
Бұл өзі Шал ақын ауданындағы Приишим ауылдық округіне қарасты бірлі-жарым шаруа қожалықтарының ішіндегі беткеұстары деуге болады. Оған 1992 жылы құрылған фермерлік қожалықтың өткен 22 жылдың ішінде орташа гектар шығымдылығын 22 центнерден айналдырып отырғаны дәлел. Облыс елімізді мол астығымен қуантқан 2011 жылы мұнда дәнді дақылдардан гектар басы 45 центнерден өнім алды. Былтырғы қуаңшылық жылдың өзінде бидай шығымдылығының 24,5 центнерден айналуы көп жайды аңғартқандай.
– Жылда көктемгі тұқым себуді 28 мамырдан ерте бастамаймыз. Агротехникалық іс-тәжірибеміздің дұрыстығын оның түпкі нәтижесі көрсетуде. Өңір топырағы өте құнарлы, менде топырақ зерттеу институтының ғалымдары жасап берген танаптарымның химиялық картасы бар. Ол бойынша барлығында минералдық заттар нормаға сәйкес келеді. Яғни, оны минералдық тыңайтқыштармен үстеп қоректендірудің де аса қажеттілігі жоқ. Бізге басты керегі – ылғал ғана. Көктемгі ылғал жабу жұмыстарын дер кезінде өткіздік. Одан кейін – аралық өңдеу, ал қазір тұқым себу алдындағы өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Биыл да жиырма центнердің үстінде өнім алуға үміттіміз, – дейді Иван Яковлевич.
Қожалық басшысының егіс агротехникасының көп жылғы сынақтан өткен бұрынғы технологиясын қолдануы оның ескі көзқарастың адамы екенін білдірмейді, қайта жинақталған жұмыс тәжірибесіне сүйенетінін байқатады. Сонау 1964 жылы тыңдағы орақ науқанына жұмыс сапарымен келген молдавиялық жас жігіттің осы жерге бауыр басып, қоныс теуіп қалғанына жарты ғасыр толды. Отбасы бақытын осы жерден тауып, он жылдан астам механизатор болып еңбек етті. Сосын денсаулығына байланысты құрылыс учаскесіне ауысып, онда он бес жылдай жұмыс істеді. Жүрек науқасынан екінші топтағы мүгедек болса да, жеке өз ісін ашып, онда өзімен бірге еңбек ететін балаларына бағыт-бағдар беріп жүргеніне жиырма жылдан асып барады.
– Қожалықты өз қолымнан құрдым. Кеңшар тарағанда ортақ үлестен еншімізге ештеңе тиген жоқ. Басында көпшіліктің алуға жүрегі дауаламаған 4 миллион теңгенің несиесіне көз жұмып келісім беріп, керек-жарағымызды сол қаражатқа алдық. Ауылдың орталық қонысынан өз күшімізбен астық сақтайтын қойма мен техникаға орын тұрғыздық. Осы жерде шаруашылық ауламыз бар. Шамамыз келгенше техниканы жаңартып жатырмыз. Бұрнағы жылы лизингтік кредитке 27 миллион теңгенің “Есіл 760” комбайнын алдық. Оның қазір 10 миллион теңгедей төлемі қалды, биыл гектарынан 20 центнерден өнім алар болсақ, одан да құтыламыз, – дейді қожалық басшысы.
Бұл өзіне сенімді кісінің сөзі. Мінезінде турасынан бір-ақ қайыратын жанның сынайы аңғарылады. Тұқым себуді аудандағылардың қамшылағанына қарамастан, өзі белгіленген мерзімнен бұрын бастамайтыны сондықтан. Бұрын сеуіп жүргендердің одан озып кеткен кезі жоқ. Өзінің әлі келетін алқаптағы жұмысты қалай жүргізуді жеке кәсіп иесінің өзі шешкенін дұрыс санайды. Биыл қожалықтағы 760 гектар алқаптың 50 гектарына ғана арпа сеуіп, қалғанында бидай өсірмекші. Дәрілеуден өткен “Омбы-31” бидай тұқымы дайын тұр. Жер өңдеу жұмыстарында жүрген ағайынды Болат пен Думан Смановтар, Тастанбек Жақыпов және Виктор Чирва қыруар жұмыс тындырып, тұқым сіңірілер алқаптарды тап-таза етіп өңдеп шықты. Екі егіс агрегаты бүгін-ертең бидай себуге кіріскелі отыр. “СЗС-2,1” сеял-калары ескі үлгідегі техника болғанымен, жаңаға бергісіз екені байқалады. Оларды қожалық механизаторлары мұқият әзірліктен өткізген. Егін себуді жылдағыдай негізінен шаруашылық басшысының ұлдары Сергей, Юрий, Михаил және Александр жүргізгелі отыр. Кезектесіп екі ауысымда жұмыс істемекші, сондықтан тұқым сіңіруді 5 маусымнан қалдырмай аяқтап шығуларына толық мүмкіндіктері бар.
Фермерлік шаруашылық егіске және жалпы барлық ауыл шаруашылығы жұмыстарына қажетті техникалармен жарақтанған. Жоғарыда аталған “Есіл” комбайнынан басқа, екі “Енисей” комбайны, барлығы жеті трактор, соның ішінде екі-екіден “МТЗ-82” және “МТЗ-80” тракторлары мен екі жаңа “ХТЗ” және бір “ДТ-75” шынжыр табанды тракторлары бар. Соңғы үшеуі негізінен парлы алқаптарды өңдеу жұмыстарымен айналысады. Ол 200 гектар алқапты құрайды. Жылда осындай көлемде пар қалдырылуы қожалықта үш танапты егіс айналымы технологиясы қолданылып отыр деген сөз.
Иван Яковлевичтің ұзақ жыл қатардағы механизатор және құрылысшы болып еңбек еткенімен, кәсіби агрономдық мамандығы барын да айта кеткен жөн. Ол осында келмес бұрын агрономдық мамандығы бойынша Молдавияда техникум бітірген. Қартайған шағында оны кәдеге жаратқанын айтады.
Ақсақалдың бес ұлының біреуі – Алексей осы ауылдағы “АгроСевер” ЖШС-нің машина-трактор шеберханасында электрші болып істейді. Одан басқалары фермерлік қожалықта өзімен бірге. Ортаншы ұлы Александр қалада тұрғанымен, науқан кезінде қожалықта еңбек етеді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: фермерлік шаруашылық басшысы Иван Мартын ұлдары (солдан оңға қарай) Сергей, Юрий және Михаилдың ортасында.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.