Биыл қар жылдағыдан қалың. Өткен күздің жауынды-шашынды болғаны да белгілі. Соған қарағанда биыл көктемде су тасқыны болуы мүмкін.
Газет оқырмандарының естеріне сала кетсек, өткен жылы облыс орталығында 104 тұрғын үйді қар суы басқаны тіркелді. Есіл өзенінің арнасынан көтерілуінен Заречный және Былғары зауыты шағынаудандарында орналасқан 6 тұрғын үйге су кірді. Есіл арнасындағы: қалалық жағажайдағы, Өзен портындағы, Заречный мен Былғары зауыты шағын-аудандарындағы 5 мыңнан астам саяжай учаскелері су астында қалды. Адамдардың өлімі мен материалдық шығындардың орын алуына жол бермеу мақсатында Петропавл қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы 2015 жылғы су тасқыны кезінде мынадай іс-әрекеттерді орындауды ұсынады:
Кенеттен су келген немесе су деңгейі күрт көтерілген жағдайда:
– қауіпсіз жерге көшірілерде тиісті киімдер (мүмкіндігінше су өткізбейтін) киіп, қажетті құжаттарды, бағалы қағаздарды, ақшаны, азық-түлік пен су қорын, дәрі қорабын, бірінші кезекте қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып шығыңыз;
– суды, газды, электр қуатын ажыратыңыз, пешті сөндіріңіз, есік-терезелерді жабыңыз, тұрғын үйден тез шығып, қауіпсіз жерге барыңыз;
– апат ауданынан шыға алмай қалсаңыз, онда қауіпсіз жерге орналасыңыз да (жоғары қабатқа, шатырға, биік жерге және т.б.) өзіңіздің тұрған жеріңіз жайлы хабар беріп, көмек күтіңіз.
Су басқан аумақтағы іс-әрекет:
– су басқан учаскедегі қозғалысты шектеңіз;
– коменданттық қызмет пен құтқару бөлімшелерінің барлық талаптарын орындаңыз;
– қолда бар жүзу құралдарын пайдаланыңыз, олар болмаған жағдайда қарапайым бөренелерді, тақтайларды, автомобиль камераларын, бөшкелерді қолданыңыз;
– суға түсіп кетсеңіз, ауыр киімдеріңізді шешіп, жақын жердегі су баспаған учаскеге қарай жүзіңіз (ағынға қырындай отырып);
– су астындағы қауіпті, жарақаттауы мүмкін заттардан сақтаныңыз;
– маңызды міндет – суға батып бара жатқан адамдарды құтқару. Бірінші кезекте балалар мен кәрі адамдарға көмек көрсетіңіз.
Егер су басқан аумақта уақытша бола қалсаңыз:
– суға батқан азық-түліктерді пайдаланбаңыз, тек қайнаған су ғана ішіңіз;
– ылғалды және су басқан ғимараттардағы электр сымдары мен электр аспаптарына жақындаудан сақ болыңыз;
– ғимараттар мен аумақтардан су ағызуға және соруға арналған шараларға белсене қатысыңыз;
– электр және газ аспаптарын тек мұқият кепкеннен және тексергеннен кейін ғана пайдаланыңыз.
Азамат ОРЫНБАЕВ,
Петропавл қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың бастығы,
өртке қарсы қызмет подполковнигі.