«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҒЫНҒАН ӨСКЕН ӨҢІР САХНАСЫН…

Н.Погодин атындағы орыс драма театрына жиналған өнерсүйер қауым өңірімізге кеңінен танымал өнерпаздар, қазақтың ұлттық аспаптарының бірі – қобыз үнін жаңғыртып жүрген ағайынды Бабек пен Табриз Илдырымлылардың жеке концертін тамашалады.

Жеті жасынан Петропавлдағы өнер колледжінің табалдырығын аттап, Назгүл Маштақованың сыныбында оқыған Бабек Илдырымлы – Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі. Бүгінде ол аталмыш білім ордасында оқытушы болып жұмыс істесе, оның інісі Табриз оңтүстік астанамыздағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатында білім алуда. Туған жер, өскен өңірге ат басын бұрып, мұндағы әнсүйер жұртшылықтың ыстық ықыласы мен алғаусыз алғысына бөленуді мақсат тұтқан өнерпаздар жеке концертін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арнады.  

Көпшіліктің көңілін серпілткен кеште қос өнерпаз облыстық филармониядағы эстрадалық-симфониялық оркестрдің (көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Сергей Имашбаев) сүйемелдеуімен Мұқан Төлебаевтың “Позма” шығармасын, “Қозы көрпеш-Баян сұлу” балетінен үзінді орындады. Испанияның Барселона қаласында өткен халықаралық байқауда жұлдызы жанған Табриздің “Нью-Йорк – Нью-Йорк” деп сызылта салған әні көрермендерді әдемі әсерге бөлеп, шат-шадыман көңіл күй сыйлады.

Кеш барысында қылқобыз бен нарқобызға жан бітірген Бабек Қорқыттың “Қорқыт”, күй шебері Ықылас Дүкенұлының “Ерден” күйлерін тартып, сарнаған қобыз сазына елітушілердің жан әлемін байытып, рухани нәр берді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp