
Биылғы маусымда үздік нәтиже көрсеткен “Қызылжар” футбол клубы Премьер лигаға қайтып оралды. Осыған орай облыс әкімі Құмар Ақсақалов Оқушылар сарайында Бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының жеңімпазы атанған жергілікті команданы жеңісімен құттықтады.
Петропавлдықтар чемпионат барысында 26 ойын өткізіп, оның 17-інде жеңіске жетті. 7 матчты тең нәтижемен аяқтаса, тек 2 кездесуде жеңіліске ұшырады. Сөйтіп, қоржынға 58 ұпай салған жерлестеріміз бір жылдық үзілістен кейін жоғары лигаға жолдама алды.
– Сіздер биылғы маусымда жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов спортшылар мен жанкүйерлер алдында сөйлеген сөзінде. – Бұл – кез келген команданың қолынан келе бермейтін жеңіс. “Қызылжар” бірнеше ойыннан кейін-ақ қарсыластары үшін қауіпті командаға айналды. Ел біріншілігінде топ жарған футбол саңлақтарын жеңісімен құттықтаймын!
Бұдан кейін “Қызылжарды” Қазақстанның футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов пен спорт саласының ардагері Александр Липовой құттықтады. Салтанатты шара барысында облыс әкімі мен құрметті қонақтар жергілікті клубтың 37 өкіліне біріншіліктің алтын медалін тапсырды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.