
Он саусағынан өнер тамған еңбекқор жандардың бірі – Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұратын Сақып Құсайынова. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін насихаттап, жастарды ине-жіптің қыр-сырына баулып жүрген ісмер апамыз отбасына ғана емес, аудан, облыс, тіпті, республика көлемінде де есімі танымал адам десек, артық айтқан болмаспыз.
Өмірді өнерімен өрнектеп, айналасына ілтипаты мен шарапатын шашқан кеңпейілді ақ әже, оймақ шебері сексен жасқа толып отыр. Көңіл сандығы сыр мен жырға, шежіреге толы ақ жаулықты қарияны бұл күні аудандық ардагерлер ұйымының бір топ өкілдері келіп құттықтап, Алғыс хат тапсырып, жылы лебіздерін білдірді. Әдемі әңгімесін әріден бастап, сөз патшасының жауһарларын тереңнен теретін бипаз қарияның қуанышын бөлісуге туған-туыстарымен қатар, Көкшетаудан, Ресейден Гүлсім, Тыйыштық, Баян есімді сіңлілері, Қызылжар қаласында тұратын інісі Амангелді келіп, апаларының мерейін бір көтеріп тастады.
Қызылжар ауданының Құрметті азаматы, “Мақсат” ұлттық-мәдени ағарту орталығының жетекшісі, ардагерлер кеңесінің мүшесі, еліміздің іскер әйелдерінің съезіне бір емес, бірнеше рет қатысқан Сақып Рақымжанқызы – шау тартса да, қоғам өміріне белсене араласып жүрген қазыналы қариялардың бірі. Он жасынан қолына ине ұстаған өнер иесінің бағындырған белестері ауыз толтырып айтарлықтай. Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасай білген Сақып апамыз саналы өмірін өнердің осы бағытына арнаған. “Ерінбей еңбек еткен адамға бақыт келіп бас иеді” дегендей, бүгінгі таңда ою-өрнектің қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алған қария көздің жауын алатындай ұлттық киімдер тіккен кезде алдына жан салмайды. Шебердің қолынан шыққан нәрселері қандай мұражайдың болсын көркін аша түсері сөзсіз. Өмір бойы тынымсыз еңбек етіп, қартайған шағында бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы жанның тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйлық ретінде өз қолымен тұскілем жасағаны мақтануға да, мақтауға да тұрарлық жайт. Қарияның екі ай бойы көз майын тауысып жасаған кілемінің ұзындығы – 3, ені 2 метрді құрайды. Ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі деп санайтын сыйлығын Сақып апамыз барлық ақ жаулықты аналардың тәуелсіздік көшіне қосқан өзіндік бір үлесі болсын деген ақ ниетпен істеген. Үлкен қызығушылықпен еңбек етудің өзін бір жетістік деп санайтын әжейдің бойына біткен ерекшелігі бар. Ол – әрбір оюды өзінше “сөйлетіп”, өмір тіршілігінің сұлулығы мен әсемдігін айқындап, өзгеше, басқаларға ұқсамайтындай етіп жасауында.
Жас ұрпақтың ұстазы болып отырған өнегелі ана бүгінде ортаншы ұлы Жасұланның қолында немерелерінің қызығына бөленіп отырған жайы бар. Келіні Сағила кәрі ананың алдын қия басқан емес.
Айналасына нұр сеуіп, үлкен-кішіге сая болып жүрген Сақып апаның бар тілегі – ел амандығы. Немере-жиендерін емірене еркелетіп, соларға масайрап отырған қарияның жарқын жүзін көргенде өмірге деген іңкәрлік сүйінішіміз оянды. Сексенге келсе де, сыр бермеген осындай өнерлі жандардың төбе көрсетіп ортамызда жүргенінің өзі бір ғанибет емес пе?!
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Қызылжар ауданы.