«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕГІЗ СЕРІ

Сегіз сері (1818-1854) – шын аты Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақов. Арғы атасы Қожаберген әрі ақын, әрі әнші, әрі батыр кісі екен. Қалмақтармен шайқаста қол бастап, көзге түскен, “Ақтабан шұбырынды” заманының ұлы ескерткіші – “Елім-ай” дастаны мен әннің иесі. Өз әкесі Баһрам батырлығына қоса білімді, діндар адам болған. Баласын жастайынан өзі мұсылманша оқытып, мылтық атуға, садақ тартуға, найза шаншуға, қылыш шабуға, ат өнеріне, балуандықтың айла-тәсілдеріне баулыған. Кейін талапты жігіт қамшы өруден бастап, киіз үйдің шаңырақ, керегесін, аттың ер-тұрманын, өмілдірік-тартпасын, жүгеніне дейін өзі жасайтын шеберге айналған.

“Сегіз” деп ат қойған – жеңгелері. Себебі, ағаларына ілесіп аңға барып жүргенде сегіз жастағы Мұхамедқанапия оқтап берген мылтықпен қашқан киікті атып түсіріпті. Он үш жасынан домбыра тартып ән айтатыны, есейе келе бүркіт, қаршыға баптап, жүйрік ат ұстайтыны байқалған соң “сері” деген ат қосылған. Сегіз он жеті жасында қазіргі Қостанай облысының “Құсмұрын” деген жерін қоныс етіп отырған аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың ауылына қыдырып келеді. Серінің жан-жақты өнерін тамашалаған Шыңғыс дүниеге жаңа келген сәбиіне соған ұқсап өсер ме екен деген тілеумен Мұхамедқанапия деп азан шақыртып ат қояды. Шоқанның шілдехана тойын арнайы шақырылған Сегіз сері бастады деген дерек бар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp