«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНІМДІ КҮШ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің IV кеңесі өтті. 2018 жылды қорытындылауға арналған алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек, “Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Егор Каппель, өңіріміздің агроқұрылым басшылары мен сала ардагерлері қатысты.

Жиынды ашқан бірлестіктің төрағасы Бекет Нұғыманов бүгінгі таңда облысымызда ауыл шаруашылығы саласындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 125-ке жеткенін айтты. Оның құрамына 6 мыңнан астам адам енген. Өткен жылы бұл ұйымдар жұмысшылардың құқығын қорғау және еңбек қауіпсіздігін жақсарту бойынша біраз шаруаның басын қайырды. Сондай-ақ, “Еңбек келісімшартын жаса!” акциясы аясында 125 ұжымдық келісімшарт жасалды.
Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек өңір тұрғындарының тұрмыс жағдайы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тәуелді екенін айтып, бұл саладағы жетістіктерге тоқталды.
– Облысымызда ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарын әртараптандыру жұмысы жүргізілуде. 2015 жылдан бері экспортқа бағдарланған майлы дақылдар алқаптарының ауданы 4 есе өсіп, 1 миллион гектарға жетті. Бүгіндері кәсіподақ жұмыс беруші мен еңбекшілер арасында басты дәнекерге айналған. Былтыр өңірде 4647 ұжымдық келісімшарт жасалған. Бұл көрсеткіш кәсіпорындардың 81,6 пайызын қамтиды. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Дәурен Жандарбекұлы.
“Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Егор Каппельдің айтуынша, қазіргі таңда бірлестікке ел бойынша 70 мыңға жуық адам мүше. Азаматтардың мүддесін қорғау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен және “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен үшжақты келісімге қол қойылған. Бірлестіктер жанынан құрылған “Татуласу орталықтары” арқылы 2 мыңнан астам медиациялық рәсім жүргізілген.
Жиын соңында кәсіподақ қозғалысының бір топ белсендісі мен ардагері “Еңбек даңқы” және “Құрметті ардагер” медальдарымен марапатталды.

 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp