«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕГІЗ МЫҢ ТҮП КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Өткен демалыс күндері солтүстікқазақстандықтар ел көлемінде жарияланған “Экосағат” республикалық экологиялық акциясына ат салысып, өңір аумағында сегіз мың түп ағаш пен тал көшеттерін отырғызды. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен қала әкімі Болат Жұмабеков, депутаттар мен мемлекеттік орман иеленуші кәсіпорындардың мамандары, ардагерлер мен жастар қатысты.

Жеңіс саябағын көгалдандыруғае 100-ден астам адам тартылды. Олардың жаппай ағаш отырғызу шарасына тыңғылықты дайындықпен келгені бірден аңғарылды. Әрқайсысы қолына күрек алып, жергілікті орман бақтарында өсірілген және өңір климатына бейімделген қарағай, қайың, емен, терек, үйеңкі және шетен сынды ағаш көшеттерін жарыса отырғызды. Марат Тасмағанбетов пен Болат Жұмабеков те әріптестерімен бірге бұл игі іске құлшына кірісті.
Саябаққа асыға жеткендердің қатарынан немере-жиендерін ерте келген қарияларды да аңғардық. Солардың бірі – Геннадий Бубнов. Ол бүгінде облыстық орман, балық және аңшылық шаруашылығы басқармасының ардагерлер кеңесін басқарады. “Акцияның Жеңіс саябағынан бастау алғанына және оған қатысып жатқандардың арасында жастардың көптігіне қуанып тұрмын. Елі үшін соғыста қаза тапқан жерлестерімізге арналған саябақ бұл шарадан соң одан сайын көркейе түсті. Өңір тұрғындары, кейінгі ұрпақ қоршаған ортаға ұқыптылықпен қараса екен деген тілегім бар”, – дейді зейнеткер.
Айналамыздағы табиғатқа жанашырлықпен қарау, ортақ үйіміз – Жер ананы аялау – баршамыздың парызымыз. Өз елін сүйетін азамат оның игілігі үшін аянбай тер төгуі тиіс. Осындай ойда тоғысқандардың қатарында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері де бар. Олар Жеңіс саябағының аумағында 200-ге жуық ағаш отырғызды.
Сондай-ақ, акция барысында тұрғындар көшелер мен өзен алқаптарын қоқыстан тазартып, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға жәрдемдесті.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp