Жұқалтаң келген, талдырмаш бойлы Дарьяның мінезі ашық екен. Сөзінен де, өзінен де көргенді қыз екені көрініп-ақ тұр. Әңгіме барысында бірден аңғардым, ойы терең, қойған сауалдарыма қайырған жауаптары салмақты. Қаладағы №8 орта мектепті үздік аяқтай алмағанымен, есесіне Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжді қызыл дипломмен бітірген. Өзін сонда оқып жүрген кезде таныта білгендіктен шығар, оқуын бітірмей жатып жұмысқа шақырған мекемелер баршылық. Талпына оқып жүріп, қала өмірінде болып жататын қоғамдық-мәдени шараларда талапты, талантты екенін көрсете білсе, мұндай жастардан кім тартынсын?!
Колледжді аяқтасымен Дарья облыстық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының шақыруымен жұмысқа қабылданған. Қолынан іс келетін ол жиі өткізіліп жататын мәдени шараларды жүргізумен айналысқан. Орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде де. Одан әрі де білімін жалғастыру қажет екендігін түсінген Дарья Калякина 2013 жылы қаламыздағы іргелі оқу орны М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің музыкалық-педагогикалық факультетіне мәдени-бұқаралық шараларды ұйымдастырушы мамандығы бойынша оқуға түседі. Мамандығына деген құштарлығына қоса, алғырлығы болар, алғашқы сәттен-ақ қабілеттілігін танытады.
– Мақтауға татитын осындай жастар көп болса, қандай ғанибет! Әзілдеудің реті осы жерде келіп-ақ тұрғандай. Дарьямыз атақты кинорежиссер Леонид Гайдайдың “Кавказ тұтқынында” фильмінде айтылатын “сұлу, спортшы, комсомол” деген сияқты беткеұстарымыз. Оның бір отырған кезі жоқ. Үнемі бос болмайды. Алдымен таңертеңгілік сабақта, одан кейін көркемөнер үйірмелері өтетін бөлмелердің бірінен көресің. Спортқа жақын екендігін ол университеттің жүзу бассейніне жиі барып жаттығатындығымен көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл қыз біздің мақтанышымыз, – дейді музыкалық пәндер кафедрасының меңгерушісі Галина Колесникова.
Дарья оқып жатқан музыкалық-педагогикалық факультеттегі мәдени-бұқаралық шараларды ұйымдастыру мамандығы 2013 жылы облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ашылыпты. Бұл мәселе облысымыздың, оған қоса қаладағы мәдени мекемелерде осы мамандық иелерінің жетіспейтіндігінен, сұранысқа ие екендігінен барып туындаған. Ал бұл жерде Дарья оқитын топ 6 адамнан аспайтындығы аздық ететін де сияқты.
Аталған мамандық бойынша білім алудың өз қиындығы бар десек, ол әр кез адамның ой-өрісінің жоғары болуын, сондай-ақ, кең ауқымды білім, талмай ізденісті талап етеді. Бұл орайда ойлаған мақсатына талпынып қана қоймай, нық ұстаным ұстана білген жағдайда ғана жететінін жас қыз жақсы түсінеді. Содан да шығар, ол қандай да бір шараларда болсын білімдарлығымен дараланады. Жыл он екі ай бойына мезгіл-мезгіл сайын тапсырылатын сынақтардан ең жоғары балл, жоғары стипендия алуы соған дәлел. Ал университет өмірінде жүйелі өткізіліп жататын көпшілік іс-шараларға келетін болсақ, Дария қай жағынан болсын дарынды екенін көрсете білуде.
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Дарья дәріс алып жатқан іргелі оқу орнында ең үздік рефератқа байқау жарияланады. Оның тақырыбы осал емес, салмақты-ақ. Ол “Ұлтаралық қарым-қатынасты және конфессияаралық толеранттылықты қалыптастырудағы Президенттің рөлі” деп аталады. Байқауға 15 адам қатысып, бірінші орынды Дарья жеңіп алды.
– Тұңғыш Президентіміз күні теледидар арқылы бір-екі ауыз сөз айтып, қуанышқа кенелдім. Орыс тілінде емес, қазақ тілінде. Өзім құрмет тұтатын бұл тілге мектепте оқып жүргенде ден қойдым. Бұл орайда ұстазым Аягөз Болатқызына алғысымды білдіруді ұмытқан кезім жоқ. Оқу жайына келсем, ертеңгі мамандығыма орай білім ғана алып қоймай, осы бастан тәжірибе де жинақтауға тырысып жүрмін. Сценарий жазуға, режиссерлік шеберлікке үйренудемін. Бүгінде осы аталғандар бойынша балаларға ғана емес, ересек жастағылардың өзіне сабақ беруге қауқарлымын деп айта аламын. Спортқа көңіл бөлу саламатты өмір салтын ұстанудың негізі деп білемін. Жүгіруді, жүзуді жақсы көремін, шаңғыда да жаман сырғанамаймын. Міне, жыл парағы жабылатын, яғни Жаңа жылды қарсы алатын күн де келіп жетті. Мұндайда бір-бірімен достықтары жараса бейбіт ғұмыр кешіп жатқан елімізге амандық тілеуден асқан тілек бар ма?! Жаңа жыл қуанышқа толы жыл болсын! – дейді Дарья.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Д. Калякина.
Суретті түсірген автор.