Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған Солтүстік Қазақстан облысының ресми және іскерлік делегациясы Татарстан Республикасының раисы Рустам Миннихановтың шақыруымен Қазан қаласына үш күндік жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында іскерлік кездесулер өткізіліп, мәдени ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Іссапар Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев және Қазақстанның Қазан қаласындағы бас консулы Ерлан Исқақовтың қолдауымен жүзеге асты.
Ресми кездесу барысында аймақтар арасындағы өнеркәсіп, инвестиция, инновациялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен Татарстан Республикасы Үкіметі арасында меморандумға қол қойылды.
– Іссапар екітараптық байланыстарды нығайтуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз қалап отыр. Сондай-ақ өңірлеріміздің тұрақты өсуі мен өркендеуіне жаңа серпін беріп, Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен серіктестікті одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосатын болады, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні үш жыл ішінде негізгі салаларға енгізу міндетін қойған болатын. Аймақтар арасындағы әріптестік келісімдер цифрландыру, инновациялар, бизнес серіктестігі бағыттары бойынша жасалды. Татарстан цифрлық трансформация мен инновация саласындағы көшбасшы ретінде серіктес болмақ. IT саласында жұмысты жандандыру мақсатында Башир Рамеев атындағы IT-парк пен жергілікті SKO hub, Қазан федералдық университеті мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, IT-секторды дамытуға және жоғары білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер туғызбақ.
Екітараптық уағдаластықта бизнес бастамалар мен бірлескен инвестициялық жобаларға айрықша көңіл бөлінді. Татарстанның Инвестициялық даму агенттігі инвестициялар тарту мен бизнесті қолдау саласында үлкен нәтиже көрсетіп отыр. Ғауез Торсанұлы мәлімдегендей, тәжірибе «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағына енгізілмек. Сонымен қатар жергілікті өнімдерді «Қазан» агроөнеркәсіптік паркіне жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл шаралар экономикалық әріптестікті нығайтып, өңіріміздің брендтерін халықаралық нарыққа шығаруға ықпал етпек.
Бұдан бөлек, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен Татарстан Республикасы сауда-өнеркәсіп палатасы, Татарстан мәдениет министрлігі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы мен «Химград» акционерлік қоғамы, «EMC Agro» компаниясы мен «Таврос» КТ, «Авагро» ЖШС мен «Гидроторг» ЖШҚ, Инвесторларға қызмет көрсету және инновацияларды қолдау орталығы мен «Данафлекс-НАНО» ЖШҚ, «Радуга ЖШС мен «Болашақ» ЖШҚ арасындағы келісімдерге қол қойылды. Бұл құжаттар өнеркәсіптік кооперацияны бірлесіп дамытуға, инвестициялар мен өңдеу өнеркәсібі саласында жаңа стратегияны қалыптастыруға бағытталған. Ынтымақтастықтың өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырумен қатар инвестициялық тартымдылығын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға да игі әсері мол болмақ. Кооперацияның маңызды бөлігі – екі елдің өнеркәсіптік өсуін қаматамасыз ету, мамандардың біліктілігі мен тәжірибесін шыңдау. Тараптар ортақ мақсаттарға және ұқсас қызмет бейініне сүйене отырып, бизнес бастамаларын қолдауға, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға ниетті. Осылайша бірлескен іс-шаралар идеялармен, ақпаратпен тұрақты алмасуға, жол картасын бірлесіп әзірлеуге, қажет болған жағдайда жұмыс топтарын құруға негізделетін болады. Конференциялар, «дөңгелек үстелдер», семинарлар мен тренингтер арқылы жаңа кәсіби байланыстар орнайды.
Жұмыс сапары барысында Солтүстік Қазақстан облысы мен Қазан қаласының 100-ден астам кәсіпкері өндірістік әлеуетті арттыруға қатысты проблемалар жайлы пікір алмасты, шешу жолдарын ұсынды. Солтүстікқазақстандық делегация Қазан май комбинатын, «Химград» технопаркін, Башир Рамеев атындағы IT-паркін, Қазан қаласының спутнигі саналатын Иннополис қаласын аралап, көрікті, тарихи жерлермен танысты.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған делегация мүшелері Қазан қаласындағы қазақтың ұлы ақыны Абайға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Іссапар барысында Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері өтіп, «Мағжан Жұмабаев», «Ботай–Ұлы дала мәдениеті», «Литературный небосклон Казахстана» атты көрмелер ұйымдастырылды. «Sensitiv» би театры шеберлік сабағын өткізді. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы Қ. Тинчурин атындағы Татарстан мемлекеттік драма және комедия театрында қойған «Мағжан елінен – Қазақ төріне» атты гала-концертін қазандықтар қызығушылықпен тамашалады.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.