Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамды атап көрсетті. Президент жүргізілетін реформа аясында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесіне баса көңіл бөліп отыр. Өйткені, сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, сапалы қызмет көрсету арқылы ғана еліміз ілгері дамып, құқықтық мемлекет ретінде нығая түспек.
Тарихи мәнге ие құжатты іске асыруда заң үстемдігін қамтамасыз ету маңызды бағыт болып табылады. Ел Президенті қазақстандық мемлекеттілікті нығайтудағы осы векторды кезең-кезеңімен іске асырудың нақты міндетін қойды. Сондықтан құқық қорғау органдарының алдында да ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену бойынша ұлт жоспарын қамтамасыз ету міндеті тұр.
Заң үстемдігін іске асыру кезінде біз полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жақсартуға міндеттіміз. Жеке қасиеттер мен кәсіби дағдылар – жаңа үлгідегі полицейді қалыптастырудың басты критерийі. Сол себепті кадрларымызды мектеп жасынан бастап дайындауымыз керек. Басты назар саналы түрде біздің мамандығымызды таңдаған жоғары сынып оқушыларына аударылады. Қызметке аларда жоғары оқу орнын үздік бағаға аяқтаған, сондай-ақ, спортта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген түлектерді іріктеуге тырысамыз. Биыл осындай 70 жас маманды жұмысқа қабылдадық, олардың дені – Ішкі істер министрлігінің оқу мекемелерінің түлектері.
Алғашқы қызмет жылдары ең қиын кез. Теориядан тәжірибеге ауысу үдерісі, төзімділік, психологиялық тұрақтылық, өз бетінше жеке шешім қабылдау сияқты сынақтарға бәрі бірдей шыдай бермейді. Дәл осы кезде тәжірибелі әріптестің сапалы да салмақты көмегі қажет. Сол себепті жас мамандардың әрбіреуіне тәжірибелі тәлімгерлерді бекітеміз. Жедел-қызметтік тапсырмаларды бірлесе атқару, қызмет ерекшеліктерін түсіндіру, жас мамандарды қылмыскермен бетпе-бет келуге дайындау, қоғамдық іс-шараларға тарту бұл тәлімгерлер жүргізетін кешенді іс-шаралардың бір бөлігі ғана.
Жыл сайын ұйымдастырылатын жас қызметкерлер слетінде жас буын үздіктерін ғана марапаттап қоймай, қызметін адал атқарған тәлімгерлерді де атап өтеміз. Осы жолғы слетте қала әкімі Марат Тасмағанбетов Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыстады. Сондай-ақ, іс-шарада қатарға енді қосылған полицейлер облыстық ішкі істер департаменті бастығының грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жас қызметкерлерді тәрбиелеу ісі – ата-ананың ғана емес, сонымен қатар басшылықтың да басты міндеті. Бала кезінде санасына сіңірген қадір-қасиет, ар-намыс сияқты түсініктер біздің қызметте мың еселене түсуі тиіс. Жас мамандар кәсіби біліктілік пен тәжірибе жинақтаған соң ғана қызметтік өсудің барлық сатыларынан өтулері қажет. Ішкі істер департаментінің басшылығы жас қызметкерлердің дайындық деңгейін арттыру үшін қоғамдық маңызды, патриоттық, ғылыми-тәжірибелік іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Биыл жаңа қылмыстық заңнамаға көшуге байланысты оны әзірлеген беделді ғалым-заңгерлердің және Бас прокуратура өкілдерінің қатысуымен екі семинар өткізілді. Бұл шаралар полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін арттыруға септігін тигізгені сөзсіз.
Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арнап солтүстікқазақстандық полицейлер дайындаған қайырымдылық концерті ішкі істер органдары қызметкерлерінің патриоттық және адамгершілік тәрбиесіне үлесін қосты деп ойлаймын. Жеңістің 70 жылдығына арналған негізгі іс-шараның бірі Кеңес Одағының Батыры, ішкі істер органдарының ардагері Филипп Чижиковке оның туған жері Қызылжар ауданы, Березовка ауылында ескерткіш ашу болды. Майдангердің ерлігі офицерлерге үлгі болып қала бермек.
Елбасының “100 нақты қадам” бағдарламасында мемлекеттік органдар жанында қоғамдық кеңестер құрып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын, қоғам өкілдерін мемлекеттік органдардың жұмысына қатыстыру міндеті қойылған. Яғни, заң қабылдау арқылы қоғамдық кеңестердің жұмысын кеңейту көзделіп отыр. Осы орайда бірнеше жылдардан бері ішкі істер департаменті жанынан жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық кеңестің ауқымы жүргізілетін реформа барысында кеңейе түспек. Қалалық мәслихаттың депутаты Жасұлан Ахметов төрағалық ететін қоғамдық кеңестің жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алудың ұтымды тетігі іспеттес.
Полицияның халық алдында ашықтығын қамтамасыз ететін тағы бір шара азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, тұрғындар арасында есеп беру жиындарын өткізу болып табылады. Елді мекендерге барып, халықты жинап, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, шешілмеген мәселелерді талқылап, оларға шара қолдану арқылы ғана біз халық алдында дұрыс көзқарасқа ие бола аламыз. Облыстық ішкі істер органдарының барлық деңгейдегі басшыларына, учаскелік инспекторларға халықпен кездесу өткізу міндеті жүктелген. Азаматтарды қабылдау жұмыстары “Нұр Отан” партиясының қоғамдық қабылдауында, ішкі істер департаментінде де ұдайы өткізіліп тұрады. Осындай шараларды жүзеге асыру арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып, өңір жұртшылығына сапалы мемлекеттік қызмет көрсету ісін жалғастыра бермекпіз.
Берік БІЛӘЛОВ,
облыстық ішкі істер департаментінің бастығы.