«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҢЛАҚТАР САЙЫСТА ТОҒЫСТЫ

Солтүстікқазақстандық энергетиктердің дәстүрлі сайысы биыл Бескөл ауылындағы бөлімшенің оқу-жаттықтыру алаңында ұйымдастырылды. Облысты электрмен жабдықтап отырған компания бөлімшелеріндегі жедел жөндеу жұмыстары мамандары үш күн бойы білімділік пен біліктілік сайысына түссе, оларға берілген тапсырмалар аз болған жоқ.

Сегіз аудан мен облыс орталығынан келген 13 команданың құрамындағы монтёрлердің барлығы – өз ісінің шеберлері. Облыстың тұтынушыларын электрмен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған олардың жұмыстары жеңіл атқарылатын шаруа емес. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Аталмыш шара мамандардың біліктілігін арттыруды, саладағы ғылыми-техникалық үдерістерді жетік меңгеруді, қызмет барысында жұмысшыларға жарақат алмауды үйретуді көздейді. Сайыскерлердің құрамының 75 пайызға жаңартылуы дәстүрлі шараның басты өзгешелігі болды.  

Сайыскерлер жеті кезеңде сынға түсіп, ұжымдасқан топтар берілген тапсырмаларды орындап шығуға бар күштерін салды. Командалар бір-бірімен жарыса отырып, өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, қызметтерінің қыр-сырына терең бойлады.

Үшкүндік тартыстың қорытындысы бойынша біліктіліктері мен шымырлықтарын танытқан петропавлдық энергетиктер бірінші орынды қанжығаларына байлап қайтты. Екінші, үшінші орындарға Благовещенка жөндеу-өндірістік базасы мен Мамлют аудандық электр стансасының монтёрлері лайық деп танылды. “Үздік шебер” аталымы қалалық бөлімнің өкілі Әмір Кәкеновке берілсе, “Үздік электромонтёр” аталымын мамлюттік Кирилл Чеботарь иеленді. Жеңімпаздар “СевКазЭнерго” компаниясының бағалы сыйлықтарымен және грамоталарымен марапатталды.

Александр СЕМЕНЧУК,

“СевКазЭнерго” АҚ-ның баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp