Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін облыста карантин шаралары күшейтілді. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері, науқас адамдар, транзиттік жүк көліктері, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізетін ауыл шаруашылығы техникаларынан басқаларға аудандарда және Петропавл қаласының аумағында жүруге тыйым салынады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев брифингте мәлімдеді.
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес мемлекеттік мекемелер, денсаулық сақтау ұйымдары, дәріханалар мен бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғы режімде жұмыс істей береді. Ал тұрғындардың азық-түлік дүкендерінде таңғы сағат 10-нан кешкі 18.00-ге дейін сауда жасауға мүмкіндігі бар.
– Қызметкерлерді жұмыс орнына және үйге жеткізу тәртібі қатаңдайды. Жұмыс беруші қызметкерлерді қызметтік немесе жалдамалы көлікпен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл орайда барлық санитарлық шаралар қатаң орындалуы шарт. Қызметкерлерді тасымалдауда жолаушы саны да шектеулі болғаны жөн. Жеке көлікпен жұмысқа баруға болмайды, – дей келе Руслан Қанатханұлы аса қажет болған жағдайда ғана тұрғындарға үйден шығуға рұқсат бар екенін айтты. Мысалы, қоқыс төгу, жұмысқа бару, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу үшін ғана сыртқа шығуға болады. Ал 65 жастан асқан адамдар үйде оқшаулануы қажет. Көрші-қолаң, туыс-туған, дос-жаранның үйіне қонаққа баруға мүлдем болмайды. Саяжайға шығуға да тыйым салынғанын айтып өткен жөн.
Төтенше жағдай режімін бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Яғни, он айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамауға алынады.
Брифингте карантин талаптарына бағынбаған азаматтар саны азаймай отырғаны айтылды. Балаларын аулаға серуендеуге жіберген ата-аналардың жауапсыздығы да төмен екені байқалады. Бұл да карантин тәртібіне бағынбаудың бір көрінісі болып саналады. Үлкендердің бақылауынсыз кәмелеттік жасқа толмаған балалардың бейсауат жүруі және карантин режімін бұзудың алты оқиғасы анықталды.
Бүгінде сотта 224 іс қаралды. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан екі оқиға тіркелгенін де айтып өткен жөн. Қазір өңірде 44 блокбекет бар. Соның бесеуі – Петропавл қаласына кіреберісте. Бүгінде жұқпалы індетке шалдыққан науқастардың 86 пайызы емделіп үйлеріне шықты. Қазір 679 тұрғын үй карантинінде болса, 51 адам карантиндік стационарда.