… Айбас пештің қасында бүрісіп отырған бауырына біртүрлі аяушылықпен қарады. Арық тарамыс денесі мен бойына қарап оны жеті жастағы бала деп айта алмайсың. Әкеден бір жасында, анадан екі жасында тұл жетім қалған ол тойына тамақ ішпегеннен қатып қалған сияқты. Айбас үнсіз отырған оны өзіне шақырды. Қалбалақтап жеткен інісін алдына отырғызып, бауырына басып, ұзақ иіскеледі. Екі қолын ағасының қолтығының астына жіберген Қуат та оның кең жауырынын құшағы жеткенше қапсыра құшып, айырылар емес. Ағасының жүрегінің нақ осы сәтте қатты соғып кеткенін сезген ол:
– Ағатай, сіз кетпеңізші. Соғыста Қабыкен ағам жүр ғой. Ол аман-есен оралған соң, сіз барасыз. Екеуің бірдей кетсеңдер Мәкен апатайым екеуіміздің халіміз не болады, – деп дауысы дірілдеп, кемсеңдей бастады.
Бауырының ыстық көз жасы білегіне тамған сайын Айбастың дегбірі қашып, булыға бастады. Басын көтермек болған інісінің маңдайын иегімен тіреп, бауырына қыса түседі. Ондағысы көңілінің босап кеткенін көрсетпеу еді. Өңешіне тірелген өксікті әрең тежеп, көздерінен домалай бастаған жасты жеңімен жылдам сүртті де, құшағынан шықпақ болып, тырбаңдап жатқан Қуатты босатты. Ағасының қылығын түсінбей отырған ол ернін дүрдитіп, бұртия қалыпты.
– Сендерді ойласам ешқайда кеткім келмейді. Бірақ Отанға қауіп төнгенде апталдай жігіт қалай үйде отырады. Майданға аттанып, жаудың көзін құртып келейін. Қабыкен ағамыз да аман-есен оралып, әлі төртеуіміз бақытты ғұмыр кешеміз. Сенің есіміңді әке-шешеміз жайдан-жай Қуат қоймаған шығар?! Олар сені қуатты, жігерлі болсын дегені ғой. Біз келгенше апайыңа өзің қамқор бол, жарай ма? – деп алдында отырған бауырын қолтығынан көтеріп, басынан жоғары лақтырды. Баланың аты бала ғой, жаңа ғана жыларман болып отырған Қуат мәз-мейрам болды. Енді ағасының да көңілі көтеріле бастады.
Қоштасар сәт жақындаған сайын Айбастың жүрегі шымырлай түсті. Өзінің майданнан аман-есен оралар, оралмасын ойлағандықтан емес, қарындасы мен інісінің жайы мазалайды оны. Бұл – 1941 жылдың күзі болатын…
…Қабыкеннен хат үзілгелі бір жылдан асты. Күн артынан күн жылжыған сайын жаман ой Мәкеннің санасын бұғаулай берді. Айбастың ара-тұра жазған хаты көңілді жылытып жүретін еді, үш айдан бері одан да хабар жоқ. Мәкен сары уайымға салына бастады. Бауырын құшақтай алып, көз жасына ерік беретін кездері жиілеп кетті. Күнұзаққа ұжымшардың жұмысынан діңкесі құрып жететін ол үйге келген соң да тыным таппайды. Немере жеңгесіне үй шаруасына көмектесіп, түннің бір уағында жастыққа басы әрең тиеді.
Қуат күні бойы есінен бір шықпайтын ағаларын түсінде жиі көретін. Бірақ түске екеуі екі бөлек енеді. Бет-әлпеті анық көрінбесе де, ұзын бойы мен кең жауырыны көлбеңдеген бейнені үлкен ағасы Қабыкен деп ұғады. Ал Айбасты анық көретін. Інісін тамағынан иіскелей қытықтап, аспанға лақтырып, екеуі мәре-сәре күй кешетін. Соңғы уақытта ол да түсіне енбейтін болды.
Тіршіліктің тауқыметін ұйықтап жатқанда ғана сезбейтін Қуат ағаларын түсінде көрсе, бақытты күй кешіп оянатын. Қанша күннен бері сол сезімге бөлене алмай жүр. Көңілге медет іздеп, олармен қоштасқан кездегі әр сәтін көз алдына елестетуге тырысады. Қабыкен әскер қатарына іліккенде ол төрт жаста болатын, көп нәрсе есінде жоқ. Ағасы соғысқа сол жақтан кеткен. Ал кіші ағасымен қоштасу сәті көз алдында. Айбас мінген арба оңтүстік-батысқа тартылған қара жолмен доңғалақтарын сықырлата ұзап бара жатты. Мәкеннің қолтығының астына кіріп алған Қуат қимастық сезіммен ағасы көкжиектен көрінбей кеткенше, қарап тұрған еді…
Қуат ауылдың оңтүстік-батысындағы жолға көз сүзуді дағдыға айналдырды. Көпке дейін жақсылық хабарды осы жол әкеледі деген сенімін жоғалтпай жүрді.
Жаздың аптап ыстығы басталғалы тал түсте ауылдың бала-шағасы мен ит-мысығын даладан көрмейсің. Ауылдағы азын-аулақ малды жиып әкеткен бақташының да қарасы жоғалған. Бастапқыда мал ауылдың маңынан ұза й қоймайтын еді, қазір алысқа айдайтын болыпты. Бригаданың жанында ғана бір-екі қарайған жүр. Олар – кеңшарға тиесілі бір-екі тракторды жөндеп жатқан механизаторлар. Қуат үйдің қасындағы құдыққа қарай бет алды. Ондағы ойы мұздай суық суға бетін жуып, салқындау. Құдықтың да суы тереңдеп кеткен бе, шелегін қайта-қайта түсіріп, біраз әуреленді. Шынжыр ауырлаған кезде ышқына тартып, алақанын алма-кезек ауыстыра отырып, шелекті алып шықты да, құдықтың жақтауына қойды. Еңкейген күйі оң қолымен шелекті бір жағына қисайтып, суды өзіне төңкере салды. Мұздай суық суға денесі тітіркеніп, тісі тісіне тимей қалтырай бастады. Діріл қаққан денесін жылытпақ болып, екі қолын қусыра кеудесін құшты. Төбеден қыздырған күн бойын жылытқан сайын көзін жұмып, басын шалқайта аспанға қарады.
Осылайша, аз-маз тұрды да, көзін сығырайта аша бастағаны сол еді жанары оңтүстік-батыстан тартылған жолдың үстіндегі қара ноқатқа түсті. Алыста болғандықтан адам ба, мал ма, айыру қиын. Ол қадала қарап, ұзақ тұрды. Сәлден соң әлгінің ұзын бойлы, кең жауырынды солдат екенін таныды. “Қабыкен ағама ұқсайтын сияқты”, – деп іштей ойлаған Қуаттың жүрегі дүрсіл қаға жөнелді. “Жоқ. Жүрісі ширақ екен. Оны әпкем маң-маң басып жүреді дейтін еді”, – деп өз-өзіне күбірлей тағы сөйледі. Кім болса да, бөтен емес екенін сезіп, жалғыз жолаушыға жүгіре жөнелді. Екеуінің арасы біраз жер екен. Ентігіңкіреп қалды. Жолаушы да алдынан шыққан адамға тесіле қарап келеді. Қуат тани кетті. “Шамған. Шамған ағам ғой!” – деп қуаныштан аяғына салмақ түскендей, орнында тұрып қалды. Әкесінің інісі Шамған да оны танып, аяғын алшаң басып, қасына тез жетті. Екеуі құшақтаса кетті…
Мәкен апасының: “Сен қар еріп жатқанда туғансың”, – деген сөзін құлағына құйып алған Қуат сәуір айының басында өзіне бір жас қосып отырады. Он беске толған жылы Қабыкен мен Айбастың соғыста қаза тапқанына іштей көндікті. Олармен бірге кеткен ауылдастарының келетіні келіп, қаза тапқандарының артынан “қарақағаз” жеткелі қашан. Тек оның екі ағасынан еш хабар жоқ. Адамның өлі-тірісін білмеген қиын екен. Тосуға жалықпас, бірақ алаңдаумен өткен әр күн сағыныштан сарғайтып, жүрегін сыздатты.
1949 жылдың көктемі болатын. Қар еріп, ат-арба түгілі, жаяу адамның аяқ алып жүруі қиындап кеткен кез. Қуат таңертең ұйқыдан оянысымен, тағы да оңтүстік-батыстан тартылған жолға телміріп, біраз отырды. Сосын, бұдан былай жолға қарамаймын деп шешті. Оған себеп – өткен түнде көрген түсі. Бірінші рет түсінде екеуін қатар көрді. Қуат ағаларына құшағын жайып, қолын созып еді, жеткізе алмады. “Сен ораламын деп едің. Сертіңде тұрмадың”, – деп жыламсыраған күйі Айбасқа жақындай түсті. Ағасы басын салбыратып біраз үнсіз тұрды да: “Біз енді келмейміз. Ержеттің. Өз бетіңмен өмір сүр”, – деді. Осы сөзден кейін олар көп бөгелген жоқ, оңтүстік-батысқа тартылған қара жолға түсіп, ұзай берді…
***
… Мәкен күйеуге шыққалы Қуат жүдеп кетті. Жетімдіктің қамытын мойнына ерте ілген ол ағайынның қас-қабағына қарап, күн кешуге үйренсе де, ержеткен сайын жұрттың есігінде жүргеніне намыстанатын болды. Соғыстан кейінгі елдегі жағдай кімге болсын оңай тиіп жатқан жоқ. Ағасы Шамғанның үйінде де Қуат өзін артық адамдай сезінеді. Азды көпке бөліп жеген соң, тойынып тамақ та іше алмайды.
Шарбақтың тесілген жерлерін жамап жүрген оның көзі қанша қарамаймын десе де, оңтүстік-батыс жақтағы жолға түсе берді. Әлден уақытта баяу жылжып келе жатқан ат-арбаны көзі шалды. Сөйткенше болған жоқ, арбалы жолаушылар Қуаттың жанынан өте берді. Арбаның үстінде отырған ер адам мен әйел жол жиегінде тұрған Қуаттың сәлемін алып, бастарын изеді. Бейтаныс жандар көшенің арғы басындағы Молдахмет ақсақалдың үйінің қасына барып тоқтады.
Кешкісін жеңгесі Қуатты майшамға жанармай сұратып Кеңестікіне жіберді. Ол үйде қонақтар отыр екен. Қуат күндіз көрген жолаушыларын жазбай таныды. Үйдегілердің шүйіркелескен әңгімесінің үстіне түскен ол ыңғайсызданып, босағадан аса алмай тұрып қалды. Дастарқан басында отырған әйел бұған тесіле қарап қалыпты.
– Қуат жай келдің бе? – деді үй иесі.
– Жеңгем жанармай сұрайды, – деді ол қысыла.
– Қазір, бар болса, тәтең берер, – деп отағасы меймандармен әңгімесін одан әрі жалғастырды.
Төрде отырған әйел Қуаттан көзін алар емес. Үстіндегі шоқпыт киімінен ұялған Қуат қысыла бастады.
– Кімнің баласы? – деді әйел қасындағы үй иесіне. Даусы зор екен.
– Төлештің. Бізге ағайын болып келеді ғой. Білетін шығарсың? Сенімен қатарлас Қабыкен деген ағасы болған, соғыстан оралмады. Әкесінің інісі Шамғанның қолында, – деген Кеңес әрі қарай сыбырлай сөйледі. – Мына қиын заманда кімге болсын оңай емес. Үсті-басын тазалап, тамағын баптап беретін адам жоқ. Жанашыр жалғыз әпкесін күйеуге берген. 16-ға келген бала ғой. Бірақ өспей қалған, кішкентай көрінеді, иә?
Қуат үйден шығып кетті. Ертеңіне оны іздеп ауылдың бір баласы келді. “Сені шақырып жатыр”, – деді. “Кім?” – деген сұрағына: “Сырттан келген қонақтар”, – деп басқа ештеңе айтпастан, кейін жүгіре жөнелді. Қуат шақырылған жерге асыға жетті. Қарсы алған кешегі әйел. Даусы жуан болса да, жүзі жылы екен. Қуаттан біраз нәрсені сұрады, өздері туралы да айтты.
– Сен бізбен кетер ме едің? – деді ол бұған қадала қарап. Соңғы кездері көңілі қатты жабырқап жүрген Қуат ойланбастан:
– Кетемін, – деді.
– Ендеше, сен түс мезгілінде бізді ана ағаштың артында күт. Ештеңе алма, ешкімге айтпа. Әсіресе, ағаңа. Ол сені жібермейді. Бізге бала болсаң, сен жоқшылықты ұмытасың. Ренжітпейміз, – деді жан-жағына жалтақтай қарап.
Қуат өмірінде бірінші рет ауылынан ұзап кетпекші. Ел көреді, жер таниды. Үлкен ойдың жетегінде үйіне кірді. Бөлменің бір бұрышындағы кереуетте жеңгесі теріс қарап, бүктісіп жатыр екен. Ұйқыда ма, ояу ма белгісіз. Соңғы кездері науқастанып, көп қисая беретін болыпты. Үйде басқа жан жоқ. Терезеден түскен жарық түс мезгілінің жақындап қалғанын аңғартады. Қуат тазалау бір көйлегін, жамалған сұр шалбарын киді де сыртқа беттеді. Ақырын сытылып, уәделі жерге жетуі керек. Ағасының қырман басында екенін біледі. Немере інілері ойнап кетсе керек, маңайда көрінбейді.
Қуат оңтүстік-батысқа тартылған жолға түсіп, табаны қалың етігін борпылдата басып, жүгіре жөнелді…
***
Қуаттың Түмен облысында жүргеніне бір жылдан асты. Денесі толып, бойы өсіп қалған сияқты. Оны ертіп келген ерлі-зайыптылардың баласы жоқ екен. Қуатты емірене жақсы көрмесе де, жанашырлық сезімдерін аяған емес. Малы көп. Отағасы екеуі күнұзаққа мал соңында жүреді. Кешке дайын астарын ішіп, демалады.
Уақыт өткен сайын Қуаттың елге деген сағынышы үдей түсті. Әсіресе, Мәкен апасын көргісі келеді. Оның бауырының қарны тоқ жүргенін білсе қуанары сөзсіз, бірақ ескертпей кеткендіктен, жоғалтып, уайымдап жүрген шығар деп ойлайды. Әпкесіне үлкен опасыздық жасағаны үшін ұялып та жүр. Жаңа отбасына сөз беріп қойған соң, қашып кеткен де ыңғайсыз. Күзде елге апарып келеміз деп уәде берген, шыдау керек. Мал соңында жүрген Қуаттың ойы сан-саққа жүгіреді. Өзінің бала күннен бері әркімнің есігінде жүрген ауыр күндерін көз алдына елестетсе, бүгінгі тіршілігіне риза болатын сияқты. Тек әпкесін бір көріп, тілдессем дейді.
Қуаттың тұрып жатқан үйі қалың орманның іргесінде. Жазда айнала жасыл желекке көмкеріліп, табиғаттың әсем көрінісі адамның көңілін шаттандырады. Маусым айының ортасы болып қалғандықтан, көк майсаның иісі мұрын жарады. Мал да қоңдана бастаған. Қуат қойларды қораға кіргізіп, есік-тесігін қымтап, далада жүріп қалды. Есіктің алдында байлаулы тұрған арбалы атқа қарап, үйде қонақ барын сезген. Жуынып-шайынып кіргенше іңір болды.
Ауыр ағаш есікті жұлқи тартып, табалдырықтан аттаған ол төрде отырған Шамғанды көріп, сасқалақтап қалғандай еді, іле есін жиып, ағасының құшағына қойып кетті.
Үйдегілер үнсіз. Шамған: “Мен Мәкенге сені тауып әкелемін деп уәде берген едім”, – деген сөздерін қайталап, інісін көпке дейін құшағынан босатпады. Ертеңіне таңмен таласа оянған Қуат ағасымен бірге елге аттанды.
Қуат ауаны құшырлана жұтады. Әбден сағыныпты. Ат тұяғы мен арба доңғалақтары жолдың шаңын көтеріп келеді. Өзіне бала күннен таныс жол. Бірақ оның келер басынан қараған басқаша екен. Оның бойымен сүзе көз тіксең, ауылың көрінеді. Қотанға жақындаған сайын жүрегінің дүрсілі жиілеп, толқи бастады.
Шамған ағасының үйінің жанында тапжылмай тұрған Мәкен апасын таныған Қуат арбадан секіріп түсіп, бауырына қарай құшағын жая жүгіре жөнелді…
Гүлім ҚҰРМАН.