Биыл ауа райы диқандарға оң қабақ танытып тұр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалана білгендер серпінге серпін қосып, қырдағы еңбекті қыздыра түсуде. Шал ақын ауданындағы “Степное – 2020” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы да биылғы бітік егінді шашпай-төкпей жинап алуға бір кісідей жұмылған. Қырманға жеткізілген астықтың бір бөлігі тұқымға құйылса, сатылуы тиіс бөлігіне өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Биыл серіктестік 25700 гектар жерге бидай, рапс, зығыр, судан шөбі мен жемазықтық дақылдар сіңірген. Шаруашылық директоры Николай Яроштың айтуынша, сұлының гектар берекелігі 22 центнерден айналған. Арпадан да осы деңгейде өнім алынуда. Бүгінгі таңда диқандар бидай алқаптарын оруда. Гектар шығымдылығы 15 центнерден айналуда.
Агроқұрылымдағы еңбеккерлердің басым бөлігі – Крещенка ауылының тұрғындары. Серіктестік 50-ден аса адамды жұмысқа тартқан. Алқапты жинап жүрген техниканың көбі – заманауи комбайндар. Биыл шаруашылық техникалық паркін 10 “Джон Дир” комбайнымен толықтырыпты. Тәжірибелі механизаторлар жаңа техниканы тез меңгеріп, бірден танап басына шыққан.
Серіктестік биыл біраз жыл қараусыз жатқан жерлерді алып, онда өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Шаруашылық басшысы бұл жерді арамшөптерден тазартып, жақсылап өңдеу үшін әлі 3-4 жыл қажет дейді.
Күзгі орақты қыздырып жатқан тағы бір шаруашылық – “Городецкое” ЖШС-і. 9 мың гектар жері бар агроқұрылым биыл рапс пен зығыр өсіретін егістік алқабын кеңейткен. Бүгінгі таңда диқандар рапсты дестеге түсіруде. Шаруашылық басшысы Александр Черкас рапс дақылымен 2012 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады. Биыл 724 гектарға – рапс, 510 гектарға зығыр еккен. Майлы дақылдардың шығымына басшының көңілі толып отыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Болат Раисов шалақындық агроқұрылымдар 186,5 мың гектар жерге – дәнді, 22,4 мың гектарға майлы дақылдар сепкенін, бүгінге дейін егістіктің 60 пайызының бастырылғанын, егін жинауды қыркүйектің 20-сына дейін аяқтауды жоспарлап отырғандарын айтқан. Бүгінгі серпін диқандардың өз сөздерінде тұратынына сендіргендей.
Ләззат САЛЫҚОВА,
журналист.