«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сенбілік сәулесі

Сенбілік дегенде, алдымен, әркім­нің есі­не бала күніндегі мектеп маңын жинауға шыққан кезі түсетіні сөзсіз. Кеңестік жүйеден қалған, әлі күнге ұмытылмай келе жатқан дәстүрлердің бірі. Оңтүстік облыс­тарда ерте басталғанымен, Қызылжар өңіріне көктем кеш келетіндіктен, сәуірдің ортасы­на қарай ғана, түрлі мекеме, үйлердің маңайында қолына сыпырғыш пен тырмасын алып түртінектеп жүрген адамдарды көреміз. Жалпы сенбілік – деген ұғым социалистік лагерь елдеріне өткен ғасырдың 20-сыншы жылдары жетті. Алдымен, бұл шараның тарихына тоқталсақ. 1919 жылдың 12-сәуірінде Мәскеудегі темір жол станцияларының бірінде 13 коммунист пен тағы 2 ерікті Шығыс майдандағы жеңісті жақындатуға қосқан үлесіміз деген желеумен түнгі ауысымда өз еркімен қалып, 3 паровозды жөндейді. Бұл сенбіден жексенбіге қараған түн болғандықтан сенбілік деп аталып кетті. 10 айдан кейін дәл осы станцияда 200-ден астам адам өз еркімен жұмысқа шығып, тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі деп ұрандатады. Коммунистік идеологияның негізін қалаушылар бұл бастамаға саяси рең беріп, жұмысшылардың белсенділігі деп атаған екен. Ал 1920 жылғы 1 мамырда Владимир Ленин бастаған белсенділер Кремль маңайын тазалауға шығып, нәтижесінде бұл шара бүкілкеңестік сипатқа ие болып кетті.

Қанша жерден кеңестік идеологияның сарқыншағы десе де, бұл бүгінде игі дәстүрге айналған. Ең алдымен, тұрғындар өздері тұратын, еңбек ететін аумақты тазартуға шығады. Соңғы жылдары көптеген ұжымдардың мүшелері көктем мен күздегі сенбілікке шыққандағы 1 күндік жа­лақысын ардагерлер қорына аударады. “Бүгінгі күні облысымызда 105 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың арасында соғыс, еңбек ардагерлері, асыраушысы жоқ жарымжан жандар, мүгедектер бар. Оларға қолдау көрсету – әркімнің азаматтық борышы деп есептеймін. Қайырымдылық сенбіліктері, алдымен, адамның бойындағы ізгіліктің бір белгісі. Түскен қара­жатты мұқтаждарға бөліп береміз. Олардың сол кездегі алғысын естудің өзі бір ғанибет. Биыл Жеңіс күнінде саябаққа ағаш ектік, ескерткіштерді жөндеуге, күтіп ұстауға да сол қаражаттан жұмсаймыз”, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Қазіргі күні қайырымдылық сенбіліктері көктемде Жеңіс күнінде және күзде қарттарды қолдау айлығы қарсаңында өткізіледі. Түскен қаражат мұқтаж адамдарға көмекке жұмсалады. Биылғы сенбіліктерге өңіріміздегі 700-ден астам еңбек ұжымы қатысқан екен. Жалпы сомасы 40 миллион теңгеден астам қаражат жиналды.

Қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындарының жұмылып жұмыс істеп жатқанын көру де бір ғанибет. Мәселен, шаһарымыздағы Сәбит Мұқанов көшесінің бойындағы 91-ші үйде 12 подъезд бар. Пәтер иелері кооперативінің төрайымы Лариса Винокурованың айтуынша, көктем келгелі төрт рет сенбілік ұйымдастырып үлгерген. Мұнымен шектеліп қалмаймыз деп отыр. Коммуналдық қызметтердің келгенін күтпей, көше жақ бетті де өздері тазартып тастаған. Тек қоқысты дер кезінде әкетсе болды.

Сенбілік демекші, православ дініндегілерде “ата-аналар күні” деген рәсім бар. Бұл күні адамдар зиратқа барып, моланың басын қоқыстан тазартады. Осыдан біраз уақыт бұрын мұсылмандар да осы сияқты сенбіліктер өткізуді қолға алды. Үлкендердің “зиратты жаңартуға болмайды” деген қатаң қағидасына үйренгендіктен алғашында тосын көрінгені рас. Бірақ имамдар үндегеннен кейін, тіпті өздері бас болып кіріскеннен кейін көз үйреніп, ол да қалыпты жағдайға айналды.

Қасым РАҚЫМЖАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp