Шал ақын ауданында ішкі істер қызметінің ведомстволық мұражайы ашылды. Мұражайдың ашылуымен жиналғандарды аудан әкімі Нұрлан Есімов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Айтбаев құттықтады.
Мұражайға запастағы полиция полковнигі Сәбит Ысқақов, милиция ардагері Қобылан Хамзиннің зайыбы Сақып Қоспанқызы және т.б. бағалы бұйымдар тапсырды.
Мұражайдың ашылу салтанатына осы ауданнан шығып, ішкі істер қызметінің республикалық деңгейдегі басшыларының бірі болған генерал Әлімжан Ахмадин қатысып, өзінің жеке мүліктерін музей қорына тапсырды. “Мен түрлі лауазымдарда қызмет атқарып, милицияға қырық жылдан астам өмірімді арнаған адаммын. Ішкі істер министрінің орынбасары болдым. Туған өлкеме Алматы қаласынан ат терлетіп келіп отырмын. Мұражайға естелік болсын деген ниетпен өзімнің шинелімді, папахамды, кителім мен фуражканы, былғары етігімді сыйға тарттым”, – деді ол.
Жаңа мұражайға қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, Ұлы Отан және ауған соғыстарына қатысқан жауынгерлер, бөлім басшылары, қызмет бабында ерлігімен көзге түскен сақшылар туралы арнайы жәдігерлер қойылған.
Жақсыбай САМРАТ.