«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНІМ ДЕ, ҮМІТ ТЕ – БІЗДЕРДЕ

Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы негізінде 2013 жылы еліміздің барлық облыстарында жастар бастамалары орталықтары құрылған болатын. Дәл сол жылы біздің өңірде де жаңа мекеме ашылып, өз жұмысына ерекше қарқынмен кірісіп кетті. Бұл аты айтып тұрғандай, өңір өрендеріне әртүрлі бағыттар бойынша кеңес беретін және оларға қажетті көмек көрсететін, тың ойларына, серпінді идеяларына қолдау жасап, жүзеге асыруларына жәрдемші болатын әлеуметтік қызметтің шоғыры болып табылады.

Өзім басқаратын орталыққа жетекшілік ету міндеті жүктелген алғашқы уақытта біраз жүрексінгенім рас. Өйткені, өңір халқының отызға жуық пайызын құрайтын жас буын өкілдерімен қоян-қолтық, бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығара жұмыс істеу, олардың көздеген ойларының іске асуына ұйытқы бола білу – мен үшін жауапты міндет. Алайда, бұдан бұрын да жастар ұйымдарына жетекшілік етіп, өрендердің басы бір арнаға тоғысқанда, топты бастай білген маған бұл қызмет те өз жеңілдігін берді.  

Біз негізінен төрт бағыт бойынша жұмыс істейміз. Әр бағытты сол саланы терең меңгерген, өз мамандықтарының білгірлері жүргізеді. Оның алғашқысы – көмекке зәру жастарға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету. Осы уақыт аралығында біздің қамқорлығымызға жүгінген жандардың саны жетерлік. Олардың көбі жастайынан отбасын құрып, кейін араларында нәресте пайда болған соң, түрлі себептермен шаңырақтарының шаттығын ұрлатқандары да, ішімдікке құмартып, есірткіге еліріп, есін жоғалтып жүргендері де кездесті. Біз өмірдің түрлі сынағынан үкілі үміттерін сетінетіп алмай, жастық жігерлерін жасытпай, сергелдеңсіз өтулеріне барынша дұрыс жол көрсетуге тырысамыз. Екінші, құқықтық қорғау және заңгерлік кеңес беру бөлімшесі заңды құқығы бұзылған жастардың талап-тілектерін орындайды. Өмірде неше түрлі жағдаяттар, сәтті, сәтсіз оқиғалар кездеседі ғой. Кейде сол баянсыз жағдайлардың құрбаны он екіде бір гүлі ашылмаған көкөрімдер болып жатады. Мұның барлығы білімнің, саяси сауаттылықтың таяздығынан деуге болады. Міне, осындай олқылықтың алдын алып, болдырмау үшін аталмыш бөлімшенің заңгерлері тырысып бағуда.

Ақпараттық кеңестік және әдіскерлік көмек көрсету бағытында да игі жұмыстар атқарылуда. Орталықтың қан тамыры іспеттес негізгі бөлім – жастар бастамаларын қолдау. Бұған өздерін мазалап жүрген ойларымен, мәселелерімен көбіне жоғары оқу орнын бітіруші студенттер келеді. Олардың бірі кәсіп ашуды ойластырса, соған қажетті мағлұматтарға қанықса, енді бірі тың бастама көтереді. Осы төрт бағыт бойынша жұмыс істейтін кабинетке күн сайын бас сұғып, өз тілегін қанағаттандыратын адамдардың саны қарақұрым демесек те, табалдырық құрғамайтын кездеріміз көп болады.

Орталықта жалпы саны жиырмаға жуық жас маман жұмыс істейді. Осы тұста еліміздің күнгей өңірлеріндегі Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы әріптестерім мұндай орталықтардың қырық-елу адамды жұмыспен қамтып отырғандығын айтқанда, қызығушылық танытып, жұмыс істеуге деген құлшыныс пайда болады. Әрине, ол жақпен теріскейді салыстыруға әсте келмейді. Бұған облыс жастарының қоғамдық жұмыстарға бас қатыра бермейтін салқынқандылығын қосайық.

Құрылғаннан бергі екі жыл шамасында біздің барлық аудандарда бөлімшелеріміз ашылды. Бүгінде он үш ауданда өмір сүріп отырған жастарды бір негізге ұйыстырып, айрандай ұйытып отырған орталықтың барына біз қуанамыз және ауыл жастарының ойын тыңдап, оларды назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Біздің тарапымыздан жоғары қолдауға ие олар бүгінде өздерін жан-жақты дамыту үстінде. Ауыл жастарын алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Олардың екі қолға бір күрек табулары үшін біз жұмыс беруші тараптармен түрлі келіссөздер жүргізіп, жалпы бос жұмыс орындар базасын жасауды жоспарлаудамыз.

Орталық мамандары жастар арасында орын алып жүрген құқық бұзушылықтың, жұмыссыздықтың алдын алу және басқа да әлеуметтiк мәселелер бойынша әлеуметтiк зерттеулердi өткiзуді жоспарлап отыр. Жұмысқа орналастыру және өзге де мәселелер бойынша өрендерге ақпараттық-түсiндiру жұмыстары өткiзiлiп, тұрмыс тауқыметін тартқан жас адамдарға кеңес беру қызметтері көрсетілуде.

“Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” деп атақты ғалым Ахмет Байтұрсынов айтқандай, біз қандай да бір іс-шара ұйымдастырсақ, баршамыздың ортақ Отанымыз – Қазақстанның ертеңгі жарқын болашағы жолында, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің дамуы үшін еңбек етуіміз қажет. Бірге жұмыс істейтін жалынды, белсенді буын өкілдеріне осыны үнемі айтып отырамын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемге танылып келе жатқан Қазақстанда өмір сүріп отырған жастарды болашақтың бағбандарына, қозғаушы күшке балады. Және ол ойын айғақтай келе, “Сендер, тәуелсіз Қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер!” – деп жалғастырды. Осы бір ғана сөйлемнің астарында бізге артып отырған үлкен сенім де, үміт те, мемлекеттің жасап отырған ұшан-теңіз қамқорлығы да көрініс табады. Тек, оларды өз мақсатымызға орынды, байсалдылықпен пайдалана білсек болғаны. Әрбір жас адам өз игілігі үшін сапалы білім алуға ұмтылып, кейін оны Отанының гүлденуі жолында жұмсай білсе, соқпағымыздың даңғылға айналуы дегеніміз сол емес пе? Біздің орталықтың көздейтіні де осы ұлағатты бұлжымас қағидаға айналдырып, барша жастың бойына берік орнату.

Нұрсаят СӘРКЕН,

облыстық жастар бастамалары орталығының директоры.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp