«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНІМГЕРЛІК БАСҚАРУҒА АЛУҒА ӘЗІР

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облысқа мұхиттың арғы жағынан келген – АҚШ-тың Аризона университетінің өкілдерімен кездесті. Бұл кездесудің мақсат-міндеттері жайлы әкім әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.  

«Америкалық делегация өкілдері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық географиясын кеңейтуге, сенімгерлік басқаруға алуға әзір екендіктерін мәлімдеді. Меніңше, бұл тәсіл өз жемісін бермек. Өйткені, Аризона университетінде сапалы білім бағдарламалары мен озық технологиялар қалыптасқан. Бұл оқу орны әлемдегі ең үздік жүз университеттің қатарына енеді. Мұнда Нобель сыйлығының үш лауреаты жұмыс істейді. NASA аэроғарыш агенттігімен тығыз байланыс орнатқан», – деп жазды Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысының жазуынша, жергілікті жоғары оқу орны Қазақстан жастары үшін тартымды болуы керек. Оның алғышарттары кешенді түрде жасалып, жаңғырту үрдістері өтуде. Оқу ғимараттары жөнделіп, 1200 орындық екі жатақхана бой көтереді. Жыл соңына дейін 73 заманауи зертханасы бар оқу-зертханалық корпус пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Петропавл қаласында Назарбаев университетінің бағдарламасымен жұмыс істейтін жаңа университет пайда болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp