Қызылжар – ұлт мүддесіне адал қызмет еткен небір алыптарды дүниеге әкелген киелі өңір. Ғұмырын еліміздің бақытты болашағына арнаған жерлестеріміздің алғы шебінде мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының тұратыны анық. Ұлт қайраткерінің 125 жылдығы туған жерінде аталып өтті.
Айтулы шараға жиналған меймандар алдымен Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектеп алдындағы қайраткердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан кейін Оқушылар сарайында ұйымдастырылған «Смағұл Сәдуақасұлының қайраткерлік тұлғасы және жастарды отаншылдыққа баулу» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференция аясында облыстық мемлекеттік архив мамандары ұйымдастырған «Смағұл Сәдуақасұлының қайраткерлік тұлғасы» атты көрменің тұсауы кесілді. Көрме сөресіне ұлт қайраткерінің өмірінен сыр шертетін бірегей фотосуреттер мен материалдар қойылған.
Конференция жұмысына қатысқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығын мерекелеу қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын одан әрі зерделеуге, сақтауға және насихаттауға, өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге, елдің әдебиетімен мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті жерлестердің есімдерін мәңгі есте қалдыруға ықпал ететінін айта келіп, жиналғандарға Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Смағұл Сәдуақасұлы – халқымыздың біртуар перзенті. Ол күрделі кезеңде маңызды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, көптеген игі бастамаға ұйытқы болды.
Тұғырлы тұлға төл руханиятымызды өркендетуге зор еңбек сіңірді. Тұңғыш қазақ драма театрының ашылуына, Қазақ педагогика институтының іргелі оқу орнына айналуына ықпал етті. Бүгінгі «Egemen Qazaqstan», «Aқиқат» сынды бірқатар бaсылымның тарихи бастауында тұрды, қазақ баспасөзін дамытуға белсене атсалысты.
Халқымыз Смағұл Сәдуақасұлының есімін ешқашан ұмытпайды. Оның өнегелі өмірі – өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі», – делінген хатта.
Академик, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры, конференцияның модераторы Дихан Қамзабекұлы ұлтымыздың болмысы Смағұл Сәдуақасұлының артына қалдырған мол мұрасынан аңғарылатынын айтты.
– Қызылжарда дүниеге келген екі тұлғаны ерекше ілтипатпен айтуға болады. Біріншісі – қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген Мағжан Жұмабаев. Екінші тұлға – Смағұл Сәдуақасұлы Қос алыптың ел үшін атқарған еңбектері де, тағдырлары да ұқсас. Екеуі де жастар қозғалысының көшін сүйреді. Смағұл Сәдуақасұлы – Қазақстан жастарының көшбасшысы. Тұңғыш жастар газеті – «Жас азаматтың» басты шығарушысы. Басылым Қызылжар қаласында жарық көрді, – деді Дихан Қамзабекұлы.
Смағұл Сәдауқасұлының ұлт үшін атқарған еңбегі мұнымен шектелмейді. Ол 1925-1927 жылдары Халық ағарту комиссары болғанда мемлекеттік ұлт театрын, қазақ университетін ашқан. Алаш зиялыларына қамқор болды. Ахмет Байтұрсынұлының оқулық жазу, мектеп саласын жүйелеу ісін жалғастырды. Қандай жауапты қызметте жүрсе де қолынан қаламы түспеді. Ол роман да, повесть те, әңгіме де, әдеби сын да, көкейкесті көсемсөз де жазды. Саяси қызметімен қоса «Еңбекші қазақ» газеті («Ege-men Qazaqstan») мен «Қызыл Қазақстан» журналын («Ақиқат») қатар басқарды. Абай, Сұлтанмахмұттың мұраларын құнттап, А.Затаевичке қазақтың мың әнін жинатқызған. Сонымен қатар ұлт театрының негізін қалады. Алғаш рет Қызылордада қазақ драма театрының ашылуына Қызылжардың перзенті мұрындық болды.
Дихан Қамзабекұлы Оқушылар сарайына Смағұл Сәдуақасұлының есімін беру туралы ұсыныс айтты. Академиктің айтуынша, Алаш қайраткерінің «Сәрсенбек» романында 1916 жылдың оқиғасы туралы ғана баяндалмайды. «Романда бүгінгі оқырманға әулиенің айтқанындай көрінетін қызықты детальдар бар. Мысалы, біз қазір жоқтан бар жасап жатқан «тарихи шындықтарымызға» Смағұл тың әрі байыпты қарайды. Сондай-ақ Кенесары құбылысы да қызғылықты баяндалады. Қазақтың қазіргі астанасының жайы да сарапталады. Аталмыш туындының түпнұсқасы «М.Әуезов мұражайында» сақтаулы тұр.
«Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Сабыр Қасымов, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты ректорының кеңесшісі Аманжол Күзембаев, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры Гүлнар Мұқанова, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Қабдушев баяндамаларында С.Сәдуақасұлының сан қырлы мұрасы, публицист, жазушы және ағартушы ретіндегі рөлі, сондай-ақ оның идеяларының жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы туралы айтты.
Астанадағы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп- гимназия директоры Қарлығаш Жанғазақова тұлғатану саласының даму бағытын бағдарлап, өскелең ұрпақты смағұлтану ісіне жұмылдыру қажеттігін баса айтты. «Біздің гимназияда 3500 бала білім алуда. Оларға Алаш ардақтысының өмірін үлгі етудеміз. Бұл – біздің ұстаз ретіндегі басты миссиямыз», – деді ол.
Конференция жұмысынан кейін меймандар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында сахналанған «Смағұл шыңы» спектаклін тамашалады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевтың режиссерлігімен көрерменге жол тартқан қойылым асыл тұлғаның қилы тағдырынан сыр шертті.
«Қырылғанда ел бағына туған ұл,
Ердің ері сынбай шыдар сынға бұл,
Ел шындығын, сор мен бағын саралап,
Мәскеуден де, таскеудеден тайсалмай,
Саңқылдаған ақсұңқардай Смағұл,
Асып туған асыл ері Алаштың,
Маңдайында жұлдыз болып тұрған ұл,
Смағұлдың құрметіне жас ұрпақ
Қойса деймін шын ниетпен шыңға гүл!», – деп аяқталатын «Смағұл ішкен у» поэмасының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов халыққа қызмет етуді мақсат еткен тұлғаның бейнесін ашқан туындысын пьесаға айналдыруды өтінген өнерсүйер қауымның сөзін жерде қалдыра алмағанын айтты. «Пьеса жазарда ойыма Смағұлдың тағдыры емес, оған қойылған ескерткіш оралды. Ернұр – Смағұлға ескерткіш қойған Ерік Нұрақаев, Хамза – Смағұлдың сүйек-күлін әкелген Дихан Қамзабекұлы, Қадір – ақылшы болып, тарихи істі ұйымдастырған Сабыр Қасымов. Сөйтіп, үшеуін пьесаға қосып жібердім», – деп драматург шығармасының шығу тарихынан аз-кем ақпар берді. Адамның біртұтас өмірін бір-ақ сағатқа сыйғызатын театрдың құдіретіне таңғалған көрермен «Смағұл тіріліп келіп, араларында отырғандай» күйде қалғанын жеткізіп, шығармашыл ұжымға ризашылығын білдірді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.