Солтүстікқазақстандық егіншілер астық жинауды жалғастыруда. Ауа райының қолайсыз жағдайы агроқұрылым басшылары мен олардың қарамағындағы механизаторларды тоқтата алған жоқ. Маңдай термен өнген астық қар астында қалмас үшін комбайндар күні-түні астық бастыруда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 3 қарашадағы мәліметі бойынша, өңірдің мыңнан аса агроқұрылымы астық жинау науқанын аяқтады. Соған қарамастан, алқаптарда жатқан астық әлі де көп. Шаруалар қол жеткенге тоқмейілсіп отырған жоқ: өздеріне тиесілі егінді жинап болысымен, көршілеріне көмек қолын созуда.
Облыста барлық маусымдық жұмыстарды суық түскенге және көп мөлшерде жауын жауғанға дейін аяқтап шыққан агроқұрылымдар да бар. Солардың қатарындағы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға қарасты “Дружба” ЖШС-нің егін алқабын шағын деп айтуға мүлдем келмейді. Биыл олар 20 мың гектардан астам жерге егін екті. Онда биылғы ораққа мұқият әзірлік жүргізілді: тамыз айында барлық комбайндар дайындық сапына қойылып, астық сақтау және өңдеу орындары жаңа астықтың алғашқы легін қабылдауға әзір болды.
“Бидай жинауды 21 қазанда, қар жауғанға дейін аяқтадық. Әр гектардан орта есеппен 11 центнерден өнім алдық. Орақ науқанының қауырт кезіндегідей егін алқабында тәулік бойы жұмыс істеген жоқпыз, ең көбі – түнгі сағат бірге дейін. Тұман, шық, бозқырау біздің команданың жұмыс қарқынын біраз төмендетті”, – дейді серіктестік директоры Николай Попов. Орақ науқанын оңтайлы агрономиялық мерзімде аяқтап шығуға жаңбырлы жаз бен ылғалды күздің кедергі келтіргенін, дестеге түсіру мен астық бастыруға кірісу керек болған шақта алқаптағы егін жап-жасыл болғанын айтты агроқұрылым басшысы. “Біз астықтың 50 пайыздайын ғана тура жинадық. Қалғанын дестеге түсіріп, сосын ғана бастыруға тура келді. Орақтың басында жанармайдың жетіспеушілігінен тоқтап қалған күніміз де болды, бірақ 10 қыркүйекте барлық шаруашылықтар жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілді”, – дейді Николай Попов.
Қызылжар ауданындағы “СК-Вагулинское” ЖШС де мәреге жетуге жақын. Шаруашылықтың егін алқабы 6,5 мың гектарды құрайды, соның 200 гектары ғана жиналмаған. “Ауа райының ылғалдылығына байланысты гектар берекелігін аздап жоғалттық. Қазір 20 центнерге дейін өнім алып жатырмыз. Күн ашық болса, одан да көп астық алар едік. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп секторына зор көңіл бөліп отырғанына ризамыз. Орақ науқаны кезінде жанармайдан тапшылық көрген жоқпыз, шаруашылықтың техника паркін үнемі жаңғыртуға да мүмкіншілігіміз мол. Бұлар – айта қаларлықтай көмек”, – дейді “СК-Вагулинское” ЖШС-нің директоры Виктор Редин.
Солтүстік Қазақстан облысының элеваторларына түсіп жатқан астық көп. Тәулік бойы неғұрлым көбірек астық қабылдау үшін олардың барлығы күшейтілген режімде жұмыс істеуде. “Күн сайын 800-1500 тонна дәнді дақыл келіп түседі. Олардың көлемі ауа райына байланысты. Машиналар кезекте тұрып қалмас үшін астықты жедел қабылдауға тырысамыз. Дегенмен, әртүрлі шаруашылықтар астық әкелетіндіктен, бәрібір таңертең кезек болып тұрады. Алайда, екі сағаттан кейін кезек жойылады, – дейді “Целинный-2006” элеваторы” ЖШС директоры Данияр Байқоңыров. Элеватор басшысының сөзіне қарағанда, астықтың ылғалдылығы 50 пайызға дейін жетеді. Ал жағдай оңына қарай өзгереді дегенге үміт артудың қажеті жоқ. “Ондай астықты автоқабылдауға бірден жіберу қиын – ол сусымалы емес. Сондықтан ылғалды астықты алаңда қабылдап, онымен бірнеше күн бойы белсенді жұмыс істейміз. Біз арнайы құрал-жабдықпен жарақтанғанбыз. Осыдан бір айдай бұрын қуаттылығы сағатына 120 тоннаны құрайтын астықлақтырғыш сатып алдық, бізде телескопиялық астықтиегіш те жұмыс істейді. Бұдан басқа да арнайы құрал-жабдықтарымыз бар, – дейді Данияр Байқоңыров. Элеватор директорының айтуынша, қазіргі уақытта дизель отынына байланысты проблема жоқ. “Мемлекет жеңілдетілген дизель отынын дер кезінде бөлді”, – дейді серіктестік басшысы.
Дария ТУШИНА,
журналист.