«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕКСЕНІНДЕ ДЕ СЕРГЕК

Орта бойлы, денелі, ашаң жүзді, жылдар жүгі өз таңбасын қалдырғаны көрініп-ақ тұрғанымен, бойын тік ұстаған, әнеміне сексенге толғалы отырғаны болмаса, аяқ алысы нық осы бір абзал аға Жаңаболат Зиядаұлымен құшақ жая амандастым. Петропавл есеп-экономика техникумын, одан кейін сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін сырттай оқып бітірген Жәкең еңбек жолын бұрынғы Чкалов ауданындағы “Севастополь” кеңшарында (қазіргі Тайынша ауданы) экономист болып бастаған.

Көкшетау облысындағы Зеренді ауданының Туражол ауылында дүниеге келген Жаңаболат Зиядаұлы өмірдің сан тарау жолдарымен тың игеру кезінде шаңырақ құрып, қызмет бабымен Тайынша ауданына қоныс тепкен. Жас жігіттің қолынан іс келетінін байқаған басшылар оған кеңшардың экономисі болуды ұсынған. Жұмысына тиянақты, әрдайым ізденіс үстіндегі маман сенім үдерісінен шығып, 18 жыл “Тихоокеан” кеңшарына басшылық етті. Осы жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, іргелі шаруашылықты ұстап тұруға бар күш-жігерін жұмсады. Осы жылдар арасында кеңшарда жаңадан көптеген тұрғын үйлер, Мәдениет үйі, басқа да әлеуметтік саланың ғимараттары бой көтерді. Шаруашылық астық өндіру, жемшөп дайындаудан ауданда ең жоғары көрсеткішке ие болды.

1996 жылы зейнеткерлікке шыққан кезде “Тихоокеан” кеңшарында 2206 қара мал, оның ішінде 772 сиыр, 82 жылқы болған. Шаруашылықтағы 72 трактор, оның 34-і – “К-700”, 44-і – комбайн, 37-і жүк машинасы сол кезде “құмға сіңгендей” жоқ болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Осыншама тырнақтап жиналған мал мен мүліктің халықтың игілігіне аспай талан-таражға түскеніне қатты қиналған. Жаңаболат Зиядаұлы шаруа қожалығын құрып, басшылықтың жаңа бір қырынан көрінді. Шаруа қожалығын өздеріне жиен болып келетін Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімімен “Мәлік” деп атаған. Қазір шаруа қожалығының 960 гектар жері бар. Жәкеңнің бастап берген ісін ұл-қыздары жалғастырып, оның қолын ұзартып отыр. Өзі болса, солардың ақылшысы әрі сүйеніші.

Жаңаболат Зиядаұлы зайыбы Күлғиза жеңгеймен 58 жыл отасып, екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір балаларының бәрі де еңбекке араласып, әр салада қызмет істеп жүр. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, еңбекпен ысылған ақсақал бүгінгі күні тәуелсіз еліміздің тыныштығы бұзылмай, көк байрағымыздың бейбіт аспан астында желбірей беруін тілейді. Біз де іштей Жаратқаннан ағаның ақ батасының қабыл болуын тіледік.

Совет ХАМИТҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp