«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕКСЕНДЕ ДЕ БИЕ САУАТЫН ҚАРИЯ

Бүгінгі таңда арамызда қазыналы қарияларымыздың азайып бара жатқаны жасырын емес. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ауыртпалықты ересектермен қатар көтеріп, соғыстан кейінгі және тың игеру жылдарындағы қиындықтарды да бастан кешірген аға ұрпақтың сағы сынып, жігері жасыған жоқ. Қазіргідей молшылық заманы емес. Таршылық, жоқшылық жайлап, азық-түлік қат болған заманды бастан өткеріп, болашаққа зор сеніммен қараған ата-әжелеріміз күні-түні тынбай еңбектенді. Ол уақытта бүгінгідей барлық жұмыс техникамен емес, жұмысшылардың қол күшімен атқарылатын. Сондай-ақ, өгіз, жылқы күші де біраз көмек болды.

Орал Ерімов ақсақал да біраз қиын жылдарды бастан кешірген.  

– Мен Майбалық ауылында 1935 жылы дүниеге келдім. Негізінде елім – Тимирязев ауданының Жарқын ауылы. Ұлы Отан соғысы басталды деген суық хабар бірден жетті. Ауылдағы қару ұстауға жарайды деген ер-азаматтың бәрі жаппай әскер қатарына шақырыла бастады. Солардың қатарында әкем Қарымсақ та майданға аттанды. Жылап-сықтап жүріп, шығарып салдық. Мен ол кезде алты жасар баламын. Кәдімгідей ес білемін. Әкемнің қалай жиналғаны, қалай аттанғаны бәрі-бәрі көз алдымда, – дейді сол кезді есіне алған Орал қарт.

Иә, соғыс жылдары аз ауыртпалық әкелген жоқ. Ешкімді де аямады. Әкесі соғысқа аттанғанда отбасында екі ұл, екі қыз қалған. Солардың ішіндегі үлкені – осы Орал ата. Бала болса да, ел басына түскен ауыртпалықты өзінше түсіне білген ол анасына барынша қолғабыс беріп, қасындағы балалармен бірге қос басындағыларға көже, қуырылған бидай немесе ботқа сияқты тамақ апаруға жарайтын.

Отағасы майданға аттанған соң үйдегі жағдай қиындап кеткен. Төрт бала, шешелері Кәкен, аталары Ерім, қысқасы, бір отбасында алты адам. Ал жұмыс істейтін шешелері ғана. Аталарының көзі нашар, тек табан асты жолын ғана әрең көреді. Осындай өмір түйткілдерін таразылай келе ақырында олар отбасымен 1942 жылы көршілес Ресейдің Петухово ауданындағы Большое Приютное селосына қоныс аударған. Ол жақта жағдайлары біршама түзелген. Орал ата қарындасы Қуанышпен осы жерде мектепке барып, білім алған.

– Әлі есімде, барған бетте орысша білмейміз. Мектептегі үзілісте барлық балалар шулап ойнап жатқанда қарындасым екеуміз тапжылмастан сыныпта отыратынбыз. Себебі, басқа балалармен ойнап, бірге жүрейік десек, тіл білмейміз. Осылай бастапқы кезде біраз қиналдық, – дейді балалық шағын есіне алған қарт.

1946 жылы әкелері аман-есен үйіне оралып, отбасымен қауышқан. Содан кейін олар көштің басын атамекенге бұрған. Қазір ақсақал Мирное ауылында тұрады. 1959 жылға дейін мал бағуда жүріп, сонымен қатар жергілікті мектепте кешке оқып, тракторшы мамандығын алған.

Ол ең бірінші 1956 жылы Уәзипа есімді қызбен шаңырақ көтеріпті. Өкінішке қарай, бір ұлды дүниеге әкелгеннен соң жан жары сырқатқа шалдығып, өмірден өткен.

Осыдан соң 1961 жылы Ортақшыл ауылындағы Сәден дегеннің қызы – Жәмәшпен отау құрады. Шаңырағы құтсыз болған жоқ. Үш ұл, екі қызды өмірге әкелген зайыбы Жәмәшпен елу жыл отасты. Осыдан төрт жыл бұрын дүниеден озған өмірлік серігіне риза. Қазіргі күні аруағына Құран бағыштап, о дүниенің жақсылығын тілеп отырады.

Қазыналы қарияның ұл-қыздарының бәрі өмірден өз орындарын тапқан. Немерелерінің алды үйлі-баранды болған. Ұрпақ сабақтастығы жалғасып, бақытты жан алты шөбере көріп отыр.

Ақсақал бұл күндері жалғыз тұрады. Оның себебін былай түсіндіреді: “Өзім қозғалып, жүріп-тұрғанда ешкімге салмақ салғым келмейді. Ауылда балаларым, немерелерім бар. Бәрі де күн сайын келіп, көмектесіп тұрады. Мал ұстаудан бас тартқан емеспін. Құдайға шүкір, әзірге денсаулығым жаман емес. Әлі күнге дейін өзім бие сауып, қымыз пісемін. Жалғыз тұрғанда қимылдап, бір шаруа істейсің. Ал қимылдаған өзіңе жақсы. Егер балалардың біреуіне барсам, түк шаруа істемей, қимылсыз отырамын ба деп қорқамын. Бізге жүріп-тұрған кәдімгі дене шынықтыру ғой. Сондықтан әзірге көшкім келмейді”, – дейді ағынан жарылған ол.

Орал Қарымсақұлының зейнеткерлікке шыққанға дейінгі еңбектері елеусіз қалған емес. Кеудесінде жарқырап тұрған медалі, ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы ордені, “Еңбек ардагері” төсбелгісі ерінбей еткен еңбектің жемісі емес пе?! Сондай-ақ, Ұлы Жеңіске арналған мерейтойлық медальдар мен Алғыс хаттар қарияның өткен өмірі адал еңбекке толы екенін аңғартады.

Ғабит ЕСІМСЕЙІТОВ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp