Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болғанды жөн көрген Гүлжаз Карлқызының отбасы 2001 жылы Өзбекстан Республикасының Науаи облысындағы Тамдыбұлақ ауылынан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылына қоныс аударады. Көпбалалы отбасынан шыққан жас дарын Гүлжаз Құлманова аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Міне, содан бері ол аудан тұрғындарын өз өнеріне сүйсіндіріп жүр.
Ауданымызда болып жатқан іс-шараларда қазақ халқының әндерін, термелерін, күйлерін орындап, ауылымыздың көзайымы болған Гүлжаз Карлқызының жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Ол – 2005 жылы Республика күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының 10 жылдық мерейтойына арналған облыстық термешілер сайысының жүлдегері, 2008 жылы Наурыз мейрамына арналған облыстық термешілер сайысының жеңімпазы атанды. Осы жылы Мағжан Жұмабаевтың 115 жылдық мерейтойына арналған әнші-термешілер байқауында “Көрермен көзайымы” атауын, Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер фестивалі аясында өткізілген облыстық “Салт-дәстүрді қадірлейік” атты сайысында 2-орынды иеленді. 2011 жылы отбасылық шығармашылық дуэттер мен ансамбльдердің «Союз родных сердец» атты байқауына қатысып, жоғары орындаушылық шеберлігі үшін 2-дәрежелі дипломмен, 2013 жылы ауданның мәдениет өміріне белсенді қатысқаны үшін облыстық мәдениет және тілдерді дамыту департаментінің Құрмет грамотасымен марапатталды, 2014 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен тілдерді және қоғамдық-саяси жұмыстарды дамыту комитеті ұйымдастырған “Текті сөздің төресі – терме” атты республикалық байқауда жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін елордамыз Астана қаласынан Алғыс хат алып келді. 2015 жылы 8 наурыз мейрамына орай көп жылғы еңбегі және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасын алды.
Сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз облысымыздың, ауданымыздың жұртшылығын ерекше дауысымен тамсандырып қана қоймай, Новоишим қазақ орта мектебінде оқушыларға музыка пәнінен ұстаздық қызмет атқарып, балаларға қазағымыздың ұлттық әндерін үйретуде. Сонымен қатар, “Әдемі-ау” қыздар вокалдық тобының, қазақ мектебінің оқушылары мен мұғалімдерінен құрылған хордың, “Алтын домбыра” шығармашылық ансамблінің жетекшісі болып жүрген ол – он саусағынан өнер тамған жан. Сахнадағы жетістіктерімен қоса іс тігу шеберлігін, ас мәзірін әзірлеу өнерін қатар алып жүрген Гүлжаз Карлқызы елінің елеулісі, халқының қалаулысы, отбасының ұйытқысы да.
Оның алдына қойған мақсаты – еліміздегі әртүрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, өнерін одан әрі шыңдау, жұбайы Жанболатпен бірге шығармашылық жұмысын жандандыру және жалпы көрермендерге әсем ән мен тәтті күй сыйлау.
Гүлбаршын ҚАҒМЕТУЛЛАҚЫЗЫ.
Ғабит Мүсірепов
атындағы аудан.