«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҚАДАЙ САЙ ӘЗІРЛІК

Осы аптада Петропавлда Қазақстан мен Ресей елдерінің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Халықаралық маңызға ие шараға дайындық жұмыстарының барысымен жергілікті журналистерді облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек таныстырды.

Ынтымақтастық пен іскерлік байланыс аясын кеңейте түсетін “Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері” тақырыбындағы ХV форумға дайындық шаралары қызу жүргізілуде. Жолдар жөнделіп, Петропавлға келетін қонақтар орналасатын 21 қонақүйге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. “Telegraph” және “Restoration” демалыс кешендері салынды.

– Бүгінгі таңда форум аясындағы жұмыстар толықтай атқарылды. Маңызды шаралар өтетін негізгі нысандар дайын. Жұртшылықтың форумға деген қызығушылығы жоғары екенін атап айтқым келеді. Қазан айында www.tourismforum.kz атты арнайы сайт өз жұмысын бастаған болатын. Бүгіндері оған екі мыңнан астам делегат тіркеліп үлгерді. Оның 600-ге жуығы – көрші елдің өкілдері. Форум өтетін күндері Астана мен Петропавл қалалары арасында қосымша әуе және автобус рейстері ұйымдастырылатын болады. Екі ел арасындағы экономикалық байланысты одан әрі нығайта түсуге септігін тигізетін маңызды шара ойдағыдай өтеді деп сенеміз, – дейді Дәурен Жандарбекұлы.

Форум аясындағы кездесулер Оқушылар сарайында өтеді. Ғимараттағы бас алаңда екі ел Президенттерін әлемге әйгілі гуманоидты құлтемір – “Thespian” қарсы алады. Өздігінен жүретін, сөйлейтін, тіпті, күле алатын ол 17 тіл біледі. Ұлыбританиядан жеткізілген “Thespian” форумнан кейін Оқушылар сарайының меншігінде қалатын болады.

Дәурен Жандарбектің айтуынша, қонақтар физика, электромеханика, робототехникаға басымдық берілген заманауи ғимараттағы бағдарламалау және графикалық дизайн зертханаларын, “TecQuipment” инженерлік ғылымдарын, анимациялық студияны, голография, каркасты-вакуумды кинотеатр, “Lexsolar” электромобильдерін, адамнан аумайтын “NAO” роботтарын және басқа да технологияларды тамашалай алады.

Ал теннис орталығында Қазақстан-Ресей туристік көрмесі ұйымдастырылады. Мұнда “В2В” форматында екіжақты кездесулер, ІТ-технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын үздік инвест жобалардың таныстырылымы өтеді.

– Көрме барысында форум қонақтары “Болашақ порталы” демозонасында Қазақстанның үздік туристік аймақтарымен танысады. Бұл жердегі голографиялық шоу да жұртшылықтың көңілінен шығады деген үміттеміз. Сондай-ақ, қос елдің ең үздік туристік аймақтарын көгілдір экраннан IT-форматта жасалған виртуалды шынайылық арқылы тамашалауға болады. Әр стенд алдында орнатылған экрандардан еліміздің ішкі туризм саласының әлеуеті жан-жақты көрсетіледі, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Көрме барысында шетелдік және қазақстандық қонақтарға Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар демалыс аймағының таныстырылымы өтеді. Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, ежелгі Ботай қонысы және Айғаным қыстауы, Шоқан Уәлихановтың мұражайы және тағы басқа республикалық маңызға ие нысандар қонақтар назарына ұсынылады.

– Соңғы екі жылдың ішінде өңіріміздегі туристік аймақтарға апаратын тасжолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында бюджеттен бөлінген 4 млрд. теңге толықтай игерілді. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасын тауып, бұл мақсатқа тағы 3 млрд. теңге бағытталмақ. Ресейдің Омбы және Түмен облыстары бағытындағы тасжол учаскесі жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Қорған бағытындағы жолды жаңғырту жұмыстары 2019 жылы тамамдалуы тиіс, – деді Дәурен Жандарбекұлы.

Маңызды шараға Қазақстан, Ресей және Беларуcсиядан екі жүзге жуық журналист келеді деп күтілуде.

 Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp