Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаевпен кездесіп, әңгімелескен едік.
– Әңгімеміздің әлқиссасын мемлекеттік қызметті жаңғырту бағытындағы жұмыстардан бастағанымыз жөн болар.
– Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында кәсіби және дербес мемлекеттік аппарат қалыптастыру арқылы мемлекеттік қызметті жаңғырту міндеті жүктелгені белгілі. Осыған орай биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы”, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңдары және жаңа Әдеп кодексі күшіне енді. Жаңа заңдарда мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық актілер, ашық конкурстық іріктеу, қызметшінің біліктілігіне қарай мансаптық жоғарылату, нәтижеге сай еңбекақы төлеу негізінде меритократия қағидаттарын сақтау қамтамасыз етілген. “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы” Заңымен Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшудің құқықтық негізі айқындалған.
Бұрын мемлекеттік қызметте жолдан қосылғандар аз болмайтын. Енді мұның бәрінің жолы кесілді. Өз тәжірибемде медбике мамандығын игерген адамдардың да мемлекеттік қызметте жүргенін көрдім. Біліктілік талаптары, еңбек жолы, адамгершілік болмысы ескерілмей, әркімнің мемлекеттік қызметті атқаруына жол берілгеннен кейін жат әрекеттердің де қылаң беріп қалған кездері аз болмады. Жаңа заң талаптарына сәйкес осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қойылып отыр.
Жақында біздің департаментте басқарма басшысының бос орнына конкурс өтті. Арнайы комиссия үміткерлердің кәсіби деңгейлерін, білімдерін саралап, лайықтысын таңдап алды. Бұрын басшылық қызметке іштегі қызметкерлердің қолы жете бермейтін еді. Енді, міне, жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің сатылап өсуіне оңтайлы мүмкіндік туып отыр.
– Мемлекеттік қызметшілердің арасында ардан аттайтындар көп пе?
– Өкінішке қарай, ондай келеңсіздіктер әлі де болса кездесіп қалады. Мысалы, биыл Әдеп кодексінің талаптарын өрескел бұзғаны үшін Есіл аудандық білім бөлімінің бас маманы Т.Бектасов қызметінен аластатылды.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесі көңілден шыға ма?
– Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап зор, олар қоғамдағы мінсіз тұлғаға айналуы керек. Сондықтан олардың қызметтегі әрі одан тыс уақыттағы жүріс-тұрысы Әдеп кодексімен бекітілген. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері әдеп жөніндегі кеңесте қаралады. Кеңестің негізгі міндеті мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін лауазымынан босатылғандар алдағы уақытта мемлекеттік қызметке қайта орналаса алмайды.
Бүгінгі қоғамдағы зардабы зор кеселдердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Сондықтан бұл дерттің тамырына балта шабу үшін алдын алу жұмыстарын күшейтіп, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Ол үшін арнайы шаралар жүйесі әзірленді. Бүгінгі күні облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мамандары бұл мақсатта қыруар жұмыстардың басын қайырды.
– Біздің өңірімізде қанша мемлекеттік қызметші еңбек етеді, бос қызмет орындары бар ма?
– Бүгінгі күні біздің өңіріміздегі мемлекеттік қызметшілердің саны төрт мыңнан асады. Әзірше 400-ден астам қызмет орны бос тұр. Ал жалпы облысымызда 500-ден астам мемлекеттік орган бар. Бұған дейін мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдірушілердің саны аз болса, оның өзіндік себептері айтылатын. Ал бүгінгі күні, керісінше, мемлекеттік қызметте бағын сынап, ел игілігі үшін маңдай терін төккісі келетіндер қатары артып келеді. Біздің департамент бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне үзбей қатысып тұрады. Сондай сәттерде жұмыс іздеушілердің таңдауы мемлекеттік қызмет органдарына жиі түсіп жатады.
– Жастардың мемлекеттік қызметке қызықпауының себебі неде?
– Жоғарыда айтқанымдай, бұған дейін жастар ғана емес, көпшілік мемлекеттік қызметке аса ниет таныта қоймайтын. Бірақ мемлекеттік қызметшінің абырой-беделін арттыру бағытындағы игі бастамалар оң нәтиже беріп отыр. Нақтырақ айтар болсам, елімізде мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған нәтижелі реформалар жүргізіліп, жыл өткен сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап күшейгені белгілі. Бұған қоса, олар материалдық тұрғыдан да қолдауға ие. Оның айқын дәлелі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2016 жылдан бастап “Б” корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға өсті. Осындай игі істер мемлекеттік қызметтегі жастардың қатарын көбейте түсуде. Ал 2017 жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа тетіктері енгізіледі. Енді еңбек өтілі, өз саласында тәжірибесі мол адал азаматтарға бонустық ақылар төленетін болады. Белгіленген жұмыс уақытынан тыс қосымша еңбек еткендерге, үздік көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлерге де жалақысына үстемеақы беріледі. Бұл бастама мемлекеттік аппарат құрамын білікті мамандармен толықтыруға мүмкіндік беретін болады.
– Кәсіптік мереке биыл өңірімізде қалай аталып өтіледі?
– Мемлекеттік қызметші күніне орай биыл алғаш рет “Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын” атты байқау өтті. Азаттықтың ақ таңымен бірге есейген жастардың алды бүгінгі күні ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Сондықтан тәуелсіз ел жастарының отаншылдық сезімін арттыру, олардың азаматтық болмысын тану және қызметке деген құрметтерін байқау мақсатында осындай сайыс ұйымдастырдық. Бірнеше үміткердің ішінен 10 жас қызметкер ақтық сынға жолдама алды. Олардың арасынан облыс әкімі аппаратының жетекші маманы Азат Мұхамедияров жеңімпаз атанды. Игі дәстүр алдағы жылдары да өз жалғасын табатын болады.
Мемлекеттік қызметшілер спартакиадасы да дәстүрге айналған. Кәсіби мереке қарсаңында да бірнеше спорт түрінен жарыстар ұйымдастырдық. Сонымен қатар салтанатты шара да жоспарланып отыр.
Әңгімелескен
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.