Бүгінде қазақстандықтардың өмірінің бір бөлшегіне айналған сандық технология құқық қорғау саласына да енгізіле бастады. Құқық қорғау органдары ІТ-технологияның көмегімен қылмыстық процесті жетілдіру, әкімшілік құқық нормаларын азаматтарға ыңғайлы және ашық етіп жүзеге асыруға мүмкіндік беретін механизмдерді жаңғыртуды қолға алуда.
Бас прокуратурада заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, оған барлық аймақтардағы құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнеконференция арқылы қатысты. Жиында Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қылмыстық процесті оңтайландыру үшін жасаған “Е-қылмыстық іс” және “Бірыңғай әкімшілік өндіріс тізімі” жобалары талқыланды.
Жобаның мақсаты – заңнамаға өзгеріс енгізбей-ақ прокуратура, тергеу және сот органдары арасындағы кедергілер мен бюрократияны жою және өзара байланысты жеңілдету. Маусымның 1-інен бастап бұл жоба барлық өңірлерде енгізілді. Нәтижесінде қылмыстық істер тіркелгеннен бастап, оны сотқа жібергенге дейінгі уақыт 1-2 айдан, 3-10 тәулікке дейін қысқарды. Ал тергеу ісіне наразылықтар – 24 пайызға, конституциялық құқықтарының бұзылғанына шағымданушылар 56 пайызға азайған.
Солтүстік Қазақстан облысында маусымның 1-інен қыркүйектің 30-ына дейін қылмыстық қудалау органдары сотқа 434 қылмыстық істі жөнелткен, бұл барлық істердің 76,8 пайызына тең. Сотқа жіберілген қылмыстық істер жеделдетілген тәртіпте, яғни тағайындалған күні қаралады. Бұл жоба аясында біз қылмыстық қудалау органдары ғимаратындағы кезекші прокурорлардың жұмысын қайтадан құрып шықтық. Кезекшілік күнделікті атқарылады, сотқа дейінгі тергеу мерзімінің сақталуын бақылау және азаматтарды қабылдау сол жерде жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда облыстағы барлық ішкі істер басқармалары мен бөлімдерінде тәулік бойғы бейнебақылауға алынған тергеу жүргізетін кабинеттер жасақталды. Бұл шаралардың бәрі тергеу барысына көңілі толмаушылардан түсетін шағымдарды азайтты. Бүгінгі таңда өңір бойынша прокуратураға шағымданушылар 36 пайызға азайған, бұл – тәртіп пен оңтайландыру шараларының жемісі.
“Е-қылмыстық іс” қанатқақты жобасы – сот өндірісі мәдениетін түп-тамырымен өзгертті. Мысалы, іс тергеушінің қолында, ал тергеу барысына ведомстволық, прокурорлық және соттық қадағалау қашықтықтан жүргізілмек. Бұл сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, қағазбастылықты жояды. Жобаны алғашқылардың қатарында Астана қаласы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары қолға алған болатын. Мұнда 631 іс осы тәртіппен жүргізілген және нәтижесі құптарлық.
Біздің облыстық прокуратура жобаны қыркүйек айының 11-інен бастап енгізді. Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы қабырғасында жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 4 миллион теңге бөлініп, жабдықтар сатып алу мәселесі шешілуде.
Бұрын жағдай басқаша еді ғой, хаттама жарты сағат бойы толтырылатын, ал оны базаға тіркеу 10 күнге созылатын. Ереже бұзушы айыппұлын банкте төлеген соң түбіртекті мемлекеттік органға апарып көрсететін. Ал қасақана төлемейтіндермен жұмыс жүргізу тіптен қиын болатын.
Жаңа жоба біздің облыста да енгізіле бастады. Бюджет қаржысы есебінен Петропавл қаласы мен бірнеше ауданның жергілікті полиция қызметіне планшеттер мен принтерлер сатып алынды. Қазанның 4-і күні Петропавл қаласында салтанатты түрде жобаның тұсауы кесілді. Қазіргі таңда Петропавл қаласы, Мамлют және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мобильді құрылғылар арқылы толтырылуда. Енді облысты түгел осы жүйеге көшіру көзделген. Жаңа жоба ел көлемінде тегіс жүзеге асырылған кезде көлік жүргізушілер бұрынғыдай бір бума құжат тасып жүрмейтін болады, жеке куәлігін көрсетсе жеткілікті.
Гүлмайра КЕНЖЕБОЛАТОВА,
облыстық прокуратура аппаратының бас маманы.