Жүрекке мұңның мөрін таңба қылып,
Тағы да алдадыңыз.
Алдады үміт …
Суалып көңілімнің гүл-реңі,
Жанымда қала берді арман ұлып.
Шарасыз шердің шарлап шартарабын,
Өкпелеп кімге кінә арта аламын?
Сүйсініп, ессіз сүйіп сізді ғана,
Ғаламның ғазал мұңын арқаладым.
Сіз енді сезім жайын сөз етпеңіз,
Біз енді бірімізге бозөкпеміз.
Мендегі сезім өлген …
Өлгенді айтып,
Қайтеміз өрт түсіріп өзекке біз?
Жалғамай тілегімді тілегіме,
Мұң сыйлап сезім өлді гүл-өңіме.
Күнәсіз көз жасыма жуындырып,
Жерледім жүрегіме.