Енді сізге еркелей де алмаймын,
Жаралыппын бақытсыздау ақын боп.
Сағынам да өз-өзімді алдаймын,
Тіпті, сізді сағынуға хақым жоқ.
Енді сізге өкпелей де алмаймын,
Жатқан шақта ішімде бір ит өліп.
Өмір, сені сүйемін деп алдаймын,
Өзегімнен жатсаң дағы итеріп.
Енді маған қамқоршы да емессіз,
Құлап бара жатсам қолын беретін.
Болмысымды сүйе алатын себепсіз,
Қиналатын, қызғанатын, сенетін.
Көңілсіздеу саламыз ғой әнді біз,
Енді ертеңнен күте алмаймын жақсылық.
Қайырылмай қайда кетіп қалдыңыз,
Шексіз, шетсіз сағынышқа тапсырып.
* * *
Ерегістен тіктелмейді еңсеңіз,
Сізді ессіз сүйіп келем, сенсеңіз.
Өмірімнен мәңгі сызып тастар ем,
Сағынбаудың жолын тауып берсеңіз.
Тіпті, жыр да жалау болмай жаныма,
Күн өтуде әйтеуір тек қамыға…
Көлге айналып сағыныштың тамшысы,
Тереңіне батырады тағы да.
Жан даусымды тыңдамайсыз ұғып сіз,
Оны естуге мына әлем де құлықсыз.
Сонда-дағы жүрек сізді сүйеді,
Үмітімен үмітсіз.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
республикалық
жыр мүшәйраларының жеңімпазы.