Сауда алаңдарында тұтынушылар мен сатушылардың арасында әртүрлі себептермен дау тудыратын бірқатар мәселелер бар.
Сауда орнының қауіпсіздік қызметі, әкімшілігі, сатушылары немесе кассада отыратын адам тұтынушыны заттарын сақтау камерасына тапсыруға мәжбүрлейді, бірақ олардың сақтығына кепілдік бермейді, ал егер тұтынушы келіспеген жағдайда оны сауда орнына кіргізуден бас тартатын жағдайды талқылап көрейік.
Сақтау шарты күнделікті өмірде кең таралған. Кей кездері тұтынушылар оны күнде жасайтынын байқамаулары да мүмкін. Мысалы, автокөліктерін автотұраққа қойған кезде, жүктерін сақтау камерасына тапсырғанда немесе киімдерін мейрамхана, кинотеатр немесе өзге орындардың киімжайларына тапсырған кездері.
Бірден атап өтейік, тұтынушы сауда орнына кірген кезде өзінің жеке заттарын сақтау камерасына тапсыруға міндетті емес, оған мәжбүрлеу коммерциялық ұйымның тұтынушыға сәйкес тауарларды ұсыну мүмкіндігі бар кезде бөлшектеп сатып алу және сату шартын жасаудан бас тарту сияқты болып бағаланады, оған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) 387-бабына сәйкес жол берілмейді.
Жоғарыда айтылғандай, тұтынушы өзінің жеке заттарын қалдыра отыра, оның сақталуы бойынша қызмет көрсету туралы дүкенмен шарт жасайды. Осы немесе кез келген өзге шартты жасауға мәжбүрлеуге жол берілмейді, ол заңсыз, бұл норма ҚР АК 380-бабының және “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы №274-IV Заңының 8-бабының ережесінде көрсетілген.
ҚР АК 772-бабына сәйкес сақтау шартын жасау тұрмыстық қызмет көрсету түрінде ауызша тұтынушыға нөмір, жетон және өзге белгілер берумен, мысалы, ұяшық нөмірінің кілтін беру арқылы жасауға рұқсат беріледі.
Біздер қарастырып отырған жағдайда, сақтау шарты төлемсіз, өйткені әкімшілік бір жақты ғана – тұтынушыға одан төлемақы алусыз бір затты ұсынуға міндеттеледі, мысалы, зат сақтау үшін ұяшық (ҚР АК 384-б. 2-т.). Сақтау шартының жауаптылығы міндетті сақтауға берілген затты сақтау және оны сақтап, қайтару. Зат сақтауға берілген сәттен бастап сақтау шарты жасалған болып есептеледі (ҚР АК 768-б.).
Сауда орны әкімшілігі заттың сақталуы үшін шартта қарастырылған және оған берілген заттың сақталуына қажет шараларды қолдануға міндетті. Тіпті, егер сақтау төлемсіз жүзеге асырылатын болса да, олар сақтауға алынған затты өзінің затындай қорғауы қажет. Зат сақтауға қандай жағдайда тапсырылды, дәл сондай жағдайда иесіне берілуі қажет, ал табиғи бүлінуі есепке алынатын болады (ҚР АК 775-б.).
Сақтау шартында тапсырылған заттың сақталуы бойынша қолданылатын нақты шаралар көрсетілуі мүмкін. Олардың қатарында, мысалы, температуралық немесе технологиялық режімді қадағалау, мүліктің сақталу орнына өзге тұлғалардың қолжетімдігін болдырмау, т. б. бар. Осылайша, әкімшілік сақтауға берілген заттың жоғалып кетуіне, жетіспеуіне немесе бүлінуіне жауап береді, егер жоғалып кетуі, жетіспеуі немесе бүлінуі оның кінәсынан болмағанын дәлелдеп беретін болса, жауапкершіліктен босатылады (ҚР АК 778-б.).
ҚР АК 780-бабына сәйкес ақысыз сақтау кезінде тұтынушыға келтірілген шығын, жетіспеушілік немесе бүліну:
1. Заттың жоғалғаны немесе жетіспегені үшін – жоғалған немесе жетіспеген заттың құны мөлшерінде;
2. Заттың бүлінгені үшін – оның бағасы қандай сомаға төмендеді, сол сома мөлшерінде өтеледі.
Тұтынушылардың назарын аударатын жай, егер сіз сақтауға берілген пакет немесе сөмкеде қандай да бір құнды затты (ақша, ұялы телефон, зергерлік бұйым және т.б.) қалдырсаңыз және қайтып алған кезде олар жоқ болса, сізге өз шындығыңызды дәлелдеу өте қиын. Осыған байланысты айтарымыз, затты сақтау ұясында қалдыру немесе өзімен бірге алу ол тек тұтынушының өз еркіндегі құқығы болып табылады.
Егер сіз жеке заттарыңызды тапсыртуды мәжбүрлеу фактісіне тап болсаңыз, біріншіден, өз пікіріңізді қалдыру үшін шағымдар және ұсыныстар кітапшасын сұраңыз, сонымен бірге дүкен әкімшілігімен сөйлесіңіз, мүмкін, оның себебі күзетшінің білместігінен болған шығар. Қандай жағдайда болсын, жанжалдасудың және дауласудың қажеті жоқ. Егер бұл шаралар қажетінше әсер етпесе, батыл түрде тұтынушылардың қоғамдық бірлестігіне, медиация қызметіне немесе талап өтінішімен сотқа жүгініңіз.
Тұтынушылардың құқығын қорғауда басқа да туындайтын мәселелер бойынша азаматтарға Солтүстік Қазақстан облысының тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің “жедел желі” телефонына 8 (7152) 52-14-36 нөмірі бойынша, Шал ақын аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының 8 (71534) 2-10-16 телефоны нөміріне немесе облыс аудандарында және Петропавл қаласында орналасқан аумақаралық басқармаларға хабарласуларыңызға болады.
Денис ПАНЧЕНКО,
облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментiнің бөлім басшысы,
Әлия ЕСТАНОВА,
Шал ақын аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының инспекторы.