Елбасының жақында Қазақстан халқына арнаған Жолдауы барлығымызды да қанаттандыруда. Себебі, Елбасы әлемде қандай дағдарыс болса да, халықтың әлеуметтік дамуы төмендемейтінін атап өтті. Бұл маңызы орасан стратегиялық бағдарлама тағы да халқымыздың жарқын болашағына жасалған қадамдардың бірі деп есептеймін.
Президентіміз алдағы жылдардағы сын-қатерлерді жан-жақты сараптай отырып, негізгі бағыттарды айқындап, жаңа экономикалық саясатты жариялады.
Елбасы Жолдауында барлық сала қамтылған. Оның ішінде білім саласына да көп көңіл бөлінген. Білім саласына, әсіресе, балабақшалар жүйесінің дамуына 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге, мектептерді жөндеуге және жаңғыртуға 70 миллиард теңге бөлінбек. Бұл шешім білімге деген көзқарастың қаншалықты жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Елбасының Жолдауы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінде жан-жақты қаралып, қызу талқыланды. Біздің мектептің мұғалімдері де осы Жолдауда аталған міндеттердің барлығы да өте орынды көтерілгенін тілге тиек етті. Биылғы Жолдау еліміздің жаңаша өркендеуіне жол ашып, болашаққа бастайтынына сеніміміз зор.
Гүлзада КӘМЕНОВА, М.Айтхожин атындағы №1 инновациялық орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.