«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНБІЛІК СЫЙЫ — ШЫРШАЛАР

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, сәуірдің 11-іне белгіленген қайырымдылық сенбілігі облысымызда да қатысушылардың белсенділігі жағдайында өтті. Сөйтіп, облыс орталығының, басқа да елді мекендердің көшелері қысқы қоқыстан біршама тазарып, жасыл желекпен толыға түсті. Мәселен, нақ осы күні “Жеңіс” саябағының айналасына тазарту жұмыстары жүргізіліп, шыршалар отырғызылды. Игі іс-шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов, соғыс және тыл ардагерлері мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері қатысты.

Көшеттер отырғызылған соң өңір басшысы іс-шараға жиналған ардагерлердің хал-жағдайларын сұрастырып, Жеңістің 70 жылдығына орай саябақта қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Жобаға сай саябақта “Қаһармандар аллеясы” салынады. Отырғызылған 25 түп сібір шыршасы – сол аллеяның бастамасы. Аллея саябақты Есілдің жағалауымен байланыстыратын көпір іспетті болады. Алдағы аптада саябақта тағы да көшеттер отырғызылады.  

Қайырымдылық сенбілігіне әзірлік және оны өткізу жөніндегі штабтың мәліметіне қарағанда, бұл күні облыс орталығының 500 мың шаршы метр аумағы тазаланып, 80 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілік күні қала көшелеріне 70 түп шырша, 20 түп қайың егілді. Ескерткіштер мен саябақтар абаттандырылды.

Келесі сенбілік 18 сәуір күні өтеді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp