«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕГІЗДІҢ СЫРЛЫ ӘНДЕРІ-АЙ…

Сегіз сері Баһрамұлы – өзі өмір сүрген дəуір шындығын əн-му­зыка, өлең-жыр туындылары арқылы бейнелей білген ұлы суреткер, дарынды композитор. Ол асыл өнерімен, жеке басы­на тән əдет-мінездерімен, сəн-салтанатымен жас шағынан көзге түскен қазақтың ең қадірлі серісінің бірі. Өңіріміздің әншілік мектебінің алтын тәжіндей жарқыраған өнер иесінің әуен-саздарынде бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сыр­лы, шат сезімді, нәзік, кейбір туындыларында терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуағы, шері мен шаттығы қат-қабат өріліп жатады. Сегіздің шығармалары­ның ішінде “Қарғаш” әнінің шығу тарихы ерекше.

Сегіз сері сал-серілік құрып жүр­ген кезінде үнемі Нұрлыбай ауылы­на тоқтап, сауық құрғанды ұнатады екен. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл қо­жалар шоғырланған елді мекен бол­са керек. Нұрлыбайдың ең үлкен ұлы Жанғожа ауылға сыйлы, қадірлі азамат ретінде танылып, көрші-қо­лаң, туған-туыс арасында үлкен бе­делге ие болыпты. Сыр бойында Ор­та жүз бен Кіші жүз елдерінің шек­тесетін жерінде отырған Нұрлыбай қожа да ауыл тұрғындарына үнемі көмегін беріп, жомарттығымен танылыпты. Қарғаш есімді сұлу – осы ақсақалдың кенже қызы. Ол ұзатылар кезде Сегіз сері өз тобы­мен ауылға келіп, тынығып алмақ­шы болады. Танымал өнер иесінің келгенін естіген бойжеткен қадірлі қонаққа құрбылық тілегін жеткізіп, яғни өзіне ән арнауын өтінеді. Қа­рын­дасындай болып кеткен әрі әке­сі мен ағасының ел-жұртқа жасаған жақсылықтарын ескеріп, сазгер бір кештің ішінде бойжеткенге арнап ән жазады.
Кейінгі уақытта интернет кеңіс­тігін­де жұртшылық «Қарғаш» әнінің авторы ретінде өзге авторларды атап жүргенін жиі кездестіреміз. Бі­рақ, шын мәнінде, бұл туынды Сегіз сері Баһрамұлының шығармасы еке­нін дәлелдейтін тарихи фактілер өте көп. Мәселен, Жаяу Мұса Бай­жанұлы бірнеше жазбаларында ән­нің шығу тарихына кеңінен тоқта­лып, Сегіз серінің оны не себеппен шы­ғарғанын жан-жақты айтып өт­кен. Ақын “Ер Сегіз” атты өлеңінде:
Сегізде толып жатыр тамаша
әндер,
“Әйкен-ай”, “Жылы ой”, “Қарғаш”,
“Бес қарагер”.
“Шолпан қыз”, “Ғайни” менен
“Бозқараған”,
Бәрі де ол шығарған ғажап әндер, – деп жазған болатын.
Сазгер Жаяу Мұса Сегіз серіні өзінің ұстазы санап, екеуі бірге біраз жерді аралаған. Жүрген жерінде жерлесіміздің әндерін айтып, тың­дарманның қошеметіне бөленген. Сауық-сайранда Қарғаш қыз тура­лы әнді де әуелетіп, оның кеңінен та­нылуына түрткі болған.
“Сегізден үлгі-өнеге ап артты
өнерім,
Мен ондай көрген емен
жыр шеберін.
Әр ауыл әншісіне жазып бердім,
Ұстазымның тамаша ән өнерін.
Біздерге үлкен шаруа
жұртты бұру,
Мақсатым – жақсылармен
мәжіліс құру.
Тағы да менің баппен
шырқайтыным,
Сегіздің әні “Қарғаш”, “Кісен сұ­лу”, – деп жырлаған әнші бойжет­кенге арналған өлеңді нақышына келтіре орындап, қазақ өнерінің дамуына зор үлесін қосқан.
“Еңлік-ай”, “Жансұлу”, “Мең­зи­па”, “Алқоңыр” туындыларымен бір­ге “Қарғаш” әнінің шығу тарихын, мә­тінін Жамбыл ауданындағы Айым­жан ауылында тұрған әнші Базар Мақышқызынан осы елді мекеннің белсенділері Күлзи Бисарина мен Шолпан Садықова жазып алған екен. Сондай-ақ, Қызылжар қала­сы­ның тұрғыны марқұм Ғазез Му­синовтың зерттеулерінде де осы ән жайлы деректер кездеседі.


“ҚАРҒАШ” ӘНІ
Ақ дидарың көргенде
тұра алмаймын.
Сенсіз жерде еш дәурен
құра алмаймын.
Сен есіме түскенде,
асыл Қарғаш,
Ыстамбұл кемесіндей
бұраңдаймын.

Ашылар жүрек құлпы сыр
шерткен соң,
Келмессің ауылыңа бір кеткен
соң.
Еділде Байұлының
бурасындай
Қайғырар талай құрбың сен
кеткен соң.

Жылқың жатыр Аралдың
шаңдағында,
Жігіт сері болмай ма
бойдағында.
Ауылыңнан сен кеткен соң
қызық кетер,
Жүргейсің келіп-кетіп
ойнағыңа.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp