«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТУ ҚАЖЕТ

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру және ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Елена Степаненко атап өткендей, Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру жұмысы өңірімізде баяу жүргізілуде. Аудандық әкімдіктер де, басқармалар да резервке үміткер ұсынуда салғырттық танытуда. Бүгінгі таңда біздің өңірден тек 34 адам ғана ұсынылыпты. Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жас мамандарды қолдау қажеттігін қатаң тапсырды.
Өңірімізде ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында да түйінді мәселелер бар. Бруцеллез ауруына шалдыққан малдардың 57 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтың айтуына қарағанда, бұл мәселе шаруашылықтардың ветеринарларға ескертпестен малды басқа жаққа айдап апаруының салдарынан туындап отыр. Өңірімізде осындай 300-ге жуық заң бұзушылық тіркелсе, оның тек 29-ы бойынша ғана кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жергілікті жерлерде ветеринарлық қызметтерге жеткілікті көлемде қаржы бөлінбейді, кейбір мамандар материалдық-техникалық жағдайдың төмендігінен түрлі вакциналарды үйлерінде сақтауға мәжбүр. Өңірімізде 529 мал қорымы болса, бірде-біреуі талапқа сәйкес келмейді. Бірқатар аудандарда ондай орындар қарастырылмаған. Жергілікті жерлерде ветеринар мамандардың тапшылығы да айқын сезілуде. Үстіміздегі жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ветеринария мамандығына гранттар бөлінгенімен, ниет танытқан жастар болмапты. Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов Берік Әлжановқа ветеринария басқармасы орын алған фактілерді тіркеумен емес, туындауы мүмкін мәселелердің алдын алумен айналысуы керек екенін қадап айтты.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Ибраев бруцеллез ауруы анықталған ошақтарға шектеу қою және алу шаралары жөніндегі шешімдерді шығару мерзімінің сақталмайтындығын айтты. Мәселен, Уәлиханов ауданындағы Көбенсай ауылында бруцеллез ауруы бойынша қойылған шектеуді алу жөніндегі ұсыным 20 күннен бері орындалмаған. Заң жүзінде мұндай шешім үш жұмыс күні ішінде қабылдануы керек.
Бүгінгі таңда Ресейдің Қазақстанмен көршілес өңірлерінде төрт түліктің құтырма, жұқпалы анемия, нодулярлық дерматит сынды аурулардың ошақтары анықталған. Сол себепті Марат Ибраев сақтық шараларын күшейту қажеттігін Ресеймен шекаралас қоныстанған Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов, Ақжар, Қызылжар ауданы әкімдерінің есіне салды. Ал еліміздің Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарынан тірі мал әкелуге шектеу қойылған.
– Бүгін көтеріліп жатқан мәселелердің маңызы зор. Ветеринарлық қадағалауды қамтамасыз ету арқылы қоршаған ортаға, тұрғындардың денсаулығына кері әсер ететін қауіптен сақтанамыз. Бұл мәселелерді бюджеттен қаржы бөлмей-ақ жергілікті жерде шешуге болады. Мәселен, мал қорымын шаруашылық субъектілерінің көмегімен салу керек, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан мен жауапты органның басшыларына тапсырмалар берді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp