Қаланың шетіндегі наркологиялық орталыққа Жанар күн сайын келіп тұрады. Өйткені, жалғыз ұлының осы жерде емделіп жатқанына екі аптаның жүзі болды. Бірақ оны емделушілер жаққа өткізбейді, бөлімшенің есігі құлыптаулы. Әкелген заттарын беріп жібереді де, емхананың бірінші қабатындағы орындыққа отырып, демін алып, келген ізімен кері қайтады. Көзінің қарашығындай көретін жалғыз ұлды мұқтаждық көрмесе екен деп, ақшадан жүдетпеді. Ал оның істегені мынау. Баласы ауруханаға түскеннен бері: “Неге бұлай болды?” – деген сауалды өзіне жүз мәрте қойды. Себебі, белгілі, бірақ байғұс ана ұлына жамандық ойлаушы ма еді. Қарны ашпасын, киімнен жүдемесін, өз қатарластарынан кем болмаса екен деп, бәрін осының аузына тосатын. Көйлегі көк, тамағы тоқ жалғыз ұл әке-шешесін аямады.
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген баласы тура жолдан адасады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірді ме? Арман-үміті аяққа тапталғандай. Дәрігермен ашық әңгімеден кейін, тіпті, зәреқұты жоқ. “Спайс” деген пәлені қабылдауын қоймаса, жүйке жүйесіне зақым келіп, ақыр-соңында жындыханадан бір-ақ шығады”, – деген дәрігердің сөздері әлі де құлағында ызыңдап тұр.
Дәрігердің сөзінің жаны бар, баласының ақылға сыймайтын қылықтарын соңғы кездері жиі аңғаратын. Оның бір пәлеге ұрынғанын ана жүрегі бірден сезді. Ақыл-есі ауысты ма деп ойлаған, сөйтсе есірткіге тәуелді екен. Жылап отырып ақылын айтты, жалынды да, әйтеуір, баласын емделуге көндірді.
Жанар секілді наркологиялық орталықтың есігін торуылдап, балалары үшін уайымға батқан ата-аналар қаншама?!
Есірткіге еліктеп, кейін нашақорлыққа салынғандар ақыр-аяғында іріп-шіріп өледі. Қазіргі таңда наркологиялық орталықта 800-ге тарта нашақор есепте тұр. Бұл нарколог дәрігерлердің көмегіне жүгінгендері ғана, ал есепке алынбағандар қаншама. Оны бір Алла ғана біледі. Соңғы жылдары синтетикалық есірткі заттарына “Спайс” қосылды. “Спайс” – түрлі шөптерді өңдеу арқылы жасалатын кендір қоспасы. Бағасы қымбат емес, бар болғаны 2500 теңгеге сатып алуға болады. Қолжетімді болғандықтан, соңғы жылдары оны қолданушылар қатары көбейіп келеді. Мәні жоқ ләззаттың азабы өлшеусіз екенін дәрігерлер де растап отыр.
“Шынымен де, арзанқол еліткіш зат адамды естен айырып, мәңгүрт күйге түсіреді”, – дейді облыстық наркологиялық орталықтың дәрігері Раушан Баймағамбетова. Соңғы екі жылда “спайсты” қолданушылар саны артқан, былтыр бар болғаны екі адам емделіп шықса, биыл 20 нашақор орталықтан ем алыпты. Бұл тізімге жасырын емделетін сырқаттар енбейді, ал олардың арасында да “спайстың” құрбанына айналғандар қаншама. Адасқандардың бәрі де – жастар. Әсіресе, студенттер арасында “спайсты” қолдану сәнге айналып барады.
“Спайсты” алғаш қолданғанда адамның көңілі көтерілгендей болады, кейінгі әсері, керісінше, жабырқап, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жетелейді”, – дейді Раушан Есләмқызы. Есірткіге тәуелді адамдардың биік үйлерден құлап, көлік астына түсіп жататыны да содан екен. Дәрігердің айтуынша, синтетикалық есірткі героин мен марихуана сияқты тест-жолақпен анықталмайды. Тәуелділік белгілері бойынша ол шизофренияға ұқсайтындықтан, “спайс” шегетіндерді наркология емес, психиатрия анықтайды. Сондықтан синтетикалық есірткі түрін қолданушылар саны біз ойлағаннан да көп болуы мүмкін.
Облыстық ішкі істер департаментінің есірткіге қарсы күрес бөлімінің жетекшісі Данияр Найкин де жастардың арасында синтетикалық еліткіш затқа әуестердің көбейгенін жасырмайды. Тапсырыс берушілер электронды төлемдерге арналған “QIWI-әмиян” интернет-ресурсын пайдаланады екен. Осылайша нашақорлар “спайсты” Ресей, Қытай, Қырғызстан елдерінен алдырады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бүгінгі күні құрамында есірткі тектес заттар бар қоспаларды ел аумағына әкелуге заң бойынша тыйым салынған. Синтетикалық есірткі заттарды сақтау және сатумен айналысатындар жаңа Қылмыстық кодекс бойынша 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Бірақ оны пайдаланушылар жазаланбайды. “Спайстың” етек жайып бара жатқаны да содан. Аз күндік ермектің көпжылдық әлегін есірткіге қарсы күрес бөлімі жастарға түсіндіріп-ақ жатыр. “Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу үшін түрлі шаралар өткіземіз, өткен аптада ғана дәрігерлермен бірге рейдке шығып, тіркеуде тұрған нашақорлармен, жоғары оқу орны студенттерімен кездесіп, осы тақырыпта әңгіме жүргіздік”, – дейді Данияр Найкин. Бірақ полицейлер мен ұстаздардың сөзіне құлақ асып жатқандар аз сияқты. Әйтпесе, бір жылдың ішінде “спайсқа” құмартқандар саны бірнеше есеге өсер ме еді. Қалай десек те, ата-ана үмітін аяқасты етіп, нашақорлардың санын жастардың көбейтіп жатқаны өкінішті-ақ.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.