
Гүлтөбе-Маманайда дүниеге келіп, қазақ өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан халқымыздың даңқты ұлдарының бірі – Сегіз сері Баһрамұлының есімі соңғы жылдары ел арасында жиі айтыла бастады.
“Қылышпын қынабынан алынбаған, Алтынмын таразыға салынбаған”, – деп жырлап өткен тұлғаның есімін, шығармаларын халқымызбен қауыштыруда Қазақстанның мәдениет қайраткері, белгілі өнер зерттеушісі, күйші, композитор, бүгінде Астана қаласында тұратын Қайыржан Мақановтың еңбегі ерен. Өткен жылдың қараша айында Астана қаласында “Сегіз сері – жұлдызы Алашымның” деген атаумен қайраткер мұрасын ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында өткен концерттің де басы-қасында осы кісі жүрді. Өнер зерттеушісімен болған әңгімеміздің әлқиссасы осы сауал төңірегінде өрбіді.
– Қайыржан Байпақұлы, Сегіз сері шығармашылығын түгендеген ауқымды шараның жоғары деңгейде өткенінен, оған еліміздің айтулы өнер жұлдыздарының қатысып, жезтаңдай әншінің туындыларын тамылжыта орындағанынан хабардармыз. Мерейлі шараның жай-жапсары туралы өзіңіздің аузыңыздан естісек деп отырмыз?
– Сегіз сері – өз заманының заңғар тұлғасы. Нағыз асылды ешқашан тот баспайтынындай, ол туралы небір қауесет әңгімелер шықса да, есімі бүгінге дейін көмескіленбей, керісінше, уақыт алға жылжыған сайын, алтындай жарқырап естіледі. Әңгіме еткелі отырған концерт туралы толық ақпарат бермес бұрын, осыдан он екі жыл бұрын ұйымдастырылған шара жайлы айтып кетуді жөн деп ойлап отырмын. 2005 жылы елордадағы Назарбаев орталығында Астана қалалық мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен “Серкесі серіліктің – Сегіз сері” деген ән кеші өткізілген еді. Батыр, ақын әрі әнші-сазгер Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақовтың шығармашылығына арналған жиынға халық көп жиналды.
Бұл уақыт Сегіз сері туралы даудың өршіп тұрған кезі болатын. Айтулы тұлға хақында қалам тартқандардың көпшілігі Сегіз өмірде болған, ол ақын-сазгер, әнші-балуан десе, бәзбіреулер Сегіз деген өмірде болмаған, аңыз адам деп өзеуреген. Сол жолғы шарадан кейін жазушы, марқұм Рақымжан Отарбаев Сегіздің ерлігін, дарындылығын, батырлығын, Исатай-Махамбет көтерілісіне өз тобымен келіп қосылғандығын нақты құжаттар арқылы дәлелдеп, баспа бетіне материалдар жариялады. Содан кейін біраз уақыт өтті ғой.
Сұқбаттың толық нұсқасын газеттің №1 05.01.2019ж. санынан оқи аласыздар.