«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫНА САЛҒЫРТ ҚАРАМАЙЫҚ

Әлем жұртшылығын алаңдатып отырған коронавирус Қытаймен іргелес отырған біздің елдің де қауіпсіздігін сынға салып отыр. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында бұл індеттен сақтану жолдары айтылып, өңірімізде волонтерлер қозғалысының дамуы және “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алған түлектердің жұмысқа орналасуы талқыланды.

 Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев пен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, өңірімізде коронавирус жұқтырғандар жоқ екенін мәлімдеді. Десек те, шетелден келген солтүстікқазақстандықтар бақылауға алынып, тиісті шаралар жүзеге асырылуда.
Отырыста көктемгі су тасқыны кезінде ауруды өршітіп алмау жайы айтылды. Үстіміздегі жылы 92 елді мекенді су басуы мүмкін деген болжам айтылғалы, бұл ауылдардың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Ал осы кезде залалсыздандыру құралдарын, масканы жеткілікті көлемде таратып, санитарлық шараларды жүргізу қажет.
Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов сақтандыру шараларына салғырт қарамау қажеттігін ескертті. Әсіресе, коронавирустың салдарынан бірқатар елдерге саяхаттау бағасының арзандауы тұрғындардың қызығушылығын тудыруы мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылды – “Волонтер жылы” деп жариялағаны белгілі. Бүгінгі таңда өңірімізде еріктілер қозғалысына екі жарым мыңнан астам адам тартылған. Алдағы уақытта бұл санды бес мыңға дейін көбейту көзделіп отыр. Облыстық жастар саясаты мәселесi жөнiндегi басқарманың басшысы Ирина Тухватулина жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстар легін баяндады. Соның бірі – өңірімізде өзгелерге үлгі боларлықтай жобаларды жүзеге асырылуы. Мәселен, ерікті Азат Жұмағұл “Радуга” ЖШС-мен бірлесіп, экология саласы бойынша ұтымды жобаны жүзеге асыруда. Ал “28 петель” клубы шала туған нәрестелерге киім тоқу бойынша жобаны қолға алыпты. Бүгінгі таңда волонтерлер жалғызбасты қарттар мен мүгедектердің аулаларын қардан тазалуға өз үлестерін қосуда.
– Өңірімізде еріктілердің санын арттыру керек. Германия тұрғындарының 31 пайызы волонтерлік жұмысқа тартылған. Ұлыбритания халқы да аталған шараға белсенді араласады. Олардың арасында зейнет демалысына шыққан аға буын өкілдері бар, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Әкімдік отырысында “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алғандарды жұмысқа орналастыру мәселесі жан-жақты талқыланды. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің проректоры Жанар Таласпаеваның айтуынша, 2018 жылы 10 мамандық бойынша даярланған 127 түлектің 80 пайызы жұмысқа орналасыпты. Өткен жылы 245 жастың 75 пайызы жұмыс тауыпты. Ал үстіміздегі жылы “Серпіннің” 203 түлегі қолдарына дипломдарын алады. Алайда, жұмыс берушілер тарапынан қызығушылық аз. Мәселен, құрылыс компанияларының басшылары маман тапшылығын үнемі айтады. Ал іс жүзінде жастарды жұмысқа қабылдаудан қашқақтайды. Кеше ғана жоғары оқу орнын бітірген маманның тәжірибесінің жоқтығынан жұмысқа орналаса алмауы ақылға қонбайтынын айтқан өңір басшысы түлектерді жұмыспен толық қамтуды тапсырды. Алдағы уақытта әр басқарма басшысы серпіндіктерді жұмысқа орналастыру бойынша ай сайын есеп беріп отыратын болады.


Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp