайтып, белгіленген күні облыстық халық шығармашылығы үйіне келдім. Ертесіне Петропавл-Алматы бағытында жүретін пойызбен жолға шықтық.
Алатаудың баурайына жеткен соң эстрада студиясына бардым. Эстрада студиясының концерт залы әдемі безендірілген екен. Бағдарлама бойынша концертті марқұм Бақыт Жүкенбаева жүргізді. Байқаудан соң қазылар алқасының төрағасы, Қазақ КСР халық әртісі Әнуарбек Үмбетбаев әр орындаушыға жеке тоқталып, жақсы лебіз білдірді. Қазылар алқасының мүшелері әйгілі әншілер Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, күйші Құбыш Мұхитов болды.
Бізбен бірге барған Жәмила Әміржановаға эстрада училищесіне, Бүркіт Бекмағанбетовке консерваторияға, Жоламан Мусин мен Айтпай Жақабаевқа опера студиясына жолдама берілді. Мені Роза Бағланованың ансамбліне жіберді. Сөйтіп, Қазақконцерт ұжымының жетекшісі Мүслім Абдуллинмен жолықтым. Ол пәтер мәселесі таяу арада шешілмейтінін айтты. Сондықтан Алматыдай алып шаһарда қалудың жөні жоқ екенін түсіндім.
Бұл байқауда Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков батыс өңіріне тән күйлерді орындауыма риза болып, әрі қарай өнерді шыңдап, білім алуға кеңес берді. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовтің мақтау сөзі де маған қанат бітірді.
Арада қаншама жыл өтсе де, сол бір сәтті мен әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Өнердің қайнаған ордасы Алматыда қалмағаныма ешқашан өкінген емеспін. Бастысы, саналы ғұмырым өнермен өрілді. Қойнауы құтты туған өлкем Қызылжарда қызмет ету бақыты бұйырғанына қуанамын.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.