«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕГІЗ НЫСАНМЕН ТОЛЫҚТЫ

Солтүстік Қазақстан облысы су қоймаларына бай, өңірде ірілі-ұсақты үш мыңнан астам көл бар. Оның ішінде емдік қасиеті мол тұзды көлдер де жетерлік. Қызылжар өңірінің киелі жерлерінің картасына тұрғындар арасында танымал және сұранысқа ие Меңгесер мен Теке көлдері енді. Мамлют ауданында орналасқан Меңгесер көлінің суының құрамы Өлі теңіздің суына пара-пар екені дәлелденген. 

– Осы айдың басында біз өз жобамызды орталықта қорғап шықтық. Қызылжар өңірінің киелі жерлерінің тізіміне тағы сегіз нысан қосылып, отыз үшке жетті. Биыл алғаш рет сакралды картаға табиғи байлығымыз енді. Біздің өңірдің көлдерінің емдік қасиеті ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ендеше, неге оларды киелі деп санамасқа? – дейді облыстық табиғи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мәмбеталинов.

Киелі жерлердің картасына солтүстікқазақстандықтардың мақтанышы – Айыртау – Имантау – Шалқар табиғи кешені, “Серебряный бор” атты реликт орманы да кірді. Бұдан басқа тізімнен Жамбыл ауданындағы Сүйіндік батырға арналған ескерткіш тасты, XIX ғасырда өмір сүрген, Абайдың ұлылығын алғаш болып дәлелдеп айтқан, ұлт зиялысы Зейнел-ғабиден әл-Жаухаридің жерленген орнын, XVIII ғасырда туған Жоңғар шапқыншылығы кезінде ер Жәнібектің кеңесшісі және сенімді серігі болған Байталақ батырдың Қулыкөл елді мекенінде жерленген орнын да көруге болады. Сонымен қатар облыс орталығындағы мәңгілік алау, саяси қуғын-сүргін құрбандарының монументі, Қарасай және Ағынтай батыр ескерткіштері орналасқан театр алаңы да картаға енді.
– Біз киелі жерлер картасының тізімін толықтырар кезде барлық аудан орталықтары мен елді мекендерді аралап шықтық. Алайда, жергілікті тұрғындар үшін ерекше маңызға ие орындардың бәрі қамтылды деп айта алмаймыз. Сондықтан да егер өңір тұрғындары өз ауылдарындағы тарихи мәні бар нысандарды ұсынса, зерттеп көреміз, – дейді Рақат Мәмбеталинов.

 

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp